Мен ҚазҰУ-дің студентімін

Алматы студенттер қаласы. Мұнда республикамыздың барлық аймақтарынан жастар білім алады. Биыл мен оқуға түскен бір ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жалпы аумағы 81 000 шаршы метр болатын 14 жайлы жатақхана бар.

Барлық талаптарға жауап беретін бұл жатақханаларда 5 мыңнан астам студент тұрады. Бұл студенттер үйлері біздің тұруымызға барынша қолайлылығымен және қауіпсіздігімен ерекшеленеді. Жатақханаларда сабақтарымызды оқып, дем алуға барлық жағдай жасалған. Тіпті, арнайы оқу залдары мен компьютерлік сыныптар жасақталған. Бұл жатақханалардың өз азық-түлік дүкендері, асханасы, бірнеше дәмханалары, телефон шоттарын толтыру терминалдары, көшірме жасау орталықтары, дәл жанында спорт, демалыс алаңдары мен футбол алаңдары бар. Студенттер үйлері бақылау камераларымен жарақтандырылған. Бейне бақылау әрбір қабатта жүргізіледі және күзет қызметімен бақыланады. Жатақханаға электронды рұқсат арқылы кіреді. Студенттер үйлерінің бәрі ҚазҰУ-дың кампус аумағында орналасқан.
Мен механик-математика факультетінің 1-курс студентімін. Еліміздегі білімнің осы бір қара шаңырағына оқуға түскеніме қуанамын және біздің университет болашақта әлемнің үздік университеттерінің қатарына қосылатынына сенімдімін. Өйткені, мұнда осыған барлық алғышарттар бар. Редакцияға осы қуаныш сезімімен жазып отырған бұл хатымды университетіміздің ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик Ғ.М.Мұтановтың сөзімен аяқтағым келеді: «Біз Қазақстанның болашағын даярлап жатқанымызды нық сеніммен айта аламыз. Себебі, біздің түлектеріміздің көпшілігі Қазақстан қоғамының элитасын құрайды және еліміздің даму бағытының қалыптасуына атсалысады. Бұл біздің маңызды нәтижеміз, біз оны  мақтан етеміз және болашаққа деген сеніммен қараймыз. Сіздерді университетімізге оқуға түсуге шақырамыз!». Күні ертең осындай жоғары оқу орнында білім алған мен де ұлы Абай атамыз айтқандай, тәуелсіз еліміздің қажетіне бір кірпіш болып қаланамын ғой деп ойлаймын.

Асхат АСАНБАЕВ,
№3 Краснояр орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері.  

Алматы қаласы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *