Шот-Аман Ыдырысұлы УӘЛИХАНОВ

«Арқада жер жетпейді Бурабайға, ертеде қоныс болған Абылайға» деп ақын Мағжан жырға қосқан қазақтың ұлы ханы Абылайдың ұрпағы, Мемлекеттік Елтаңба авторларының бірі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат», «Алтын қыран» ордендері мен «Тарлан» сыйлығының иегері, біздің даңқты жерлесіміз – Шот-Аман Ыдырысұлы Уəлиханов дүниеден озды.
Шот-Аман (Шота) Ыдырысұлы Уəлиханов 1932 жылы 26 сəуірде Көкшетау өңіріндегі Айыртау ауданының Сырымбет ауылында дүниеге келген.
Талантты сәулетші өз ғұмырында еліміз бен халқымыздың көптеген ардақты тұлғаларының ескерткішін жасады. Елімізде өзінің ерекше сəулетімен көз тартар талай бір тамаша ғимараттардың авторы болды. Мысалы, Шот-Аман Уәлихановтың қолынан шыққан Нұр-Сұлтан қаласындағы Кенесары Қасымұлы, Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы, Ерейментаудағы Бөгенбай батыр, Шығыс Қазақстан облысындағы хакім Абай мен Шəкəрім, Алматыдағы Шоқан Уəлиханов, Дина Нұрпейісова, Əліби Жангелдин, Тоқаш Бокин, Ғани Мұратбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Талғат Бигелдинов, Жұмағали Саин, Тайыр Жароков, Тахауи Ахтанов, Əбу Сəрсенбаев, Дінмұхамед Қонаев, Тілес Қажығалиев, Құрманай Омарова, Нұрғали Тасмағамбетов, Шафик Чокинге арналған туындылары дарынды да біртуар талантты сәулетшінің мәңгілік қолтаңбасы болып, сүйсіндіре берері анық.
Сонымен бірге, 1993 жылы Жандарбек Мəлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың бірлесіп жасаған еліміздің басты рәміздерінің бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының біздің мемлекетіміздің тарихынан алар қастерлі орны бар.
Сан қырлы талантты жанның соңынан сәулет туындыларымен бірге, тамаша әдеби мұралары да қалды. Шот-Аман Уәлихановтың жазған жырлары мен драмалық және тарихи туындылары халқымыздың рухани мұрасына зор үлес болып қосылды.
Біз жерлестері Шот-Аман Уәлихановтың өзінің туған жеріне деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігін де жоғары бағалаймыз және ұмытпаймыз. Асыл да ардақты жанның бейнесі өз жерлестерінің есінде мәңгі сақталатын болады.
Ақмола облыстық әкімдігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар