Бешбармақ

 

немесе көнбіс қазақты тағы бір қорлау

 

Асхананың ішінде екі кісі тамақ ішіп отыр екен. Біреуі тіршіліктің тауқыметі қажытқан, иегінен сама-йына дейін безеудің дағы қаптаған, еңсесі еңкіш тартқан, жанарындағы оты өлмеусіреген қазақ, екіншісі сыртқы бітімі, кескініне қарағанда еуропалыққа да ұқсайтын, аздап азиатқа да келетін, нәсілі белгісіздеу біреу. Рұқсат сұрап қастарына жайғастым. Таңертеңгі мезгіл еді. Бос тұрған үстелдер көп. Басқа жерге неге отырмадың дегендей егде қазақ аңтарыла қарады.  
– Астарыңыз дәмді болсын, – дедім мен. Қарымта лепес қайтарылмады. Үн жоқ.
– Асхананың атауын оқыдыңыздар ма? – деп қайра сұрадым.
– Онда не депті? – деді егде қазақ.
– Я знаю, бешбармак, – деді жастауы, – каждый день келеміз. Жақсы болып тұр.
Ендігі ісім егде қазақпен болды.
– Ақсақал, – дедім мен, – қазақта бешбармақ деген сөз жоқ қой. Бізді өзгеден өнері артық, парасаты мол, кісілігі мен кішілігі қай өлшемге салса да қаптал жететін Алаш жұртын әжуа ету үшін, әжуа емес, қорлау үшін, мәдениетсіз, тағамын қолымен жейді деп мазақтау үшін ойлап шығарған сөз.
– Маған бәрібір, – деді ештеңемен ісі жоқ жаңағы
қазақ, – қарным тойса болды.
Енді асхананың қожайындарын іздедім. Әуел баста өзге жұрт, басқа нәсіл шығар-ау деп топшылағанмын. Қадірі қашқан қазақтың тілін төрден босағаға тағы бір сүйреу үшін, онсыз да жығылып жатқанда жұдырық ұру үшін қойған болар-ау деп есептеп қойғанмын ішімнен. Сөйтсем, өзіміздікі екен. Өз туысым, өз қаным. Кәсіпкер Райхан Төребекова. Асханада болмай шықты. Аспазшы Ақнұрдың асхананың атауындағы шаруасы шамалы. Асы дәмді піссе болғаны да.
Бұл асхана Көкшетау қаласының Астанадан кіреберіс жолында, яғни, Уәлиханов көшесінің бойында, дәл
«Бурабай» спорт сарайының іргесінде тұр. «Бурабай» спорт сарайына келімді-кетімді кісі көп. Солар Көкшетаудағы қазақтың тілін, ділін, өзін қорлап тұрған, әр әрпі сойылдай-сойылдай осы жазуды көрмей ме. Көрсе, айтпай ма?  Елдігі жоқ екен демей ме?!. Атам қазақ ас дейтін, қонақасы ішіп кет дейтін, ас дайындайық дейтін. Бешбармақ деп айтқан жері жоқ еді. Осы бар ғой, атауларды бір ізге түсіру үшін жаңа дүкен, асхана, тағы басқа ғимараттардың атауын әділет басқармасына тіркететін жерде қара танитын бір қазақ отырса, жетіп жатыр ғой. Қазақта бешбармақ деген сөз жоқ, ойбай!..

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар