Тәртіп – тәрбиеден

 

Жайлаубек ХАЛЫҚҰЛЫ,
Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.

 

Қазіргі мына алмағайып заманда адам баласы өзінің күнбе-күнгі тіршілігінің күйімен жүріп жатқаны бар. Айнала қайнап жатқан өмір. Сол қайнап жатқан өмірдің күнгейі мен көлеңкесіне зер салар болсақ, ойланар да, ойлантар да тұстардың аз еместігін сезесің. Әсіресе, бүгінгі күні қылмыс әлемінің небір жан түршігерлік көріністері саналы көңілді селт еткізсе етті. Көшеде жүрген қылмыскерді былай қойғанда, өз анасын өзі өлтіріп кету, өзі туған баласын өзі әлдебіреулерге сатып жіберу, аузындағы ана сүті кеуіп үлгермеген сәбилерді зорлау сияқты әрекеттер бой алуда. Әрине, кез келген қылмыспен күресу және оған қарсы тұру –
құқық қорғау органдарының міндеті. Бұл орайда, полиция қызметкерлеріне үлкен әрі жауапты міндеттер жүктелгендігі де айқын.

 

Қылмысқа қарсы заңдық тұрғыдан күресумен бірге біздің де кей-кейде түрлі адамдармен де сөйлесіп, пікір алысып, ойланысар кездеріміз аз болмайды. Қылмыс неге азаймай отыр, жастар неге қатал болып барады деген мәселелер төңірегінде ойласулар кезінде көбінесе «тұрмыс ауыр», «жұмыссыздық» деген сөздер көбірек ауызға алына бастады. Әрине, бұл пікірлердің де жаны бар екендігін жоққа шығармас едім. Алайда, қазіргі уақытта отбасылық тәрбиенің әлсіреп кеткендігін ешкімнің де айтқысы келмейді. Әр бала ең әуелі өз ата-анасының құндылығы. Сол құнды дүниесін әркім мәпелеп өсірумен бірге, оған жан-жақты адами тәрбие беруге, еңбекке баулуға міндетті. Бұл мен ашып отырған жаңалық емес. Әлмисақтан келе жатқан қағидат осы. Алайда, бүгінгі күні қылмыс жасап жатқандардың арасында «тойып секіріп жүргендер» де, «тоңып секіріп жүргендер» де кездесетіндігі тағы да жасырын емес. Осы «тойып секіріп» қылмыс жасағандар тобына қарай отырып, талдау жасағанда, солардың бәрі де бала кезінде еркелік пен емен жарлықтың арқасында, былайша айтқанда, «әй деп» ешкімнің де бетінен қақпай өсірген жалқылары болып келеді. Бала кезінде өз үйінде өзін еркін сезінген солар, енді келіп қоғамда да өздерін еркінбіз деп кей-кейде ойларына келгендерін істеп жатады. Олар әлі де өз ата-аналарының ықпалына сенеді. Бәрін де ақшаға сатып ала аламыз деген жаман бір пиғыл бар саналарында.
Міне, осы тұрғыдан келгенде, баланың санасына сен үйде жалғыз болғаныңмен, айналаңда өзге де адамдар бар, қоғам бар дегенді айтпайтындығымыз аңғарылады. Баяғыда үлкендеріміз «үй сыртында кісі бар» дегенді бекерге айтпаған болар. Сол үй сыртындағы кісінің, яғни қоғамның алдындағы жауапкершілік жайын баланың санасына ең әуелі өз ата-анасы сіңіріп, айта білулері керек. Мен бұл жайды, яғни бала тәрбиесін қылмыстың алдын алу шарасының ең бір маңызды буыны деп танимын. Әрине, кез келген ата-ана өз баласын адам болсын, жақсы болсын деп тәрбиелеріне күмәнім де жоқ. Дегенмен, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілік жайын әр отбасында да өз бала шағасымен ойласып отыру қажет
осы күндері.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біздің болашағымыз – жастар. Біз жастарды жаңа өмірге бейімдей білуіміз керек», – дегенді айта отырып, әр қазақстандыққа үлкен ой салған болатын. Ал, сол жастарды Елбасы айтып отырған «жаңа қоғамға бейімдеу» ең әуелі отбасының міндеті болса керек. Өйткені, халқымызда «тәрбие бесіктен басталады» деген ұғым бар. Сол бесіктен басталар тәрбиенің түпкі мәні отаншылдық болуға тиісті. Ол үшін әркім, ең бастысы, өз еліміздің тәуелсіздігінің қадірі мен қасиетін толық сезіне алуға тиісті. Өз еліңнің тарихын, халқыңның тілі мен салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын тереңірек білуге барынша көңіл бөлінгені жөн. Өйткені, әр халықтың мұратты мүддесіне қол жеткізу, ол көбінесе, өзінің рухани байлығын игеруге байланысты болмақ.
Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Тараз қаласында өткізілген ұлы жиында Елбасы «Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұраты бар, елі бар, бабалары жазған ұлы тарихы мен ұрпағы бар, көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – ұлы халық. Сол халықтың тұңғыш басшысы болу бақыты маған тигеніне тәубе деймін», – деп айтқан толғамды ой-пікірі біздің әрқайсымыздың санамызды жаңғыртуға тиісті деп білемін. Өйткені, Елбасы айтып отырған ұлы халықтың бүгінгі ұлы мұраты Мәңгілік Ел болуды ойлай жүру бүгінгі де, келер ұрпақтың да борышы болуға тиісті. Мәңгілік Ел болу сияқты ұлы мұрат жауапкершілігі әр отбасылық құнды-лықтардың біріне айналуы керек. Тәрбие өзегі де осы болуы қажет. Міне, біз өз ұрпағымыздың тәрбиесін осы негізде үйлестіре білсек, жас ұрпақтың бойында отаншылдық, ел мен халық алдындағы жауапкершілік қасиеттердің дари түсетіндігіне күмән болмауға тиісті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз өз тәуелсіздігін алған кезеңдерден бері құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселесін ұдайы назарында ұстап келеді. Олай болатыны, құқықтық мемлекет құрудағы және оны орнықтырудағы біздің басты мақсатымыз еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайту мүддесімен байланысып жатыр. Адамдардың бостандықтары мен құқығын қорғау, қылмысқа және құқық бұзушылыққа қарсы күресу құқықтық мемлекеттің басты міндеті болса, сол құқық қорғауға міндетті органдардың өздерін заңдық тұрғыдан қаруландыру жағы да жыл сайын жетілдіріліп отырғандығы қуантады. Бұл орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың арнайы бағдарламасы бойынша одан әрі реформалар жүргізудің қажеттілігін алға тартқан болатын. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін реформалаудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, қазір ол ойдағыдай жүзеге асырыла бастады.
Еліміздің құқық қорғаушылық заңнамасын жетілдіру аясында ең әуелі «Қылмыстық кодекс», «Қылмыстық-атқару кодексі», «Қылмыстық іс жүргізу кодексі», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі» жаңадан жасалды. Сонымен бірге, «Ішкі істер органдары туралы» және «Жол жүрісі туралы» заңдар да қабылданып, бұлардың барлығы да құқық қорғау жүйесін одан әрі сапалық жаңа деңгейге көтеруге оң ықпал ете бастады. Құқық қорғаушылар өздерінің қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершіліктерін де, өздерінің міндеттерін де айқын сезінулеріне әсер етті.
Заманның бүгінгі даму үрдісіне заңның да қабілеттілігі сай болуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің еліміздің құқықтық жүйесі заңдық тұрғыдағы нормалармен өте жақсы қамтамасыз етілген. Бұған сүйеу, дәлел бола алатын Елбасының 100 қадамнан тұратын Ұлт жоспары аясындағы «Халыққа есеп беретін қазіргі заманғы мемлекет» тарауы бойынша елімізде заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған 19 қадам бар. Сол қадамның бірі негізінде қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру көзделіп отыр. Парламент ендігі арада Ішкі істер министрлігінің құрамына елеулі өзгерістер енгізетін заң жобасын қабылдады. Бұл қазақстандықтардың құқықтарын қорғауға жасалған тың қадам және де елімізде қоғамдық тәртіпті одан әрі нығайтуға, қылмысқа қарсы тұрудың ықпалын күшейтуге, ұсақ құқық бұзушылықты жоюдағы жергілікті полиция қызметінің рөлін арттыруға зор ықпалын тигізері анық.
Біз заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған ендігі жұмыстарымызды ұрпақ тәрбиесімен бірге ұштастыра жүргізуге тиістіміз. Жас ұрпақ саналы болып жетілсін деген ой мен мүдде өзегінде әркімнің өз елінің заңына құрметпен және сеніммен қарау қағидаты жатуы керек. Еліңнің заңын құрметтеу сол еліңді құрметтеу екендігін айтар едім. Әрине, қоғам болғаннан кейін қылмыс болмай тұрмасы анық. Қазіргі уақытта ішкі істер органдары қылмыстың алдын алуға қажетті небір озық үлгідегі техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіле бастады. Мысалы, біздің облысымыздың орталығы Көкшетау қаласындағы көшелерге 1403 бақылау камерасы орнатылды. Бұл камералар жедел басқару орталығы арқылы бақыланады. Осы бақылау камераларының көмегімен 90 қылмыс ашылып, 12423 құқық бұзушылықтың алды алынды.
Кез келген шендегі полиция қызметкері сол өзі қызмет ететін ел мен жердің халқымен біте қайнасып, солардың жөн сілтер бір ақылшысына, қолұшын берер көмекшісіне айналып, сенімдерін ақтауға тиісті. Ол үшін біз жергілікті тұрғындармен жиі кездесіп, пікірлесіп, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдауды ұдайы ұйымдастырып отыруға тиістіміз. Жыл басынан бері менің өзім халықпен отызшақ-ты кездесу өткіздім. Азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдау жүргізуімнің барысында айтылған 72 өтініш бойынша нақтылы жұмыстар қолға алынды. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың, жергілікті өкілетті орындардың өкілдерімен, мәселен, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депуттарымен пікірлесуге де айрықша мән беріп жүрміз. Мұндай кездесулер өткізіп тұруды ішкі істер департаментінің түрлі қызметтер басшыларынан да, қалалық және аудандық деңгей-дегі полиция басшыларынан да талап етудеміз. Бұл полиция қызметкерлерінің халықтың заңдық мүдделеріне қызмет етуге деген жауапкершілігін күшейте түседі.
Бүгінгі Қазақстан дамыған, әлем таныған өркениетті мемлекеттің бірі болып отыр. Алдымызда әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену және де Мәңгілік Ел болу міндеті тұр. Өз басым осыны ойлаймын да, Елбасының: «Табысқа тоқмейілсімей, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – біздің ұрпақтың парызы. ХХІ ғасырдың сын-қатеріне төтеп беріп, ең дамыған елдердің біріне айналу біздің ортақ жауапкершілігіміз. Біз халқымыздың қаһармандық тарихын жасампаздық тарихына ұластырдық. Әлемдегі дамыған 50 елдің сапына еніп, қазіргі күні ең қуатты 30 елмен иық тіресуге бет алдық. Рухы биік, еңсесі тік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Елдің мәртебесі асқақ болуы үшін бізде бәрі де бар. Ендеше, барды бағалап, дамыта білейік», – деген аталы сөзін әрдайым санамызда сақтасақ деймін.
Шынында да, барды бағалай білейік те, қазақстандық қоғамның беріктігі мен тыныштығын, еліміздің бірлігі мен ынтымағын көзіміздің қарашығындай сақтайық. Біз сол тыныштықты қорғауға да, сақтауға да әрдайым әзірміз. Ел тыныштығы – әр шаңырақтың тыныштығы. Бұл – баршамызды толғандыратын жай.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар