Елбасының әлемдік абыройы

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Алты құрлықтың шартарабын шарлап кеткен осынау сөзді Қазақстан  Республикасының Президенті, Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев осыдан тура бес жыл бұрын, яғни, 2010 жылдың 1 желтоқсан күні   Астана қаласындағы  Тәуелсіздік сарайында   Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық (ОБСЕ) Саммитіне жиналған әлемнің 38  мемлекеттері мен үкімет басшыларының,   33 халықаралық және діни ұйымдардың  мәртебелі меймандары алдында  қазақ жеріндегі ұлы жиынды ашқан кезінде  айтып еді.
Міне, әлемнің бар назары Астанаға ауып, дүние жүзі көз тіккен осы бір тарихи сәттің тура бес жылдан кейінгі планетарлық  бүгінгі маңызына қайрадан ой жүгіртер болсақ, Қазақстан және оның Көшбасшысы  Нұрсұлтан  Назарбаев толғағы мен толғауы күн сайын қаттылау болып бара жатқан мына заманның  адамзат баласының алдынан шығар жаңа сынақтар мен  тіпті, болжап та болмайтын қауіп пен қатерлердің  алдын алудың қажеттілігі  жөніндегі сол кездегі алаңдаушылығының негізсіз болмағандығын ұғындыра түсері бар.
Араб  мемлекеттеріндегі аласапыран… Ресейге қарсы санкциялар мен Еуропаны кезіп жүрген босқындар…Дүниені жайлап бара жатқан дағдарыс…  Ресей ұшағын жарып жіберу… Париждегі  лаңкестік… Сол бес жылдан кейінгі дүниенің сыйқы осы, міне!
Адамзат өз дамуының жаңа бір дағдарысын басынан өткізіп жатқан осы бір өліара тұста, ендігі дүниені сақтап қалудың және жер бетіндегі адам баласының алаңсыз да тыныш өмір сүрулері мен еңбек етулерін қамтамасыз етудің, яғни, әлемді тыныштандырудың, әлемді сабасына түсірудің жаңа саясаты мен жаңа көзқарасы қажет сыңайлы. Ең әуелі ол үшін қуатты да дамыған мемлекеттерге ынсап керек!  Демократия дегеніңіздің негізгі арқауы  ең  әуелі әр халықтың ұлттық ұстанымы мен салтын, діні мен ділін құрметтеуге бағытталмайынша, әлімжеттілік пен күшімжеттілікке салып, менің айдағаныммен жүресің, менің айтқаныммен боласың деген біреуге біреудің үстемділігін ендігі арада ешкімнің де қабылдай алмасы анық. Бұл әлемдегі наразылық әрекеттерін, тіпті лаңкестіктің өзін қоздырып, өршіте түспекші. Өйткені, кез-келген халықтың қай-қайсының болмасын ұлттық санасындағы сол ұлттың өзіне ғана тән қасиетін «бомбалап» та, түрмеге салып та жоя алмасың басы ашық мәселе.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда әлемдік саясаттағы өзара сенім мен өзара құрмет мәселесін үзбей айтып келеді. Елбасы кешегі болып өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші  сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде осы мәселені тағы да алға тартты. Қазіргі уақытта  әлемдік қоғамдастық  жер бетінің  әр жерлеріндегі әскери қақтығыстарды ақылға қонымды шешудің түйінін табуға тырысып  баққандарымен сол  қақтығыстар азайып та жатқан жоқ. Сол әскери қақтығыстар  салдарынан жан түршігерлік  халықаралық терроризм қаупінің бұлты қалыңдай түсуде.
– Адамзат соғыстардың алдын алу және қақтығыстардың салдарын еңсерудің ескірген тәсілдерінен оларды мән-мағынасыз ететін жаңа даму стратегиясына өтуге тиіс. Ол үшін алыстағы болашаққа батыл көз салып, Біріккен Ұлттар Ұйымына 100 жыл толатын кездегі әлемнің қандай болатынын көре білуіміз керек. Мен Жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін, – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір келелі ойында  адамзаттың ХXI-ші  ғасырдағы  ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиісті деген  әуелгі бір ойымен сабақтасып жатқандығын айтуымыз керек.
Осы орайда, көне тарихтың беттерінен мәңгі өшпейтін бір оқиға, 2010 жылдың желтоқсан айының 1-2-сі күндері  Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Астана Саммитінде біздің мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы мен АӨСШ-тің келешектегі әлеуетін біріктіріп, Еуразиялық қауіпсіздіктің бірыңғай платформасын құру идеясы бүгінгі жаһандық қауіпсіздіктің алғы шарты болуымен әлі де тарихи маңызға ие бола түсері бар.
Сол кезде айтқан мына бір ойымызды: «Егер де адамзат тез арада Назарбаевтың айтып отырған осы тұжырымын  жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты шарты мен құралы екендігін ұғынып, соны басшылыққа алып, оны жүзеге асыра алмаса, ертең кеш болуы да әбден мүмкін» – деген  пікірімізді қайра жаңғырта отырып, осыдан тура бес жыл бұрын қазақ жерінде, қазақ елінің Астанасында  жасалған Еуроатлантика және Еуразия кеңістігінде сенім мен бірлікті орнықтырудың  тарихи да  маңызды қадамын одан әрі нығайту мен өрістетудің қажеттілігін дүниенің қазіргі дамуы терең ұғындыра түскені бар.
 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Астана Саммитінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші  сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөздерінде тарихи сабақтастық жатыр және де адамзаттың жаһандық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ойларын бүгінгі күннің қазіргі ақиқатымен ұштастыра білгендігін айтқан ләзім.
 Қазақстан Президентінің  БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген  сөзінде  барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстарға және нарықтарға қол жеткізуінің әділ шарттары негізінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру, сондай-ақ адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығына орай  Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жоспарын әзірлеуді, Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму Кеңесіне айналдыруды, ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды, халықаралық құқықтың қадірінің азаюы мен жаһандық институттар рөлінің әлсіреуін ескере отырып,  сол үшін 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыруды ұсынуы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Астана Саммитінде  қабылданған  Декларацияны бүгінгі күннің ойларымен толықтыруы деп санағанымыз жөн.
 Және де Нұрсұлтан Назарбаевтың  БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға аудару мәселесін ойластыруды ұсынуы, бұл орайдағы өз ойын: «Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабылданды. Бұл сол кезеңде халықаралық қатынастар бойынша Батыс Жарты шарының рөлі артқандығына байланысты болған еді. Содан бері көп нәрсе өзгерді, әлем өзгеше қалыптасты. ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады. Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор», – деп ендігі арада Азияның әлемдегі рөлінің арта  түсетіндігін алға тартты.
Қашан болсын біздің Елбасының ой-пікірлері, ұсыныстары әлемдік қауымдастық және әлемдік деңгейдегі саясатшылар тарапынан да үлкен серпіліс туғызып, әрдайым жаңа ойлар туындаттырып, зор ықыласты қолдауға ие болып жататындығы сияқты бұл жолы да солай болды.   БҰҰ Бас  хатшысы Пан Ги Мун  Қазақстан  басшысы  Нұрсұлтан Назарбаевтың  БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында  ядролық қаруды таратпау режімін күшейту мен ядролық қарусыздану, өңірлік жəне жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мəселелері туралы  айтқан және де  дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар идеясын, терроризм, босқындар, миграция секілді құбылыстар жаһандық дағдарыстың салдарынан туындап отырғандығы жөніндегі  ойлары мен айтқан пікірлерінің ғаламдық маңызы барлығына    жоғары  бағасын  берді.
Жапонның ықпалды басылымы «The Diplomat»    «Қазақстан əлемдік державалардың ортасына кіруде ілгері қадамдар жасап отыр, ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі дəрежесін алуға ниетті. Н.Назарбаев өз сөзінде идеялар жəне Біріккен Ұлттар Ұйымының болашағын қалай көретінін айтты», – деп жаза келіп,  Қазақстан лидері Назарбаевтың  экономикалық  сипатта жасаған ұсыныстарының қатарында БҰҰ-ның Экономикалық жəне Əлеуметтік кеңесін Жаһандық дамыту кеңесіне өзгертіп, оған жаһандық экономикалық реттегіш қызметтерін беру ұсынысының әлемдік маңызы бар деп атап көрсетеді. Сондай-ақ, «The Diplomat»  өзінің осы   мақаласында  Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамаларын ерекше атай отырып,   «Ел Кеңес Одағының ыдырауынан кейін көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Оның аумағында МАГАТЭ қарауындағы төмен байытылған уранның халықаралық банкі құрылмақ, бұл бейбіт атом энергетикасын дамытып отырған мемлекеттер үшін тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз етеді», – деп те  атап өтеді. Қытайдың «Синьхуа» агенттігі Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның штаб- пəтерін Азияға көшіру идеясына баса көңіл бөліп,   Қазақстан Президентінің ХХІ ғасырда даму орталығы  Азияға – Жер шарындағы тұрғындардың  екіден үш   бөлігін мекендеп отырған, үлкен ресурстары бар əлемнің ең үлкен құрлығына ауысып отырғандығын және де  Азияның дамып отырған экономикаларының мықты серпілісі жаһандық үдерістердегі жаңа шындықты белгіледі деген тың ойымен дүниенің ендігі дамуының тамырын дөп басып танып отырғандығын айтып, сүйсінеді.
Бүгінгі күнгі әлемдік геосаяси жағдайдағы кейбір оқиғалар мен алаңды жағдайлар ендігі арада  мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету мәселесінің де бар екендігінің қылаң көрінісін алға тарта  бастағандай. Кейбір  алып мемлекеттердің «стратегиялық мүддеміз бар» деген желеумен сонау  ХIХ және ХХ-шы ғасырдағы бұрынғы колонизаторлық иелікке көшкісі келетін инстинктері қайта оянып бара жатқан жоқ па деген қауіпті бір ойдың да алаңдататыны анық.
Адамзаттың бүгінгі дамуындағы әлеуметтік және экономикалық дамуындағы алақұлалыққа бүгінгі діни алауыздықты әкеліп қоссаңыз жуырарада бітіспестей болып жатқан дүниенің елесі көз алдыңа келеді. Елбасы сол бітіспес дүниені жарастырудың бар амалын жасап та  келді және жасап та жатыр. Қазақстан және оның Лидері  Нұрсұлтан Назарбаев  Украина дағдарысын, Сириядағы жанталас пен қан- төгісті бейбіт жолмен реттеудің шынайы жанашырлығы мен арағайыншылығына  әлем жоғары бағалап та, біліп  те отыр.
Адамзаттың бұрынғы қателігін қайталамау жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Иоркте айтқан   пікірінің ендігі адам баласының бүгінгі де және болашақтағы да тағдырын анықтаудың мәніне келіп саяды. Және де  біздің Президентіміздің «Елдердің өздерінің халықаралық міндеттемелерін орындауы қазіргі әлемдік тәртіптің ең басты мәселесі болып қала береді. Қазір барлық күш-жігерді халықаралық қатынастарда үнқатысуды, өзара түсіністікті және сенімді қалпына келтіруге жұмылдыру керек», – дегенін  қазақ елінің төр қаласы Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші Саммитінде  Нұрсұлтан Назарбаевтың  ұстанымы  болған «адамзаттың жаратушыдан жазған өмір сүру хақына ешкімнің де қол сұғуына хақысы жоқ екендігін»  санасы қалғып тұрған әлемнің  есіне тағы  салғандығы дер едік.
 «Көне тарихтың беттерінен мәңгі өшпейтін бір оқиға, Еуроатлантика және Еуразия кеңістігінде сенім мен бірлікті орнықтырудың  сол  бір маңызды қадамы  жасалған  2010 жылдың желтоқсан айының 1-2-сі күндері Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Астана Саммитін өткізу арқылы Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан осы ұйымның беделін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, санасына тың ойлардан дем салып, қуаттандырып, рухтандырып жүре берді», – деген  сол тұста айтқан осы бір пікірімізді тағы да қайталай отырып  және  де Елбасы  күні кешегі Біріккен Ұлттар Ұйымы  Бас Ассамблеясының  70-ші  сессиясының жалпы дебатындағы жаңа ұсыныстары мен тың ойлары арқылы  Адамзат мүддесінің алдындағы әр мемлекеттің де, олардың әр Лидерлері мен әр саясатшының да ұлы жауапкершілігін дәл анықтап бере алды.
Осыдан бес жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана Саммиті арқылы  бейбітшілікті сақтау жөніндегі әлемнің қалғып кеткен санасын бір оятса, енді міне, Біріккен Ұлттар Ұйымы  Бас Ассамблеясының  70-ші  сессиясының жалпы дебатында дүниедегі адам баласының мүддесіне қатысты мәселелерді мемлекеттердің  бас қосып, бірлесе шешуі арқылы өркениетті алдағы уақыттағы қатерлерден сақтап қалудың бірден-бір жолы екендігін, жер бетіндегі  бір ғана мемлекеттің  тыныштығы және де  оның  бай да қуатты болуы ендігі арада оларды да әр елге төнген қауіп пен қатерден сақтап қала алмасын ұғындырып,  адамзаттың ортақ мекені – жер болса, сол жер шарының мекенділері – адам баласы мен жан-жануарларының тіршілігін,  соларды қоршаған ортасын бүліну мен қираудан, әлемдік мәдениеттердің бұзылу мен құрып кетуден сақтау шараларын бірлесіп ой қосып, бірлесіп ақылдасып, бірлесіп шешудің ойын қайта  зерделеп, тағы да тізбектеп беріп отыр.
Адамзаттың алдындағы ұлы жауапкершілікті Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтай  сезіне білу керек деген ой-пікірімізді Елбасының жаһандық саясаттағы ұстанымы мен кемел көрегендігі айғақтай түседі және де «сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік» ұранымен өткізілген Қазақстанның кезінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жасаған сәтті де абыройлы төрағалығы  бұл біздің еліміздің, Тұңғыш Президентіміздің  әлемдік қауымдастықтың кез-келген ұйымының төрінде отырып, билік айта алар  ақылы мен парасатын, кемеңгерлігі мен кеңдігін, даналығы мен даралығын кешегі Біріккен Ұлттар Ұйымы  Бас Ассамблеясының  70-ші  сессиясының жалпы дебаты  тағы да паш еткендей еді.
Біз адамзаттың бүгінгі тарих көшінде Мәңгілік ел болуды мұрат етіп отырған елміз. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниенің бүгінгідей толқымалы шағында елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау жолындағы айтып жүрген ұлағатты да, өсиетті де сөздері мен іс-әрекеттерінің аса маңыздылығы мен өміршеңділігін ұлы уақыттың өзі бізге баяғыда-ақ ұғындырды деп санаймыз. Олай болса, сол ел бірлігі мен ынтымағына қылау түсірмейік! Бүгін бізге керегі де осы!

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар