Жемқорлықпен күрес – баршаның ортақ міндеті

Таяуда елімізде сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы ашық келісімнің 14 бабына сәйкес алғашқы талқылау болып өтті.

Ашық келісім орталық аппараттан тікелей көрсетілім бойынша тыңдалып, оған заңды тұлғалармен қатар, елге белгілі қайраткерлер, мәдениет саласының қызметкерлері қол қойып, бұл іске белсене араласты. Мұндай шараны бірлесіп қолға алудағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлық көріністерімен көп болып күресу, алдын алу және ең бастысы, осы жұмыстағы ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету.  Осыған орай, агенттік «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бұқаралық ақпарат құралдары, кинематографиялық ұйымдар, мәдениет қайраткерлерінің рөлі» деген тақырыпта селекторлық пікір алысу алаңын ұйымдастырып, оған Ақмола облысының өкілдері де қатысты. Агенттіктегі мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу департаментінің басшысы Әли Көмекбаев жүргізген шара барысында Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянко, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Алмас Жұмағалиев, «Хабар» арнасының жүргізушісі Ирак Елекеев, Қазақстан ғаламтор қауымдастығының президенті Шавқат Сабыров және басқалары өз ой-толғамдарын білдірді. Ашық келісімге қатысты облыстардан, соның ішінде біздің облыстан да ұсыныс-пікірлер айтылды.  Алдағы уақытта бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында үздік журналистік жұмыстарға, әлеуметтік бейнеролик, деректі фильмдерге байқау жариялау, кітаптар шығару, ғаламтор арқылы әлеуметтік сауалнама жүргізу, «Адалдық алаңы» сайтын дамыту және өзге де шараларды ұйымдастыру көзделуде.
Осыған орай, Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қолға алған сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау және осы індетке қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы ашық келісімге қосылушылар қатары көбейіп отыр. Бұл туралы аталмыш агенттіктің Ақмола облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, тәртіптік кеңес төрағасы Қуаныш Жапақовтың төрағалығымен дөңгелек үстел болып өтті.
Бұл шараға облыстағы мәдени мекемелер басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларын жандандыру және оған төзбеушілік сананы қалыптастыру жөнінде келелі пікірлерін ортаға салды. Ел дамуына кері әсерін тигізетін сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы мақсатты жұмыстар одан әрі жандана түседі деген үміттеміз.

 

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар