Радикалдық ағымның қауіп-қатері мол

Бурабайдағы «Самал» шипажайында Ақмола облыстық дін істері басқармасы  мен  Конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығының  ұйымдастыруымен  «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу іс-шараларын ұйымдастырудың әдістері мен түрлері» деген тақырыпта оқыту тренинг-семинары болып өтті.

Бұл шараға  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, солтүстік облыстардың дін істері басқармалары басшылары, Ақмола облысының аудандары мен қалалары әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің жетекшілері және басқа да мүдделі ұйымдар өкілдері қатысты.
Екі күнге созылған оқыту семинары пленарлық және практикалық отырыстар арқылы күн тәртібіндегі мәселені әр қырынан қаузады. Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі  Дін істері комитетінің бас сарапшысы Бауыржан Шериазданов  кіріспе сөзбен ашқасын, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат  бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров –  «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудадағы  ҚМДБ-ның рөлі», Ақтөбе қаласындағы  «Аңсар» консультативтік-оңалту орталығының директоры Асқар Сабдин – «Діни ағым өкілдерімен жұмыс жүргізудің жекелеген қырлары»,  Қарағанды қаласындағы «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Сыздықов  
– «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы жұмысты жүргізудің ерекшеліктері» және «Науан Хазірет» мешітінің найб имамы, теолог  Дінмұхамет Сманов  – «Исламдағы дәстүрлі емес ағым мүшелеріне мекенжайлық алдын алу жұмыстарын жүргізу» деген тақырыптарда баяндамалар жасады.
Онда діни экстремизм мен терроризм қаупінің жаһандық сипат алуы  мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне де әсер етпей қалмайтыны баса айтылды. Осы орайда, елімізде осыған мүдделі мекемелермен қандай іс-шаралар атқарылуда деген мәселе кеңінен талқыға түсті. Бұл мәселе ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Зайырлы мемлекет болғанымызбен дінді бөлектеуге біздің қоғамымызда орын жоқтығы айтпаса да түсінікті жай. Себебі, елімізде конфессияаралық ынтымаққа айрықша көңіл бөлініп отыр.  Ұлттық құндылықтар негізінде діни сананы қалыптастыруда маңызды болып табылады.
Ата дініміздің тарихынан алшақ қалған кейбір қандастарымыз радикалдық идеология ықпалына түсіп,  теріс ағымдардың арбауында қалып отырғанын да жоққа шығара алмаймыз. Олай болса, діни экстремизмнің алдын алу баршаның ортақ ісі. Бұдан ешкім сырт қалуға тиіс емес.  Сөз алған шешендер де осы жайға көбірек тоқталды. Қазіргі таңда бұл теріс ағымдармен күресудің  іс жүзіндегі  практикалық жұмыстары да  қатысушылар назарына ұсынылды.
Ал, оқыту семинарының практикалық бөлімінде  Ақмола облыстық дін істері басқармасы жанындағы  Конфессияаралық қатынастарды дамыту  және талдау орталығының  мамандары  тақырыптық  шаралар өткізді.  Атап айтсақ, исламның дәстүрлі емес ағымындағы әйелдер және отбасылық тәрбие  жайы кеңінен талқыланып,  жат ағымнан арашалап қалудың  келелі мәселелері қозғалды.
Одан әрі  «Тарих және дәстүр» тақырыбында интеллектуалдық ойынмен жалғасын тапты.  Осылайша теориялық және практикалық негізде  теріс ағымның жетегіне кетпеудің амал-тәсілдері жұрт назарына ұсынылды.
Семинардың қорытынды бөліміне арнайы келіп қатысып, сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин экстремизм мен терроризмнің қаупі жайлы түсіндіру жұмыстары уақыт талабына сай жүргізілуі керектігін атап көрсетті. Себебі,  дін өте күрделі де, нәзік сала болып табылады. Сондықтан, онымен күрес алдын алу шараларымен шектелмесе керек.  Қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық және саяси ахуалға да жете мән берген жөн. Бізде шыны керек, адам теріс ағымның жетегіне түскесін ғана оны арашалап қалуға көңіл бөлінеді.  Алдын алу жұмысы адамдардың мұндай ағымдар арбауына түспеуі үшін діни сананы қалыптастыру арқылы үгіт-насихатты  жандандыру негізінде көрініс табуы керек екендігі де  баса айтылды.
Көрші облыстардан келген дін істері  басқармаларының жетекшілері де өз өңірлері бойынша жағдайды әңгімелеп, тәжірибе алмасудың маңызды тұстарына тоқталды. Ал, күн тәртібіндегі мәселе бойынша сауалдар қойылып, ұсыныстар да айтылды.
Шара соңы   Ақмола облыстық дін істері басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған үздік ақпараттық-насихат топтарының жұмысына байланысты байқау  жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасты. Сөйтіп, Бурабай ауданының ақпараттық-насихат тобы үздік деп танылды. Ал, қалған екі орын Степногорск қаласы мен Есіл ауданының насихатшыларына бұйырды.  Бұдан басқа әр аудандық насихат тобының үздік мүшелері де анықталып, барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бақыт СМАҒҰЛ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар