Арғымақ мінез Алашпыз

Ат базарда

Атамменен ілесіп ат базарға,
Келіп кірдік көңілім тартпаса да.
Гараждағы ер-тұрман қағып-сілкіп,
Жаяу кеттік сол күні қапқа сала.

Илеуінен бейне бір құмырсқаның,
Тауып жатыр кейбіреу туысқанын.
Бауырына қысады-ай, жарықтықтар,
Өткен жолы ұмытып суысқанын.

Көрші Жәкем жеткендей бір қыр асып,
Амандасты атаммен шұрқырасып.
«Насыбай да жоғалды» дейді бір қарт,
Менен шылым сұрап ап бұрқыратып.

Қораш болып тұрса да көзге мейлі,
Мінездер-ай, ешқашан өзгермейді.
Әзілдессе жүзінен шуақ төгіп,
Бір сақалға бір сақал «жезде» дейді.

Лыпып қаның әп-сәтте өзгеріп ең,
Ата, сендер қыранның өздері ме ең?!
Алай-түлей сонда мен от көріп ем,
Сығырайған шалдардың көздерінен.

Көңілдердің еншісі бақ сынасқан,
Желпіндірдің жыр құмар астын аспан.
Думан тойдың қонағы шығар бәлкім,
Күн күледі тұғырдан тапжылмастан.

Дал боласың көргенде базарға кеп,
Құлагерлер қалайша жасарған деп.
Сатам деген бірі жоқ, әйтсе дағы,
Шет қалмасын тілейді назардан тек.

Жетегінде қара шал дүлдүл өтті,
Базар іші керемет гүр-гүр етті.
Толқынындай тарихтың буырқанған,
Тоқым жаттым санама бұл суретті.
Сын артқан ба жылқышы қауымынан,
Мін табады біреуі сауырынан.
Қалшылдайды-ай қара шал намыс қысып,
Төбелессіз кетсе игі сауығыңнан.

Тарқатпасын білгендей ел думанды,
Тіршіліктің құндағы – Жер қуанды.
Ойында жоқ ат алу атамыздың,
Үйге қайттық арқалап ер-тұрманды.

Содан бері кеудемді көкке тіреп,
Бұлқынатын секілді өзге жүрек.
Неге ғана мазасыз болып алдың,
Ат базары жанымның өрге сүйреп?

Тұсау салған кәрілік күздей ме екен?
Құрсаса да үмітін үзбейді екен.
Жетісінде бір келер ат базардан,
Қайран шалдар бір-бірін іздейді екен.

Тұлпар туралы баллада

І
Құстай ұшар қанатты,
Атам атын жаратты.
Қамыс құлақ құлагер,
Дүйім жұртты қаратты.

Сәйгүлікке сай дене,
Сыннан өтсе, жай деме.
Сүйсінетін биыл бір,
Қосамын деп бәйгеге.

Күз де өтіп тіптен тез,
Жиын-терім біткен кез.
Келіп жетті мінекей,
Көптен бері күткен кез.

Желпінтіп бір көңілді,
Күннен шуақ төгілді.
Шопан тойға жиналды,
Айыртаудың өңірі.

Елге мұра өнерді,
Кім айтады, көнерді?
Думан тойдың халайық,
Туын асқақ көтерді.
Күрестіріп балуан,
Сын басталды алуан.
Кетті қалқып күміс күй,
Кеңістікті жарып ән.
ІІ
«Құлағың сал, халайық,
Бәйге жолға барайық.
Туды сағат бақ сынар,
Атың болса ылайық».

Шабармандар жар салды,
Айдап салып бар малды.
Қылаң құйрық құлагер,
Шабысына таң қалды.

Сенім жүгін білдіріп,
Қолға жүген ілдіріп.
Көршіміздің баласын,
Қоя бердік міндіріп.
«Отыр, бала, нық атта,
Өзгелерді шыдатпа.
Қызбалыққа салынып,
Құлап қалма, бірақ та!».

Қолдай көр деп аруақ,
Қалды атам жадырап.
Құстай ұшты бала да,
Кекілдері жалбырап.

Атамыздың бағы ма?
Желік кірді жанына.
Ағып өтті құлагер,
Ілестірмей шаңына.

Шапқан сайын еліккен,
Аумайды ат еліктен.
Әттең, бала тақымы,
Босап кетті неліктен?!

Кедергі көп жалғанда,
Жету қиын арманға.
Құлап түсті балақан,
Төрт айналым қалғанда.
ІІІ
Құлап түсті балақан,
Ат жоқ оған қараған.
Зымырады-ай жануар,
Бәйге үшін жаралған.

Нала қонып жанына,
Көзден жасы ағыла.
Озып келді құлагер,
Екі айналым тағы да.
Жұрт толқыды ал гулеп,
Не деген бұл ат гүл деп.
Төрешілер жүгірді,
Ережеге жат бұл деп.

Бітіп қамыс құлағы,
Өртеп намыс буады.
Құрық салып жігіттер,
Қақпақылдап қуады.

Қос жанары жанғандай,
Жынданып ат алғандай.
Шұрқыраған даусынан,
Адам естен танғандай.

…Қаптап басы сұраққа,
Шапты сосын қыратқа.
Өксіп-өксіп құлагер,
Жылап тұрды жырақта.

Бақберген Амалбек,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар