Көктайғақ

мұз қатқан жол, көп тайғақ

Соңғы үш күн бойы Арқадағы ауа райы күрт жылынып, кәдімгі көктемдегідей жылға-жылғамен қызылсу жүре бастады. Оның үстіне сіркіреп жауын жауды. Қырсық қызылсумен ере келді. Үскірігі бет қаратпай, қақап тұратын қарашаның соңында жауын жауғанды кім көрген?

 

Әншейінде момақан саналатын қой жылының көрсеткен қыры шығар-ау. Ауа райының өзгеріске түскені соншалық, қырда киік қырылған биылғы жылдың беталысын болжап білу тіпті мүмкін еместей.
Облыс орталығының тұрғындары буыны бекімеген балалар құсап апыл-тапыл басып жүр. Орталық көшелердің өзінде сірескен мұз. Алғаш қар түскенде автокөлік, жаяу жүргіншілер жүретін жолдарды күреп тазалап тастағанда дәл мұндай болмас еді. Тобығын тайдырып, қабырғасын қаусатқандар қаншама?
– Кешегі күні 90 адам жарақат алып, бізге келді, – дейді облыстық аурухананың жарақат бөлімінің дәрігері Мұратбек Бекмұғамбетов, – көктайғақ алғаш басталған күні жетпістен астам адам әртүрлі дене жарақатын алған болатын. Бүгін де бірінен соң бірі дүмеп келіп жатыр. Арасында қарт адамдар да бар. Осыған орай, қаладағы қозғалыс туралы бір ауыз сөз айта кетуге болар. Адамдардың денсаулығын сақтау үшін. Қала көшелеріне, әсіресе, адамдар көп жүретін жолдарға құм немесе тұз сеуіп қойса ғой.   
Дәрігердің айтуы шын. Қырдағы жағдайды кім білсін, дәл облыс орталығында ара-тұра кейбір жол қиылыстарына құм шашылғанымен, қауырт қимылды көре алмай отырмыз. Бұл облыстық аурухананың көмегіне жүгінгендер, ал, қалалық емхананың хирургі Бауыржан Қаскеевтің айтуына қарағанда, көктайғақтан мертіккендердің саны үш-төрт есе өскен.
Қала сыртындағы тас жолдар жабылды. Бірнеше бағытта. Бекеттерде жүк көліктері, автобустар және жеңіл машиналар иен тіресіп тұр. «Тұлпар-9» бекетінде сексеннен астам машина жиналып қалса, «Тұлпар-10» бекетінде де дәл осындай көрініс орын алған. Жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін бірнеше бекеттер ұйымдастырылған. Облыс аудандарында 27 техника жұмыс істеуде. Дегенмен, көктайғақтың салдарынан оқыс оқиғалар да орын алуда. 23 қараша күні таңғы сағат тоғыздан аса Астана-Петропавловск бағытында «Тойота» автомашинасы «КамАЗ» жүк машинасымен соқтығысты. Зеренді ауданындағы Қарсақ ауылында да бір автомашина көпірден құлап кетті. Осы ауданға қарасты Айдаболда да жол-көлік оқиғасы орын алды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Елдің есіне қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін тағы бір салу үшін.
Көктайғақ адамға ғана емес, қырдағы малға да қыруар зиянын тигізуі әбден мүмкін. Малмен көзін ашқан қариялар қазір ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары ағаш бауырындағы беті мұздап қатқан қасат қарға борана салып, әйтпесе, қуатты техникамен қарды сырып тастау керек деп отыр. Ту бие, құтпан айғыр болмаса, тай-жабағы тұяғын алдырған соң тілін тістеп, аш қалуы да мүмкін. Абай болыңыздар, ағайын!

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар