Ұстаз бен шәкірт

Танымал жазушы, прозашы, публицист, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Герольд Бельгердің есімі жалпы, халқымыз үшін қаншалықты жақын, ыстық екендігін айту артық деп ойлаймын. Жастайымыздан Герольд ағаның деректі, көркем шығармаларын, тарихи туындыларын қызыға оқып өстік.

Герольд аға Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінде оқыған жылдары оқу орнына Мәлік Ғабдуллин басшылық еткен. Адамның қоғамда алатын орнына, қызметіне, шығу тегіне, туған-туыстығына, ұлтына қарамастан көмек сұрап келгендердің қай-қайсысын болсын, қанатының астына ала білген Мәлік Ғабдоллаұлының мейірім шуағына бөленген  Г.Бельгер ұлағатты ұстазымен таныстығы жайлы 2002 жылы «Прос-
тор» журналының №1 санында жарық көрген «Текті тұлға» атты сүйіспеншілік пен құрметке толы мақаласында былай деп жазады:
«…1954 жылдың қыркүйек айы. Ол Совет көшесі, 32-інші үйге орналасқан ҚазПИ жатақханасындағы алқам-салқам жұпыны бөлмеге күтпеген жерден кіріп келді де, Э.Ласкердің ескі оқулығындағы шахмат партияларына талдау жасап отырған мені байқаған бойда:
–Ал, қане, Керей,  ойнап жіберейік, – десін. Мен аң-таңмын.
Ол жөнінде мектеп қабырғасында жүргенде «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары» дейтін кітаптан «Батыр Мәлік» атты поэманы, соғыстағы ерліктері хақында көптеген хабар, мақалалар оқығанмын. Ауыл баласының ұғымында ол дегеніңіз аңызға бергісіз, қиял-ғажайып іспетті батыр-тын. Бүгінде фольклоршы-ғалым, филология ғылымдарының  кандидаты, доцент, институт директоры. Кіндік қаны Көкшетауда тамғандықтан, менімен жерлес десе де болғандай. Мінеки, сол келбетті, толқынданған қап-қара шашын шалқайта тараған, тамаша костюм, мәуіті шляпа, мүйізді қалың көзілдірік киіп, галстук таққан, мұқият қырынып, сыланған  Мәлік Ғабдуллин суық жатақханаға кенет кіріп келеді де, менімен бейне ескі танысындай, ашық-жарқын сөйлесе кетеді…
–Кәне, Керей, батылырақ қимылда! Жүр! Жүр!..
… «Керей» деп ол мені шамасы Гера атыммен үндесетіндіктен айтса керек.
…Институтқа үлкен машақатпен түскенмін. Ол жылдары немістерді жоғары оқу орындарына жолатпауға тырысатын. Ондай қиындық жалғыз немістер емес, репрессияға ұшырап, «сенімсіз» саналатын шешен, ингуш, грек, поляк, тағы басқаларына да ортақ болатын. Менде паспорт та, арнаулы комендатураның рұқсаты да жоқ-ты. Қиқарлығым ұстап, Алматыға келісімен комендатураға есепке де тұрмағанмын.
1948 жылғы жарлық бойынша мұндай қылық үшін жаза қатаң. Ал, мені институтқа  «жатақхана берілмесін» деген шартпен алған. Сол тұста «мақта» науқаны басталды да, студенттерді Мақтааралға айдап, мен мұнда солардың анау-мынау, мүлкіне қарауыл есебінде қалғанмын. Бұл сырым енді міне, басқа емес, директордың өзіне белгілі болды. Шаңымды бір-ақ қағып, жатақханадан қуатын шығар деймін.
   Бірақ, бәрі керісінше болды. Екі апта өтер-өтпесте деканатқа шақырып, жатақханадан заңды түрде орын берілетінін айтты. Бұл керемет – менімен жуырда шахмат ойнаған жоғары мәртебелі директордың арқасы екенін ұқтым…».  
«Мен қаншалықты неміс болсам, соншалықты қазақпын да» деген өмірлік ұстанымынан айнымай, өз ұлтының да, қазақ халқының да патриот ұлы болған абзал жан, Қазақстан Республикасы Президентінің «Бейбітшілік пен рухани татулық» сыйлығының лауреаты Герольд Карлович Бельгердің қазасы халқымыз үшін ауыр соққаны анық. Ұлт игілігіне аянбай еңбек етіп, тіл, дін, салт-дәстүрімізге шынайы жанашыр бола білген Гер-ағаның адами болмысы, өнегелі өмірі кейінгі ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Сондықтан да, біз үшін орны ерекше Мәлік ағамыз екеуіне де «Қазақтың ірілері-ай!» деп тамсанбасқа, толғанбасқа қақымыз жоқтай.  
Күнсұлу МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ,
М.Ғабдуллин музейінің
аға ғылыми қызметкері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар