Қоғамымызда алатын орындары ерекше

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ІV-ші Еуразиялық Әйелдер Саммиті болып өтті. Осыдан 20 жыл бұрын құрылған Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы еліміздегі білікті де белсенді, көзқарастары айқын қыз-келіншектердің басын қосып, Қазақстандағы әйелдердің алғашқы Үкіметтік емес ұйымына айналды.

  Әйелдерді кәсіпкерлікпен айналысуға, қоғамдық-саяси жұмыстарға тарту, оның ішінде стратегиялық шешім қабылдай алатын қызметтерге тағайындалуға мүмкіндік беретіндей гендерлік теңдікке қол жеткізуді мақсат етіп қойған қауымдастық ол үрдістен көріне білді деуге әбден болады.
Қауымдастықтың құрылғанына 20 жыл толуына орай, өткізілген Еуразиялық Әйелдер Саммитін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Рес-
публикасы Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова ашты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева, «Единая Грузия» демократиялық қозғалысы» партиясының жетекшісі Нино Бурд-жанадзе және басқа да танымал тұлғалар жиналғандар алдында сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдірді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, осыдан 20 жыл бұрын ашылған кезде аталмыш қауымдастық алдына ең алдымен жеке кәсіпкерлікпен айналысатын, мемлекеттік қызметтерде, сондай-ақ, экономиканың барлық салаларында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге жан-жақты қолдау көрсету, олардың құқықтарын қорғау мәселелерін басты мақсат етіп қойған еді. Бұл әрине, айтуға ғана оңай шаруа. Ал, шын мәнінде, көптеген кедергілерді жеңуге тура келді. Сонымен қатар, алғашқы кезде біраз көмек-қолдау қажет болғандығы да рас.
Бұл орайда, Іскер әйелдер қауымдастығының әлемге әйгілі «Шеврон» компанииясымен әріптестік қарым-қатынасқа қол жеткізе алғандығын ерекше атап өтуге болады. Алғашқыда «Шеврон» компаниясының қолдауымен қыз-келіншектерді іс жүргізу, компьютерді меңгеру, бухгалтерлік есеп мамандықтарына оқыту қолға алынды. Кейіннен жұмыс ауқымы кеңейді. Атап айтар болсақ, 2009-2013 жылдар аралығында екі мыңнан астам әйел бизнес негіздері, маркетинг, бухгалтер мамандықтарын игеріп шықты. Бүгінде қауымдастық еліміздегі және шетелдердегі әйгілі компаниялармен, мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан, әріптестік жағдайда жұмыс істейтін беделді де белгілі ұйымға айналды.
Қауымдастықтың жұмысы қарқын алған кезден-ақ бастап бұл ұйымға Үкімет назары да ауа бас-тады. Мұның бәрі әрине,  тарих қойнауында қалды. Бүгінде Іскер әйелдер қауымдастығы еліміздің барлық облыстарында  филиалдары жұмыс істейтін, әйелдерге қатысты көптеген проблемаларды оң шеше алатын беделді ұйымға айналды. Қауымдастық қазіргі кезде көптеген шетелдік әлемге әйгілі ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, Англия, Біріккен Араб Әмірлігі, Испания, Италия, Қытай, Германия, Малайзия, Түркия және басқа да мемлекеттердегі Әйелдер ұйымдарымен әріптестік қатынастар орнатып, тәжірибе алмасуды, түрлі форумдар мен Саммиттерге қатысу дәстүрге айналған.
Астана қаласында өткен төртін-ші Саммит аясында «Даму» қоры-мен бірлескен «Нұрлы жол – жаңа мүмкіндіктер» атты конференция  ұйымдастырылды. Онда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тұрғысында сала-сала бойынша пікір алмасулар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы және басқа да мемлекеттік бағдарламалар тұрғысында тренингтер өткізілді. Сондай-ақ, қазақстандық кәсіпкер әйелдер үшін арнайы даярланған «Бизнес диагностикасы» жобасының да жиналғандар үшін өте пайдалы шара болғандығы шындық.
Жалпы, мұндай басқосулардың  бизнеске ден қойған, кәсіпкерліктің қыр-сырын енді меңгере бастаған қыз-келіншектер үшін өте маңызды екендігі дау тудырмайды. Әсіресе, мұнда бизнестің «жілігін шағып, ма-
йын ішкен» кәнігі кәсіпкерлермен қатар, шағын бизнестерін енді бастаған әйелдердің жүздескендіктерін ескерсек, тәжірибе алмасуға, ой бөлісуге үлкен мүмкіндік туғандығы хақ.
Саммит аясында «Бизнестегі әйелдер – қазақстандық 20 бренд» атты отандық тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Бірден айта кетелік, онда көрсетілген тауарлардың бәрі де әлемдік стандарттарға сай екендігі даусыз. Ал, ондағы кейбір азық-түлік тауарларына келетін болсақ, олар экологиялық таза өнім болғандықтан, қандай да болсын бәсекелестікке төтеп бере алады деуге әбден негіз бар.
Саммитте сөз алған Германияның Баден-Вюрттемберг жеріндегі Қазақстан Республикасының құрметті консулы Доротея Халлер-Дайбле Қазақстан Іскер әйелдері қауымдастығымен бірлесе атқарған жұмыстарына тоқтала келе, аталмыш қауымдастықтың Қазақстан экономикасын алға бастыруға қосқан үлесі қомақты бола түсеріне сенім білдірді.
Жалпы, Раушан Сәрсенбаева жетекшілік ететін Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының осы жылдар аралығында атқарған істері шынында да мақтауға тұрарлық. Оның айғағы ретінде бүгінде еліміздегі бір миллионнан астам жеке кәсіпкердің 42 пайызын әйелдер құрайтындығын айтуға болады. Қауымдастық сондай-ақ, қыз-келіншектердің мемлекеттік қызметтерде, сайланбалы органдарда да өздерінің лайықты орындарын алуларына кең қолдау көрсетеді. Бүгінде  бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді деуге болады.
Астанада өткен Саммитке еліміздің барлық облыстарынан 400-ден астам делегат қатысты. Олардың бәрі де бизнесте, мемлекеттік қызметте және экономикамыздың басқа да салаларында өздерін білікті де білімді, іскер де ұйымдастырушылық қабілеттері мол нәзік жандар екендігін көрсете білгендер.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар