Батаменен ел көгерер…

Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің Наурыз мерекесіна орай ұйымдастырған «Батаменен ел көгерер…» атты облыстық онлайн байқауы өз мәресіне жетіп, жарқайыңдық Сәрінжіп Ақзамиденов жеңімпаз атанды.

Бата – қазақ халқының ауыз әдебиетімен, дінімен біте қайнасқан игі дәстүрлерінің бірі. Кез-келген істі бастар алдында Алладан рақым тілесе, үлкеннен бата сұраған. Қазақ – артында өнегелі өсиеттері қалған айтулы абыздар мен әділ билігімен есімдері елінің есінде сақталған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сынды тарихи тұлғалардың баға жетпес баталарымен сусындап өскен халық. Сондықтан, батаны жұртымыз қариядан, абыз ағадан, өнегесі мол үлкеннен сұраған. Сол себепті, бұл байқау  ел ішінде аузы дуалы, батагөй, қазыналы қариялар мен ақсақалдарды таныту, «Бата беру» дәстүрінің үздік үлгілерін насихаттау мақсатында өткізілді. Айте кетсек, батагөйлер байқауы облыстық деңгейде ең алғаш 2017 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен болатын. Сайыстың ауқымы кеңейіп, жалғасын табуы көңіл қуантады дейді осы орайда Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл.
Байқауға облыстың 16 ауданы мен Степногорск, Көкшетау қалаларынан 100-ден астам ер-азамат қатысты. Батагөйлер байқауында Көкшетау, Степногорск қалалары мен Целиноград, Егіндікөл, Ерейментау, Астрахан, Біржан сал, Бурабай, Зеренді, аудандарының ақсақалдары аса белсенділік танытты.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Жарқайың ауданынан қатысқан Сәрінжіп Ақзамиденов жеңіп алса, жүлделі екінші орынды Біржан сал ауданының тұрғыны Аязби Қарабөкен иеленді. Ал, үшінші орын егіндікөлдік Балшық Бияданұлына бұйырды. Сонымен бірге, бурабайлық Белгібай Хасенов, целиноградтық Тұрган Жұмбин, степногорлық Оспан Кәдіров ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
–Жер-жерде қазыналы қарияларымыз бар. «Есігіңнің алдында биік төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» дейді. Шынымен де осы байқау барысында керемет қазыналы қарияларды көріп, құлақтың құрышын қандыратын баталар тыңдадық. Осы батагөйлер байқауында 80-нен астам бата айтылды. Соның ішінде тұщымды, танымдық, асыл тілектер жинақталып, баталар жинағы шығарылады, – дейді «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсенің басшысы Марал Жақыпова.
«Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деп дана халқымыз айтқандай, берілген баталар қабыл болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсенің басшысы Марал Жақыпованың байқау жүлдегері Оспан Кәдіровке жүлде тапсырып тұрған сәті.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар