Жалпы өнім көлемі өсе түскен

 

Ақмола Медиа орталығында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының бүгіні мен болашағы жайлы  баяндады.

 

Облыс республикада өндірілетін астықтың 23 пайызын, сүт пен еттің 7 және 6 пайызын өндіретін аграрлық-өндірістік өңірлердің бірі. Биылғы жылғы он айдың қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 228 миллиард теңгені құрады. Облыс бойынша соңғы жылдары басымдық берілген дақылдардың егіс алқабын кеңейтуге бағытталған ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру жұмысы жүргізілуде. Бұл талап егіншілік және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу өндірісі көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Өңірде соңғы үш жылда тұрақты астық алу беталысы байқалады.
Биыл агроөндірістік кешені саласында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіліп, 4 миллион 632,7 мың тонна астық алынды. 1,6 миллион тонна шөп, 126,5 мың тонна пішендеме, 95,9 мың тонна сүрлем дайындалды. 138,5 мың тонна майлы дақылдар, 261 мың тонна картоп, 56,7 мың тонна көкөніс жиналды. Қазіргі жағдайда агроөндірістік кешеннің дамуы ауыл шаруашылығы ғылымымен тікелей байланысты. Өндіріске қазіргі заманғы ғылыми еңбектерді енгізу өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға оң ықпалын тигізеді. Соңғы жылдары ғалымдар жоғары сапалы астық алудың және шығынын азайтудың, топырақтың құнарлылығын қалпына келтіріп, сақтауды қамтамасыз етудің және дәнді дақылдарды нөлдік технологиямен өсірудің жолдарын тапты. Бұл технологиялар өңірдің егістік алқаптарында қолданылуда. Биылғы жылы дәнді дақылдар барлық егістік алқабының 75 пайызына ылғал сақтағыш технологиясымен себілді. Бұл технологияның тиімділігі мен оң нәтижесін  озық шаруашылықтар дәлелдеп отыр. Мұндай кәсіпорындар жыл сайын мол өнім алады. Керісінше, кейбір шаруа қожалықтарының экономикалық жағдайлары  нашар. Агротехникалық шараларды дұрыс жүргізбейді.
Ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісінде жоғары сапалы тұқым сіңірудің маңызы зор. Өңір келесі жылдың егісінің тұқымымен толық қамтамасыз етілді. Машина-трактор паркін жаңартпай, барлық дала жұмыстары кешенін уақытылы әрі қажетті агротехникалық деңгейде жүргізу мүмкін емес. Осы орайда, қазіргі заманғы егіс кешендері мен астық жинайтын комбайндар сатып алуға назар аударылады. 2011 жылдан бері облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері 2,8 мың өнімділігі жоғары техниканың түрлерін сатып алған. Агроөндірістік кешен дамуының басымдық бағытының бірі – мал шаруашылығы саласы. Мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста барлық мал түрлерінің басы мен өндірісінің тұрақты өсуі байқалады. Биылғы жылдың он айында барлық мал түрлерінің басы 11 пайызға, құс саны 17 пайызға өсті. Ет пен сүт өндіру көрсеткіші 3 және 10 пайызға, жұмыртқа 33 пайызға көтерілді. Облыста асыл тұқымды ірі қара басын көбейтетін 19 шаруашылық құрылды. Сөйтіп, жыл өткен сайын асыл тұқымды малдың саны көбейіп келеді. Бүгінгі таңда мал бордақылайтын 7 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, жергілікті ірі қара малды будандастыру арқылы асыл тұқымды мал алу жұмыстары жүргізілуде.
Өңірде ет өңдейтін 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның үшеуі өндірген өнімдерін экспортқа шығарады. Биылғы жылы 700 тонна етті экспортқа шығару көзделген. Астана мен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басымдықтарының бірі – сүт өндіру және сүт өңдеу. Сүт өндірумен 25 тауарлық сүт фермасы, сүт өңдеумен 14 кәсіпорын айналысады. Барлық кәсіпорындар қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталғандықтан, өнім ішкі және сыртқы нарықта бәсекелестікке қабілетті. Құс шаруашылығы саласын дамытуда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Өңірде құс етін өндіру арттырылды. Астана қаласының азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету шеңберінде өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз өнімдерін Астананың сауда сөрелеріне ұсынуда. Биылғы жылы Астана қаласын сүт өнімдерімен 45 пайыз, ет өнімдерімен 49 пайыз, ұнмен және жұмыртқамен 100 пайыз қамтамасыз еттік. Ауыл шаруашылығы саласында биылғы жылы көзделген жоспарды орындау жалпы өнімнің өсуін қамтамасыз етеді.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар