Жыл тынысы

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде облысымыздың  дамуы-на қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Аппарат кеңесінде облыс әкімі алдымен, жиналғандарға өз өкімімен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалған Айна Мүсірәлімованы және Ұлттық банк төрағасының бұйрығымен осы банктің Ақмола облыстық филиалының басшысы болып тағайындалған Бектұрған Бозтериевті таныстырып өтті.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – өткен 10 айдағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров баяндама жасады. Баяндамада Ақмола облысының  өндірілген өнім көлемінің индексі бойынша республикада екінші орынға көтерілгендігі атап өтілді. Бұған өткен кезеңде 251 миллиард теңгенің өнімі өндірілгені игі ықпалын тигізген. Бұл жетістікте әсіресе, тауарлы өнім көлемін 102 пайызға жеткізген ауыл шаруашылығы саласының үлес салмағы зор. Негізінен, жалпы өнім көлемі өскенімен, жұмыс қарқынын төмендетіп алған салалар да бар. Мәселен, оған көмір өндіруді жатқызуға болады. Сондай-ақ, ЭКСПО құрылысына қажетті өнім шығару жағы әлі жеткіліксіз. Өзімізде шығарылып жатқан
КамАЗ, Вектор комбайндарын сатып алу облыс ішінде мардымсыз. Қазір КазАгроФинанс желісі арқылы комбайндар сатуды жақсартып отырған жай бар. Бір жарым айда  олардың 135-і сатылса, жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 200-ге жеткізу көзделіп отыр. Мұнымен бірге,
КамАЗ автокөліктерін сатуды ұлғайту мәселелері де қарастырылуда. Көп ұзамай іске қосылатын бірқатар ірі өндіріс орындары облыс экономикасына тың серпін береді деп күтілуде. Облыстағы   алтын айыру орындары жалпы алғанда 17 тонна алтын өндіріп, алдыңғы орындардан көрініп келеді.
Облыс әкімі өз сөзінде қай салада болсын, инвесторларға көбірек арқа сүйеу мәселелеріне тоқтала келе, Степногорскідегі подшипник зауытын мысалға келтірді. Мұнда бұрын подшипниктің 50 түрі шығарылса,  ресейлік әріптестердің арқасында 170 түрі шығарылғалы отыр.
Кеңесте жиналғандарды құрылыс саласындағы қазіргі жағдай туралы хабардар еткен облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев биыл 4 нысанның пайдалануға берілгендігіне тоқталды. Олар Аршалы ауданындағы мектеп ғимараты, Көкшетау қаласындағы №2 орта мектептің 500 оқушылық қосымша құрылысы, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылындағы №3 орта мектептің 264 оқушылық қосымша құрылысы және Степногорск қаласындағы әкімшілік  басқару орталығы. Бұдан басқа да салынып жатқан құрылыстар аз емес. Соның ішінде, 10 дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік-акушерлік пунктті де айта кетуге болады.
2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3 нысанның құрылысын жүргізуге 2,7 миллиард теңге қаржы бөлінгелі отырса, республикалық және облыстық бюджеттерден де тұрғын үй, басқа құрылыстарға бөлінетін қаржы аз емес. Осы орайда, Сергей Кулагин жобалардың дұрыс жасалуын, олардың бағасының өсе бермеуін  ескерте келе, орындаушылық тәртіптің  өз деңгейінде болуына баса назар аударды. Әрбір басқарма бөлінген қаржының толық игерілуіне тікелей жауап береді. Ал, бұл мәселе көптеген аудандар мен ведомстволарда ақсап тұр. Осындай жағдайда салық департаментінің салық пен салық төлемдерін жинауда болжамды тапсырманы 102,8 пайызға орындап, табысты жұмыс істегенін атап өткен жөн. Әлеуметтік нанның бағасын өсірмеу үшін барлық жерде осыған қажетті астықтың арнайы қоры жасалуы керек.
Мұнымен қоса, кеңесте Оразақ, Калачи елді мекендері тұрғындарын жаңа қонысқа көшіру мәселелері де тағы бір тиянақталып өтті. Осы кеңеске қатысқан Астана іргесіндегі бірқатар аудандардың әкімдері қойылған сауалдар бойынша істің жайын баяндап, нақтылы тапсырмалар алды. Сөзінің соңында жылдың аяқталуына өте аз уақыт қалғанын ескерткен облыс әкімі  кеңеске қатысушылардан осы кезеңде шешілмей жатқан мәселелерді шешіп,  жылды табысты қорытындылауға бар күш-жігерлерін салуды талап етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар