Мәліктануға қосылған қомақты еңбек

Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нартұлға» сериясымен  белгілі  әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтың «Мәлік Ғабдуллин» деректі зерттеу кітабы жарық көрді.

Кітап Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, халық ауыз әдебиетінің білгірі, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толуына орай шығарылып отыр. Онда даңқты жерлесіміздің майдандағы ерлігі, бейбіт өмірдегі ғылыми ұстаздық қызметі мен жеке шығармашылығы кеңінен баяндалады. Сегіз қырлы, бір сырлы, біртуар ел перзентінің әдебиеттану мен фольклортану, педагогика мен психология ғылымдарын дамытуға қосқан зор үлесі, ұшан-теңіз эпистолярлық мұрасы әдеби-тарихи деректермен және замандастарының естеліктерімен тығыз байланыстырылып,  тартымды баяндалады.
Кітаптан Мәлік Ғабдуллиннің  болашағынан зор үміт күткен таңдаулы шәкірттерінің бірі ретінде автордың ұлы ұстазының бай жан дүниесіне, азаматтық асыл мұраты мен елдік, ұлттық тұрғыдағы ұлағатты істеріне жан-жақты, терең бойлағаны айқын аңғарыла түседі. Сондықтан да, әдебиетшілерге, жоғары және орта арнаулы оқу орындары оқытушылары мен студенттеріне, сондай-ақ, көпшілік оқырманға арналған бұл толымды кітапты Мәліктануға қосылған қомақты еңбек деп бағаласақ, орынды болмақ.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты. 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *