Өңірлерде оң өзгерістер көп

 Өткен бейсенбі және жұма күндері облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград, Қорғалжын және Егіндікөл аудандарында болып,  бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысына назар аударды, сондай-ақ, аудан активтерімен кездесу өткізіп, он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарларды жүйеледі.

  Өңір басшысы алдымен, Ақмол ауылында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан 45 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылысына назар аударды. Құрылыс жұмыстарын қолға алған мердігер «ЗаводСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рашид Төлебаевтың айтуына қарағанда, негізгі құрылыс аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жарық,  жылу беріліп,  коммуникация жүйесі тартылған.
Осы орайда, облыс әкімі мердігерлерге осы аптада аталған үйдің құрылысын толығымен аяқтауды тапсырды.
– Бұл үйден топан судан зардап шеккен Оразақ ауылының тұрғындарына пәтер берілетін болды. Сондықтан, аталған үйдің құрылысын тез арада аяқтауымыз керек. Бір ескеретін жайт ертең үйді тапсырғаннан кейін қайтып оралмау үшін әрбір ұсақ-түйек шаруалардың барлығын ұқыптылықпен сапалы орындаған дұрыс, – деді өңір басшысы.
Осы орайда, облыс әкімі Сергей Кулагин аудан басшылығына Ақмол ауылындағы жаңа үйден баспаналы болатын тұрғындардың тізімін бірер күн ішінде анықтауды тапсырды. Бұл жерде басымдық ауылдық жерлерде тұруы қиын жалғызбасты Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер мен зейнеткерлерге берілмекші.
Сонымен қатар,  Оразақ ауылында да екі пәтерлі жүз үйдің құрылысы аяқталатын күн алыс емес.  Қазіргі кезде дайын болған үйлерге тұрғындар біртіндеп қоныстандырылып жатыр. Аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің сөзіне қарағанда 196 отбасы баспаналы болған.
Одан әрі өңір басшысының жұмыс сапары Қорғалжын ауданында жалғасты. Онда Екпінді ауылындағы «AgroExportLTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. 2009 жылы «Зеңгі Баба» деп аталған шаруашылық кейін 2011 жылы «AgroExportLTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгертілді. Серіктестік ет бағытындағы симментал, қазақтың ақбас сиыры мен жергілікті ірі қараны бордақылаумен айналысады. Бүгінгі таңда серіктестіктің мал қорасында екі мың бас ірі қара мал семіртілуде. Семіртілген мал негізінен Сабындыдағы ет комбинатына өткізіледі.
–  Осы уақытқа дейін 180 тонна етті экспортқа шығардық. Жыл соңына дейін 300 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, – дейді серіктестік басшысы Серік Рақымбаев.
Сонымен қатар,  серіктестік биылғы жылдан бастап мамандарға үй салуды да қолға алып отыр. Шаруашылық жұмысына оң бағасын берген облыс әкімі өңірде мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктің мол екенін атап өтті.
Ал, Арықты ауылындағы шағын ғана «Нұржамал» шаруа қожалығында 220 бас қазақтың ақбас сиыры мен 10 жылқы бағылуда. Сондай-ақ, бұлар  2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды 100 бас ангус қашары мен 5 бұқа сатып алған. Шаруашылық басшылығы алдағы уақытта мал шаруашылығын одан әрі дамытуды көздеп отыр.
Осы күні облыс әкімі Арықты орта мектебі, Біртабан ауылындағы «Балмырза» ат спорты кешенінде болды.  Соңғысында туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ауыл маңындағы Біртабан өзенінде мұз үстінде балық аулаудан жарыс өтуде. Өңір басшысы  шараға қатысып,  балықшыларға сәттілік тіледі.
Астана қалалық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің ұйымдастыруымен 20-шы рет өткізіп отырған жарысқа Астана қаласы мен Ақмола облысының әр өңірінен келген 20-ға жуық балықшы қатысуда.
– Жарыс ережесі қарапайым. Кімнің аулаған балығы көп болса, сол жеңімпаз. Қатысушылар мұзды ойып, қармақтарын салған бойда уақыт белгіленеді. Берілген уақыт 3 сағат, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов.
Облыс әкімі  Қорғалжын өңіріндегі сапарын аудан орталығында қорытындылады. Мұндағы этно-туризмді дамытып отырған жеке кәсіпкер Бибінұр Аманжолованың қонақ үй қызметі мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген аудандық аурухананың жағдайына назар аудара келе,  аудан әкімдігінде қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрмыстық,  әлеуметтік мәселелер бойынша келген тұрғындардың сауалдарына құлақ түрді. Сонымен қатар,
аудан активіне қатысып, Қорғалжын ауданының биылғы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі аудан әкімі Қайыр Рыскелдиновтың есебін тыңдады.

Актив соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан бірқатар азаматтарды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Сонымен қатар,  өңір басшысы Егіндікөл ауданының Бауман ауылындағы негізгі мектеп, «Бауманское-07» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сыйымдылығы 60 мың тоннаны құрайтын элеваторы мен мал шаруашылығы кешенінің жұмысына назар аударды. Серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесуде.
Қазіргі кезде,  серіктестікте 911 бас қазақтың ақбас сиыры бағылып жатса,  оның 244 басы құнажын. Сонымен қатар,  мұнда 109 жылқы,  181 қой, 74 шошқа бар. Шаруашылықта 20 адам еңбек етеді. Жалақылары да жаман емес, орташа 65,5 мың теңге көлемінде.
«Жыл басынан бері жалпы құны 6,1 миллион теңгені құрайтын 12,1 тонна ет Астана және Көкшетау қаласына жеткізілді. Дәл осындай көлемдегі ет аудан  тұрғындарына сатылды, – дейді серіктестіктің бас директоры Нұрлан Жайықов. Осы орайда,  облыс әкімі серіктестік басшыларына мал басын көбейтуді тапсырды.
–«Бауманское-07» серіктестігіндегі мал шаруашылығын көріп,  аудандағы жағдай қандай деңгейде екенін байқауға болады. Өңірде мал шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан,  аудан түптеп келгенде Көкшетау қаласымен бәсекелесе алады.
Ол үшін әрине,  бұл бағытта табысты жұмыстар жүргізу маңызды.  Сондықтан,  аудан әкімі мен серіктестік басшысына осы бағытта нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырамын, – деп атап өтті облыс әкімі өз сөзінде. Сонымен қатар, Қоржынкөл ауылындағы Днепропетровск орта мектебінің, аудан орталығындағы №1, №2 орта мектептердің және  №12 агротехникалық колледждің жұмысымен де танысты. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс басшысы аудан активіне қатысып, Егіндікөл ауданының биылғы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі аудан әкімі  Азамат Тайжановтың есебін тыңдады. Баяндамашы салық түсімі,  егін және мал шаруашылығын дамыту,  құрылыс,  жол жөндеу мәселелері жөнінде кеңінен атап өтті.
–Жалпы,  ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жаман емес. Дегенмен,  осыған тоқмейілсіп, тоқтап қалмау қажет. Әрине,  облыс әкімдігі тарапынан  қолдау болады. Бірақ, аудан тарапынан да талпыныс болғаны маңызды, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Актив соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Аслан ОСПАНОВ

Целиноград – Қорғалжын – Егіндікөл аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар