Өнеркәсіп саласында оң өзгерістер бар

 Өткен бейсенбі күні Ақмола Медиа орталығында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Берік Мұстафиннің жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында  өнеркәсіп саласындағы тоғыз айдың жұмысы сараланды.

  Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өнеркәсіп саласының қосар үлесі зор. Бұл жөнінде брифингте басқарма басшысы кеңінен айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, облыс бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 251,3 миллиард теңгені құрады. Тауар өнімінің нақты көлем индексі де 106,1 пайызға жетті. Ал, тау-кен өндіру өнеркәсібінде нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 97,3 пайызға төмендеп отыр. Бұл құрамында алтын бар концентраттар өндірісі көлемінің азаюына байланысты болып отыр. Сонымен қатар,  басқа да металл емес минералды өнімдер өндірісі саласында, оның ішінде кірпіш өндіру көлемінің төмендегені байқалады. Мұндай олқылыққа Ресейден арзан өнімдердің жеткізілуі себеп болған. Қазіргі кезде жағдай тұрақталып, бір арнаға түсуде.
Кәсіпорындарға келетін болсақ,  «Степногорск СПЗ» акционерлік қоғамындағы подшипниктер шығару өткен жылдың тиісті кезеңінің деңгейімен салыстырғанда 62,8 пайызды құрады. «Қамқор-Локомотив» серіктестігінің Атбасар электровоз жөндеу зауытының филиалы бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айында тауарлық өнім көлемі  4093,2 миллион теңгеге жетсе, «КАМАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы 469 жүк автокөлік жинаған. Мұнда да Ресейден жеткізілген жүк көліктерінің көптігінен отандық өнімге деген сұраныс кеміген. Қазіргі кезде  бұл мәселе оң шешімін тауып,  жағдайдың дұрысталып келе жатқаны байқалады.
Дегенмен, басқарма басшысының баяндамасында айтылғандай, өндірістің кейбір салаларында оң өзгерістер де баршылық. Ал, азық-түлік өндірісі мен химия өнеркәсібінде өнім көлемі көбейіп  отыр.  Сондай-ақ,  алтын өндіруде еліміздегі ірі компания саналатын «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жыл басынан бері өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндіру көлемінің 55,8 пайызға ұлғаюы байқалады.
Басқарма басшысы өз сөзінде Индустрияландыру картасы шеңберінде қолға алынған жобаларға тоқталды. Облыстың Индустрияландыру картасына жалпы құны 618,4 миллиард теңгені құрайтын, 12465 тұрақты жұмыс орны бар 89 жоба енгізіліп отыр. Оның ішінде осы күні барлығы 52 жоба іске қосылып, 5,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Бұл бағыттағы жұмыс индустрияландырудың екінші бесжылдығында одан әрі жалғасын таба бермек, деп сөзін қорытындылаған басқарма басшысы соңынан журналистердің қойған сауалдарына тұшымды жауап берді.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар