Бірлесіп күрескенде ғана жеңеміз

Сыбайлас жемқорлық Қазақстан Республикасы экономикасының қазіргіден де жедел дамуына үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі болып табылады. Оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік орган басшыларының, қатардағы мамандардың, жалпы айтқанда, ел азаматтарының аса маңызды міндеті болып табылады. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қоғамымыздың барлық саласына дендеп енген жемқорлықтың жолын бөгеп, оның зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі.
Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың  ғана міндеті емес, сонымен қатар, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы. Мемлекеттік органдарда еңбек етіп жүргендердің өзгенің тағдырына, жұмысына салғырт қарауы, жылы креслода жайғасып отырған шенеуніктердің тойымсыздығы, қарапайым анықтама алу үшін шеті мен шегі жоқ кезек  пара алу індетін туындатып келгені белгілі. Оның үстіне қарапайым халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте біліктілік жетіспейді. Және бір айтарлығы,  мұндай ауыр кеселді тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен жеңе алмаймыз. Жемқорлықты бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады.
Біздің басқармамен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қолданылуда. Мәселен, кадрларды іріктеу бойынша жұмыстар жанданып келеді, мемлекеттік қызметшілер облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік қызметшілерді  қайта дайындау және біліктігін арттырудың аймақтық орталығында жүргізілетін сабақтарға ұдайы қатысып отырады. Үстіміздегі жылы аталмыш орталықта басқарманың 18 қызметкері  тәлім алды. Басқарма басшысы мен оның екі орынбасары Астана қаласының мемлекеттік басқару академиясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес идеологиясын қалыптастыру: ақиқаты және келешегі» тақырыбы бойынша біліктіліктерін арттырды.
Басқарманың ресми сайтының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» атты жеке парақшасында 2015-2017 жылдарға арналған жоспар мен мемлекеттік сатып алулар туралы есеп, сондай-ақ қаржылық қаражаттарды пайдалану бойынша қабылданған шешімдер туралы ақпарат пен өткізілген мемлекеттік сатып алулар нәтижелері орналастырылды.   
Тағы бір тоқтала кететін жайт, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 24 түрін көрсетеді. Соның ішінде 11 қызмет агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қатысты болса, 10 қызмет рұқсат құжаттарын беруге, екеуі анықтамалық ақпарат беру және қалғандары тіркеуге байланысты қызметтер болып табылады. Аталған қызметтерді «электронды үкімет» веб-порталы арқылы да  алуға болады. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету кезінде айқындылықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге жағдай жасайды.
   Қазіргі таңда елімізде қараша-желтоқсан айлары аралығында отансүйгіштік, әділеттілік құндылықтарын насихаттап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыруға бағытталған «Адалдық – отансүйгіштіктің негізі» атты айлық өтуде. Осыған байланысты іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес, біздің басқармада  да білікті мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілігі,  табыс және мүлік түралы салық декларациясын тапсыру тәртібі туралы семинарлар өткізу жоспарлануда.  
Айта кетейік, басқарманың барлық мемлекеттік қызметшілері табыстары туралы анықтаманы уақытында тапсырып тұрады. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін орындау жұмыстары мекеме басшылығының  жіті назарында. Азаматтар кез-келген уақытта 90-30-04 нөмірін теріп, біздегі «сенім телефонына» хабарласа алады.
Ел аузында «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген қанатты сөз бар. Сондықтан да, құлқынның қамын ойлаған кейбіреулердің теріс әрекеті бүкіл ұжымға кері әсерін тигізбеуі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе күрескеніміз дұрыс.
Дәулет ЕСҚАҚОВ,
Ақмола облыстық  
ауыл шаруашылығы басқармасы
әкімшілік бөлімінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар