Бала болашағы үшін

«Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық» жобасы аясында қолға алынған «Болашаққа  саламыз!» акциясы біздің облыста да сәтті жүзеге асуда.

Бұл игі шара ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың кәсіби-техникалық немесе жоғары білім алуына жәрдемдесу мақсатын көздейді. Қазіргі таңда облыс аумағында сондай 2312-ге жуық бала бар. Олардың 479-ы мемлекеттік балалар үйінде тәрбиеленсе, 1833 бала өзге отбасылардың қамқорлығына алынған.
Мемлекетіміз әр жетім баланы назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Дегенмен, олардың қоғамда өз орындарын тауып, өмірде аяқтарын нық басып кетуі үшін айналасындағы жандардың көмегі ауадай қажет. Аталған акция аясында бастауыш партия ұйымдары алғашқылардың бірі болып ата-ана қамқорлығына зәру  балалардың болашағына деп банктерде есепшот ашты. «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдары білім беру ұйымдарымен бірлесіп, халық арасында мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Алғашында облыста осындай 220 есепшот ашуды жоспарлаған болатынбыз. Алайда, партияның облыстық филиалы 249 жинақ қорын ашуды жөн санап, оған 2,5 миллион теңге көлемінде қаржы салды. Партияның осындай игі істі қолға алғанына жетім балаларды асырап алған отбасылар да дән риза. Солардың бірі – Жақсы ауданының тұрғыны Айман Кәрімова. Ол жүрек талмасы ауруына шалдыққанына қарамастан, асыранды үш баланы өзі өсіріп келеді. Бұл балалардың келешектегі оқуына деп облыстық мәслихаттың депутаты, «Жаңа жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Мейрамов банкке қаржы салды.  
Қайырымдылық шарасына белсене араласқан «Нұр Отан» партиясының Атбасар, Егіндікөл,  Ерейментау, Жақсы, Зеренді аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалалық филиалдарын ерекше атап өткеніміз жөн. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, бизнес секторының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер де игі істен қалыс қалмады. Акция  алдағы уақытта да жалғаса түсетініне сенім мол.
Күләш ҚАРШАЛОВА,
«Нұр Отан» партиясы
облыстық филиалының кеңесшісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар