Жаңғыруға ұмтылыс – ұлттық толысу қарекеті

Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты дүниетанымдық-идеологиялық сипаттағы мақаласының жарыққа шыққанына төрт жыл толғалы тұр. Өткен жылдар ішінде осы бағдарламаның институционалдық қоры құрылып, бүгінгі таңда бұл бағдарлама халықтың өткені мен бүгінін және болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын идеялық платформаға айналды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобаларының мақсаты мен міндетіне тұрғындардың назарын аударып, азаматтық белсенділіктің артуына ықпал етуге, өзекті мәселелерді шешуге қабілетті өзара толықтырушы іс-шаралардан тұратын кешенді бағытталған нақты жобалар іске асырылуда. Былтыр Ақмола облысында біршама келелі істер атқарылып, жаңа бастамалар жол тапты. Нақты айтқанда, 800 мыңнан астам адамды қамтыған түрлі форматтағы 8 мыңдай іс-шара өткізілді.
Ұлттық құндылықтың темірқазығы – руханият екені белгілі. Ал, руханият – тарихпен, мәдениетпен, салт-дәстүрмен, әдебиетпен, әдет-ғұрыппен, тәрбиемен өлшенеді. Бүгінгі қоғамға заманауи және болашақты жақсы түсінетін гуманитарлық білікті адамдар қажет. Осы орайда мектептерде 1200-ге жуық «Тегін IT-сыныптар» ашылып, облыс орталығында мектеп жасына дейінгі балалардан бастап студент жастарға дейін ғылымға бет бұруға мүмкіндік беретін ІТ-технологиялар мен инновациялық әдістемелерді үйлестіретін бірегей алаң – «Болашақ сарайы» қолданысқа берілді.
Кез-келген қарқынды даму үстіндегі мемлекеттің тамыры һәм діңгегі болуы шарт. Яғни, тамыры дегеніміз ұлттық құндылық болса, діңгегі, өзегі – ұлттық рух. Былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жастардың жаппай оқуына ықпал етіп, қазақтың бас ақыны арқылы олардың ұлттық құндылықтарға деген оң көзқарастарын қалыптастырып, шығарманы терең түсініп, өз ойларын қағаз бетіне еркін түсіруіне мүмкіндік беру мақсатында «Біз – Абай жолындамыз» байқауы жарияланып, елуге тарта жастар роман-эпопеяның алдыңғы екі кітабын оқып шығып, өз білімдерін паш еткен болатын. Биыл «Абай жолы» романының 50 жылдығына орай осы байқау тағы да жарияланып, жастарды кейінгі екі кітапты оқуға ынталандыру жоспарланды.
«Қаламгер қазынасы» жобасымен жергілікті жазушылардың шығармаларының электрондық нұсқасы жасалып, жиырма ақын, жазушының шығармалары аудиокітап форматында шығарылып, оқырманға әлеуметтік желі арқылы таратылды. Жыл соңында Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмірлік өнер мектебім» кітабы жарық көрсе, сәуір айында аты ұмыт болуға айналған Алаш қайраткері туралы «Алаш арысы – Біләл Малдыбайұлы» және «Біләл Малдыбайұлы. Кенесары заманынан» атты екі кітапты жарыққа шығару жоспарланды.
Заманауи ақпараттық-коммуникация жағдайында және жаһандану үрдісінде мәдени құндылықтарды экспорттау, оларды сақтау мен дамытудың неғұрлым тиімді жолы болып табылады. «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында облыстың шығармашылық ұжымдары әлемдегі пандемияға қарамастан онлайн режимде Австрия, Италия, Польша, Ресей, Түркия, Біріккен Араб Эмираттары және басқа да көптеген елдерде халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі болды.
Облыстық басқармалар мен аудандық және қалалық әкімдіктердің қолдауымен кеңсе тарапынан облыс көлемінде ұйымдастырылып өткізілетін «Мен елімді сүйемін!», «Күй – өнер, өнер – өнеге», «Су күлкісі сылдырлаған», «Ертегі елінде…» «Бабалар рухы – балаларға», «Батаменен ел көгерер…», «Қозы менен Баяндай!», «Серінің сертке тартқан семсеріндей» байқаулары мен көпшілік шаралары еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қамтылуын мақсат тұтады.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында облыста 6,2 миллиард теңгеге 1121 әлеуметтік бастама жүзеге асырылды. 900 меценаттың көмегімен 37 нысан жаңадан салынып, 38 нысан қайта жөндеуден өтті. Бұлар мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, мәдениет нысандары, спорт алаңдары, жас мамандарға салынған үйлер сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар.
«Ауыл – ел бесігі» жобасының тиімділігі, «сакралды орындардың» насихатталуы, «Ұлы даланың ұлы есімдерінің» ұлықталуы, білім, мәдениет, туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстар, тың жобалар, халықаралық ғылыми конференциялар, республикалық ақындар мүшәйрасы, айтыстар, дәстүрлі әншілердің, театрлардың фестивалі, кітаптардың жарыққа шығуы, ескі тарихи жәдігерлердің табылуы – мұның барлығы қоғамдық сананың жаңғыруы.
Заман талабы жаңарып жатқандықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жыл өткен сайын құрылымы өзгеріп, оны жүзеге асыру үшін жаңа талаптардың пайда болуы заңдылық. Жастардың, өскелең ұрпақтың жаңашылдыққа құмар екені белгілі. Өскелең ұрпақтың ұлттық рухты, ар-ұятты, намысты, әдепті ішкі жан дүниенің темірқазығына айналдыруы үшін мақсатты түрде әрекет ету қажет. Осы мақсатпен өңірлік жобалық кеңсе тарапынан құрылған «Замандас», «Он дерек», «Ізгілердің ізімен», «Сіз білесіз бе?», «Ақмола облысының таланттары», «Жақсылардың көңілі алтын сандық», «Ұяда не көрсең…» жобалары былтырдан бері тұрақты түрде әлеуметтік желіде жарияланып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылғандай ғасырлар қойнауынан бастау алып, тіршілік атауының жаңаруы идеясына негізделген, сондай-ақ тойлану дәстүрі қалыптасқан мереке – Нау-
рыз мейрамының идеологиялық әлеуеті орасан зор. Бүгінде Наурыз – жалпыұлттық бірлік мерекесі, табиғатты аялау, жақсылық пен қайырымдылық жасау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілетін ізгілік мерекесі болып отыр. Осы орайда кеңсе тарапынан жасалған «Жеті ата», «Қара шаңырақ», «Ырыздық», «Беташар», «Жиенқұйрық», «Бәсіре», «Ашамай», «Киіз басу», «Береке» тақырыптарындағы бейнероликтер Наурыз мейрамының құндылығын арттыра түсері сөзсіз. Қоғам тарапынан мақсатты материалдарға деген қызығушылық та жыл санап артып келеді, өйткені, былтыр кеңсенің ресми парақшасына тіркелген жазылушылардың саны бір мыңға да жетпесе, биыл он мыңға жетті.
Ақмола облысында туризмді дамытып, көрікті жерлерін, тарихи орындарын кино саласында насихаттау мақсатында «Бурабай аспаны» жобасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ұлтаралық татулықты нығайтатын, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін «Балықшылар», «Паспорт», «Мұңайма, клоун» және «Терапия» атты қысқа метражды фильмдер қазақ, орыс, ағылшын тілінде түсіріліп көрерменге жол тартты. Өңірлік кеңсе тарапынан жыл қорытындысы бойынша атқарылған жұмысты саралай келіп бағдарламаның арнайы жобалары бойынша өткізілген қомақты шаралардың басын қосып 20 минуттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – жаңа қырынан» атты деректі-ақпараттық фильм жасалды.
Сонымен қатар, жыл бойы Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында игерілген әдіс-тәсілдер мен жинақталған тәжірибелерді қалыптастыру және тарату мақсатында Өңірлік жобалық кеңсе ағымдағы жылда іске асырылған жобалар бойынша 50 беттік әдістемелік жинақ әзірлеп шығарды. Үш жылдан бері қоғамның әр саласын қамтыған «Рухани Ақмола» журналы жарық көруде.
Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық жаңғыру кезеңіне өтіп, жұмысты ілгерілету мақсатында Жол картасы даярланды. Онда қоғамдық сананы жаңғыртуға, ұлт сапасын арттыруға, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға бағытталған келелі жобалар топтастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – көп жылға жоспарланған, нәтижелі жұмысты талап ететін нақты бағыт-бағдар, ұстаным. Қазіргі таңда негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Біріншісі – тұлғаны дамыту, екіншісі – ұлттың дамуы, халықаралық позициялау, ал үшіншісі – мемлекет, азаматтық қоғам және жергілікті қоғамдастықтарды дамыту. Ендігі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың рухани ізденісінің барометрі болу керек. Себебі, бұл біз үшін де, болашақ үшін де аса қажетті дүние. Яғни, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі – білімді, бәсекеге қабілетті, елжанды, ұлтжанды, ана тілін ардақтайтын, әдебиеті мен мәдениетін құрмет тұтатын, тарихын тани білетін, жанжақты саналы азамат болмақ. Бұл кешенді тәсіл барлық мемлекеттік және қоғамдық өзгерістердің трендіне, әрбір қазақстандықтың өмірлік мақсатына айналуы тиіс.

Марал ЖАҚЫПОВА,
Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар