«Сарыарқаның» тұрмысқа қолайлы жаңа үйлері

 Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетаудағы «Сарыарқа» шағын ауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өткен облыстық аурухананың терапия бөлімшесінің ашылу салтанатына қатысты.

Облыс әкімі алдымен, «Сарыарқа» шағын ауданында жаңадан салынып жатқан 45 пәтерлі бес үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.  Мұндағы құрылыс жұмыстарын «Жақия»,  «Строй Тех», «Конкурс» және «Эксперт Арсенал» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қолға алған. Қазіргі кезде аталған үйлердің іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылуда. Осы орайда, облыс әкімі мердігерлерге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімінде аяқтап, тапсыратын болса, келер жылы өткізілетін тендерге қатыстырылатынын айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі осы шағын ауданда тұрғызылған жаңа тұрғын үйден баспаналы болған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Лұқпан Усин (суретте), Николай Иванов және жас отбасы Батырбек Қалымовтың пәтерлерінде болып, жаңа қоныстарымен құттықтады.
Сонымен қатар,  өңір басшысы облыс орталығының алдағы Жаңа жыл мерекесіне әзірлігін пысықтады.  Дайындық туралы осы іске жауапты «Дизайн сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қанат Жүнісов баяндап берді.  Оның сөзіне қарағанда,  биыл да Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңы мен «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында мұз қалашығы тұрғызылмақшы.  Қаланың орталық көшелерінің қиылысар тұстарында жылдағыдай мұздан жасалынған түрлі мүсіндер қойылып, саябақ,  сквер және көше бойындағы бағандар мен ағаштарға жаңа жылдық көрік беріп тұратын түрлі-түсті шамдар ілінетін болады.
Осы орайда, облыс әкімі тек қана қаланың орталығы емес, шеткі, шағын аудандарында да мерекелік безендіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
– Безендіру жұмыстарын арзан әрі әдемі етіп жүргізу қажет. Ол үшін былтырғы жылдан қалған жақсы жобаларды таңдап алып,  жаңасын қосқанымыз дұрыс әрі тиімді болады. Мереке лебі облыс орталығының шеткі аудандарында да сезіліп тұруы тиіс, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Осы күні өңір басшысы облыстық аурухананың күрделі жөндеуден өткен терапия бөлімшесінің ашылу салтанатына (суретте) қатысты. Аурухананың бас дәрігері Серік Аяғановтың айтуынша, 5 қабатты ғимаратты жөндеу жұмыстарына 252,2 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ревматология, гастроэнтерология, пульмонология, эндокринология және неврология бөлімшелеріне қажетті қондырғылар сатып алынып орнатылған. Сондай-ақ, физиотерапия, массаж және инемен емдеу, инсульт алып, сүйек жүйесіне және бас миына ота жасалғандарды бейімдеу шаралары жүргізіледі. Жоғарғы 5 қабатта офтальмология бөлімшесі орналасқан. Онда облыс тұрғындарына жоспарлы және шұғыл операциялар мен медициналық көмек көрсетіледі.
–  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында Қазақстанда барлық сала дамуда. Осы бағдарламалардың игі ықпалының арқасында біздің өңірімізде де жаңадан денсаулық сақтау нысандары ашылып, ескілері жөнделуде. Мына нысанды да дер кезінде жөндеп отырмыз. Келер жылы облыстық балалар және онкологиялық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы Абай және Тәшенов көшелерінің қиылысар тұсында жаңадан ашылған «Шафран» мейрамханасының жұмысымен де танысты. Мекеме иесі Рано Нұралиеваның айтуынша жүз отыз орындық екі қабатты мейрамханада той-томалақ, корпоративті кештер өткізілуде.

 

Аслан ОСПАНОВ

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар