Тексеріліп отырғанның артықтығы жоқ

Туберкулез дертімен адамзат баласы бірнеше ғасырдан бері таныс. Бұрындары  вавилондықтардың Хаммурапи кодексінде ерлерге өкпе  ауруына шалдыққан әйелдерімен ажырасуға рұқсат етілген деседі. Ал, Роберт Кох есімді ғалым өмір сүрген жылдары бұл ауру тіпті таралса, Еуропа елдерінде әр жетінші адам осы дерттен көз жұмған екен.

Қазірдің өзінде дәрігерге уақытында қаралмай, туберкулездің кесірінен өмірімен қош айтысып жатқандар көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде үш миллионға жуық адам өкпе ауруынан көз жұмса, тағы екі миллиарды осы аурудан айығу мақсатында ем-дом қабылдауда.
Абырой болғанда біздің елімізде жағдай бірсыдырғы тәуір. Осының бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық сақтау саласына деген оң көзқарасының нәтижесінде болып отыр. Ұлт Көшбасшысы осыдан төрт жыл бұрын елдің ақ халаттыларына туберкулезбен ауыратындардың санын жиырма пайызға дейін төмендетуді қатаң тапсырған-ды. Содан ісіміз оңға жылжып, облысымызда өкпе дертіне шалдыққандар, одан қайтыс болып жатқандар саны да біршама азайды. Алайда, мұнымен тоқтап қалуға болмайтынын жақсы білеміз. Өйткені, туберкулез – тез таралатын өте қауіпті, жұқпалы инфекция.
Облысымызда туберкулезге қарсы бес мекеме жұмыс істейді. Мариновка ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасы да осы іске өз үлесін қосуда. Бас дәрігер Жоламан Жұмабаевтың жетекшілігімен емделушілердің денсаулықтарын жақсартуға бар күш-жігерімізді, білімімізді салудамыз. Біздің мекемеде сот өкімі бойынша орталық дәрігерлік комиссияның шешімімен жіберілген аурулар және туберкулездің созылмалы түрімен ауыратындар емделеді. Айта кетейік, олардың кейбіреуі  ұзақ уақыт бойы ем қабылдамағандықтан, ағзалары дәрі-дәрмекті ауырсынады. Сол себепті, туберкулезден емделіп жүрген жандар дәрілерін уақытында қабылдап, емдеу тәртібін бұзбағандары жөн.
Әрине, ең дұрысы туберкулез дертін бастапқы кезеңдерінде анықтау болып табылады. Егер, екі аптадан бері қақырық аралас жөтел мазалап, дене қызуы көтерілсе, шаршағыштық байқалса, жөтелгенде кеуде қуысы батып ауырса, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Адамдар өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, еш жерлері ауырмаса да, жылына кемінде екі рет тексеріліп отырса, кез келген ауру-сырқаудың алдын алуға болады. Адам денсаулығы көбіне салауатты өмір салтына байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн.
Емделушілерімізге де осыны күн сайын айтып отырамыз. Олар ауруханадан шыға алмаса да, мекеменің ішінде жарақталған арнайы бөлмеде туған-туысқандарымен кездесіп тұрады. Өйткені, туберкулез секілді ұзақ емделетін ауруға шалдыққан жандарға жақындарының қамқорлығы ауадай қажет. Ауруларды осылай емдеп, жазу жайдан жай ойлап табылған жоқ. Туберкулез қауіпті болғаннан кейін осы дертке шалдыққан адам айналасымен қарым-қатынасты уақытша үзіп, кем дегенде жарты жыл дәрі-дәрмек, арнайы диеталық тағамдар қабылдауға міндетті. Ауруханамыз бұл талаптарға толығымен сай деп айта аламыз. Мекеме ғимаратына бөтен адамдар рұқсатсыз кіре алмайды, барлық жерге бейне бақылау  қондырғылары орнатылған.
Ауру ешқашанда жас талғамайтыны белгілі. Туберкулезден жазылып келе жатқан жандар бұл дертті басқа  емделушілерден қайта жұқтырып алмауы үшін де әрекет жасаймыз. Науқастарымыз күніне алты рет құнарлылығы жоғары тағамдармен тамақтанады. Жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері ас мәзірімізде үнемі бар. Кадр мәселесі де толығымен шешілген. Бізге келген жас мамандардың барлығы пәтермен қамтамасыз етілді. Сондай білікті, өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын әріптестеріміздің арқасында сырқат жандардың беті бері қарап, көп ұзамай қоғам қатарына қайта қосылатынына сеніміміз мол.

Лена ҚАЛМАҒАНБЕТОВА,
Мариновка ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасының маманы.  

Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар