Қаламымен өмірдің ортасында

Иісі мұсылман қауымы үшін «пайғамбар жасы» деген қасиетті ұғым болып саналады. Ислам дінінің негізін қалаушы Мұхаммед ғалейкиссалам 63 жасында дүниеден өткен екен. «Пайғамбар жасы» түсінігінің тәуелсіз еліміздің ер азаматтары үшін де алатын ерекше орны бар. Осы жаста ер азаматтар зейнет демалысына шығады.

Яғни, Өмір бойы істеген жұмысының зейнетін көретін кезең бұл. Оқырмандарға есімі жақсы танымал, сонау кеңес заманында алғашқы журналистік қадамын радиодан бастап, кейінірек жаңадан құрылған тәуелсіз басылым «Бұқпада» әділдік іздеген әлсіздерге болысып, шырылдаған шындықты жазып, жұртшылықтың алғыс-құрметіне ие болған, қазіргі күні облыстың бас басылымы – «Арқа ажарында» бөлім басшысы болып жемісті еңбек етіп жүрген Рамазан Баяқұлы Тілеуов те пайғамбар жасына келіп қалыпты. Бұл – адам үшін өткеніне ой жүгіртіп, не бітірдім, не тындырдым деп жеткен жетістіктері мен алған асуларын ой сарасынан өткізетін орайлы кезең. Ал, Рамазан Баяқұлының ауыз толтырып айтар жетістіктері, алған асулары баршылық.
Мен Рамазанмен 2009 жылдың наурыз айынан бері қатар қызмет етіп келемін. Бұрын тәуелсіз «Бұқпа» газетінде істеп жүргенінде сырттай танып, кездескенде амандасқанымыз болмаса, жіті араласқан емес едік. Бір газетте, бір бөлімде қызмет ете жүріп, Рамазанмен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Оның бойындағы ең жақсы қасиеті – еңбекқорлығы. Иә, Рамазан компьютердің алдында тапжылмай сағаттар бойы отырып, жұмыс істеуден шаршамайтын. Өзгелер жұмыс арасында шаруаларымен шығып кетіп, кейде жай әңгіме-дүкен құрып жүргенде де Рамазан тапжылмай компьютермен жұмыс істеп отырар еді. Оның бойындағы екінші бір жақсы қасиеті – барлық кеңес адамдары сияқты жауапкершілігі десе болады. Өзіне берілген тапсырманы орындап тастағанша тыныштық таппай, жан-жаққа телефон соғып, тапсырмасын орындауға елден бұрын кірісер еді.
Рамазан әкімдермен де, түрлі дәрежедегі шенеуніктермен де емін-еркін сөйлесіп, қажетті мәліметтерін оңай алатын. Осы арада радиода істеген дикторлық дауысының да біраз көмегі тиетін болса керек.
Ол «Арқа ажарына» ауысқан 2009 жылдан бері газеттің ең ауыр және жауапты саналатын бөлімі – экономика бөлімінде табан аудармай еңбек етіп келеді. Өкінішке орай, қазақ журналистерінің көбі экономика тақырыбына қалам тартудан қашқақтайды. Өйткені, бұл қиын да, күрделі тақырып, бос сөзге, қызыл тілге көнбейді, нақты цифрлармен, деректермен жұмыс істеуді қажет етеді. Ол үшін жергілікті жерлерге іссапарларға шығып, еңбек адамдарымен жүздесіп, олардың өз ауыздарынан жұмыс жайын естіп-білу, қажетті мәліметтерді алу керек болады. Рамазан да осыған орай, іссапарларға жиі шығатын. Ол облыс басшыларымен аймағымыздың барлық өңірлерін аралап, жер-жерден өзі көрген, куәсі болған жайлар туралы көп ақпараттар беріп жүрді. «Арқа ажарының» өткен жылдардағы тігінділерін ақтарып қарасаңыз, Рамазанның жер-жерден жазған ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, экономика тақырыптарындағы материалдарын оқыр едіңіз. Егер сол жазғандарын басын қосып, жинақтар болса, қалың кітапқа жүк болғандай.
Кеңес заманында көпшіліктің сүйікті картинасына айналған «Москва көз жасына сенбейді» фильмінің бір кейіпкерінің «Қырық жаста адам өмірі енді ғана басталады» деген сөзі бар ғой. Сол сияқты, қазіргі ер азаматтар үшін де «Пайғамбар жасы» ақыл-ойы толысып, білім-тәжірибесі молайған нағыз жұмыс істейтін шағы десе, артық айтқандық болмас. Ендеше, бар саналы өмірін еңбекпен өткізіп келе жатқан Рамазан Баяқұлы Тілеуов үшін де «Пайғамбар жасы» білімі мен біліктілігін, тәжірибесін ел игілігіне одан әрі жұмсай беруге мүмкіндік берер белесті кезең боларына сенемін.
Қалкөз ЖҮСІП.

«Арқа ажары» газетінің ұжымы әріптесіміз Рамазан Баяқұлы Тілеуовты зейнеткерлік жасымен құттықтай отырып, деніне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығы мен бала-шағасының қызық-қуанышын көруіне тілектестігін білдіреді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар