Рухы биік ұлы тұлға

Таяуда Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Алаштың ұлы ғалымы Қаныш Сәтпаевтың өмірі мен ғылыми еңбегін насихаттауға бағытталған мазмұнды шара өткізілді.

Сөз жоқ, Қаныш Имантайұлы жан-жақты талант иесі, жалғыз жаратылыстану немесе химия саласы ғана емес, әдебиетіміз бен мәдениетімізге де ұлан-ғайыр еңбек сіңірген адам. Ғалымның ұшқыр ойы, тапқыр сөзі кейінгі ұрпаққа аңыз болып тараған. 1947 жылы кеңес делегациясының құрамында Англияда болған кезінде Қаныш Сәтпаев пен Уинстон Черчилль арасындағы әңгіменің өзегі кейінгі жасқа үлкен үлгі-өнеге. Уинстон Черчилль Қаныш ағаға барлай қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қаныш аға: «О, жоқ, халқым менен де биік!» – деп жауап берген екен. Міне, қысқа да нұсқа берілген жауабынан Қанағаңның халқына, ұлтына деген шынайы сүйіспеншілігін айқын аңғаруға болады.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының құрметті геологі Берды Бекмағамбетов, әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбек, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова, облыстық «Жас Ұлан» ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Закиров және басқалары қатысып, ұлы ғалымның ұлағатты еңбегі жайлы мазмұнды сөз қозғады. Облыстық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен ғалымның өмірі мен қызметі жайлы «Ғылым шырағын жаққан» деп аталатын көрме жасақталды. Жиын соңында ұлтымыздың кемеңгер перзенті Қаныш Сәтпаевтың ғұмыр жолын айшықтауға, ғылыми еңбектерін насихаттауға негізделген эссе жазудан облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар