СОҒЫС ТУДЫРҒАН ЖАНР

Жұмыр басты пенденің басынан өткен талай қырғындардың ішінде 1941-1945 жылдардағы соғыс тым сұрапыл, тым жойқын еді. Ертеректе жүз мыңдаған адамның ұрыс даласында құрбан болғанын жылнамашылар жағасын ұстай отырып хатқа түсірсе, екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болғандардың саны ондаған миллиондап есептеледі.

Содан да болар, ХХ ғасырдың басты қырғыны қай халықтың болмасын санасын қопарып өтіп, бітпес жарадай із қалдырды.
Екі ғасырдай жүрген қазақ-қалмақ соғысынан кейін біздің халық бүкіл ел болып, қолына қару алып жер қорғамаған екен (орыс отаршылдарына қарсы әр жерде бұрқ ете түсіп отырған көтерілістер, тіпті он жылдық Кенесары қозғалысы да, алаштың бар баласын атқа қондырған жоқ). Сондықтан, фашистердің шапқыншылығы ел басына төнген алапат нәубеттей көрінгені заңды болса керек. Міне, осы тұста қазақ азаматы майданға аттанарда да, соғыс даласында жүргенде де, басына іс түскенде де бабалар дәстүрін еске алған екен; Алланың халқымызға берген сыйы – тіл байлығы арқылы, қазақтың ғажайып қара өлеңі арқылы қилы заманға өз көзқарасын білдірген екен. Дұшпанға лағнетін айтып, артында қалған еліне, туған-туыстарына сағынышын білдіре отырып, жауды жеңбей қайтпайтынын жеткізген.
Фольклор мамандары, халықтың музыка мәдениетін зерттеушілер соғыс жылдарында дүниеге келген осынау ұлан-ғайыр өлең-жырларды бүтін бір құбылыс деп, қазақ өнерінің ерекше бір жанры деп танып жүр. Өзіміз де бала жасымыздан пәленшенің өлең-хаты, түгеншенің шығарма өлеңі дегенді ойын-тойларда талай естіп, орайы келгенде айтып өстік. Әрине, ол кезде өлеңнің сөзіне, қандай себеппен, тіпті кімнің шығарғанына мән бере бермейтін кез ғой. Әйтпесе, естісімен қағазға түсіріп алушы едік те, бүгінгідей сол бір інжу-маржандарды күндіз шырақ алып іздегендей болмас едік.
Соғыс кезінде туған мұндай өлең-хаттар қазақ ауылының қайсысына бармаңыз кездесе кетері хақ. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы өзім туып-өскен Әлжан ауылында да олар баршылық, бірақ солардың ішінде неғұрлым кең тарағаны, неғұрлым белгілісі әрі әсерлісі «Боранбайдың өлеңі» деп аталатын шығарма өлең. Оның себебі де бар. Көркемсөз өнері, әсіресе, өлең шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер екені белгілі. Бұл үшін құдай берген таланттан басқа біршама өмірлік тәжірибе, білім, дүниенің оңы мен солын бажайлай білетін көзі ашық көкірек керек. Сондықтан да, шығарма өлеңдердің көркемдік деңгейі, идеялық тереңдігі мен поэтикалық құрылымы  әртүрлі болып келетіні заңды. Өйткені, оларды шығарған кәсіби, төселген ақындар емес, дәуір дауылына тап болған қарапайым тіршілік иелері ғой.
Міне, осы тұрғыдан келгенде жоғарыда аталған өлең-хаттың әжептәуір шымыр екенін көреміз. Басқаша болмаса да керек. Үлкендердің айтуына қарағанда, Боранбай ағамыз өз заманындағы еті тірі, алғыр, кәдімгі «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болыпты. Ауылымыз ежелден маңайдағы Лобаново, Шалқар, Айыртау сияқты орыс елді мекендерімен аралас, кей адамдары тамырлас болған. Борекеңе де орыс ауқаттыларының есігінде жүруге, сол жалшылық өмірдің салқынын біраз көруге тура келсе де, олардың тілін игеріп, дәстүр-ғұрыптарын, мәдениетін үйренеді. Замандастарынан көш ілгері сауатын ашып, кеңес үкіметі жүргізіп жатқан рухани өзгерістерді сезімтал жанымен қабылдай, түйсіне біледі. Ол кісінің жүріс-тұрысы, киім киісі мен шаш қойысы сол кездегі халқымыздың Сәкен, Ілияс секілді серкелерін еске түсіруші еді, дейді көргендер.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында колхоздастыру, біржола отырықшылыққа көшу басталғанда ілгеріректе «Қаратал», «Бүйректал», «Отынағаш», «Қарағаш», т.с.с. жерлерді ата-ата болып мекендеп жүрген қалың Сәберлі елі Ақсораң биігінің етегіне, Ақкөлдің жағасына қоныстанып, бүгінгі Әлжан ауылының іргесін қалайды. Жаңа құрылған ұжымдық шаруашылыққа  басшы таңдап сайлау мәселесі күн тәртібіне қойылғанда, әрине, Жайлаубайұлы Боранбайдың аты бірден айтылады. Көзі ашық, шаруашылыққа икемді азамат өзіне жүктелген жауапты жұмысты аз-ақ уақытта меңгеріп әкеткен. Көп ұзамай колхоздың тасы өрге домалап, талай-талай игі істер атқарылған, халықтың тұрмысы кәдімгідей қоңдана бастаған. Сол кездердің өзінде салынған дүкен, ұстахана, астық қоймаларын бала кезімізде көзіміз көрді. Орталау мектеп, колхоз кеңсесі, ауыл клубы да бертінге дейін болды.
Жаңа құрылған колхоздарды техникамен қамтамасыз ету басталғанда, ең алғашқы трактор мен автомобильді Әлжан ауылы алыпты. Бұл, сөз жоқ, Боранбай атайдың беделі мен алғырлығының, табандылығының арқасында болған жәйт. Жалпы, Сталин атындағы колхоз (еліміздің бұрынғы атауы) сол кездегі облыс бойынша жақсы дамыған, маңдайалды шаруашылықтардың қатарында саналған.
Елдегі қариялардың тағы бір сүйсіне еске алып отыратыны – Борекеңнің өнерге құштарлығы. Шаруашылықты мықты жүргізе білуімен қатар ол бұл салаға да көп көңіл бөліпті. Кешке жұмыстан кейін ауыл азаматтарын, жастарды жиып, қазақтың ұлттық ойындарын ойнататын, жиі-жиі концерттер ұйымдастыратын болса керек. Және осынау сауық-сайранның да басы болып өзі жүруші еді, дейді көнекөздер.
Кейінірек, соғыстың алдында Боранбай атай «Қазақстан» ауылына (көрші Көкшетау ауданы) басқарма сайланады. Ұлы Отан соғысы басталғанда, елге де келе алмай, майданға сол жақтан аттаныпты. Әттең, асыл азаматқа қайтып туған жердің топырағы бұйырмады. Халқымыздың азаттығы үшін жанын қиған 68 әлжандықтың ішінде Борекең де бар. Бұл жөнінде Жеңістің 50 жылдығына арнап шығарылған «Боздақтар. Көкшетау облысы» кітабында мынадай дерек жазылған: «Жайлаубаев Боранбай, аға сержант, 1904 жылы Әлжан ауылында туған, қазақ, колхозшы. 1941 жылы тамызда Көкшетауда әскерге алынып, 1942 жылы қазанда майданда қаза тапты. Ленинград облысының Кулаково деревнясында жерленген» (1-том, 254-бет).
Борекеңнің майданнан жазған хаттарында өлең жолдары жиі болса керек. Ол кісі елге, отбасына деген сағынышын, жаудың жеңілетініне сенімін, бәлки, өлең сөзбен, көркем оймен өрнектеу әсерлірек, артындағыларға рух беруге дұрысырақ деп есептеді ме екен? Тіпті кейбір қарапайым, күнделікті тірлік түйткілдері секілді көрінетін жәйттерді де ырғақты ұйқасқа салып жіберетіні бар.
Сонау алыстағы Калинин майданынан Ақсораңның етегіне жиі келіп жататын үшбұрыш жауынгер хаттарында ұйқасты шумақтар көптеп кездесер еді. Солардың ішінде көлемі үлкені де, күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпай ел арасында өзіндік әдемі әнімен айтылып жүретіні де – біз әңгіме қылып отырған шығарма өлең. Әрине, оның толық мәтіні қазір ілуде бірер адамдарда, ел ақсақалдарының бірінің отбасында ғана қалуы мүмкін. Біз алғашқыда біршама толықтау деген нұсқасын ауылдағы Хамзин Серік деген азаматтың үйінен тапқамыз. Оның әкесі марқұм Қаппас ағай көзі тірісінде ел аузындағы дүниелерді, қисса-дастандарды қалың дәптерге жазып жүреді екен, өзінің де ептеп ұйқас құрастыратын қабілеті болған. (Осы кезде халыққа кеңінен танымал болған «Наурызбай-Қаншайым» дастанын, Балуан Шолақтың ғұмырнамалық ұзақ өлеңін, Ақан сері мен Темірбектің қағыстарын, басқа да біраз беймәлім дүниелерді сол қалың дәптерден кездестіріп едік).
1995 жылы жерлес ғалым, музыкатанушы-фольклоршы Гүлсім Бәйтенованың «Өртеңге өскен қызғалдақтар…» атты кітабы жарық көрді, оған соғыс кезінде шығарылған 90 хат-өлең топтастырылған болатын. Кітапқа 19-нөмірмен кіргізілген «Боранбай Жайлаубаевтың соғыста шығарған өлеңі» манағы Қаппас ағайдың дәптерінен алып біз ұсынған нұсқасы еді. Өкінішке орай, біріншіден, бұл нұсқа толық емес екен, екіншіден, кейбір шумақтардың орны ауысқан, ал енді бір жолдар мүлде қате жазылған болып шықты.
Бұған кейінірек тағы бір-екі мәтін қолға түскенде көзіміз жетті. Ал күмәнімізді біржола сейілткен Борекеңнің артында қалған жалғыз ұлы Асқармен кездесу болып еді. (Бұл кісінің де дүниеден өткеніне үш-төрт жылдай болып қалды). Асекең әкесінің өзі жақсы білетін өлеңін қарап шығып, үстінен қалам жүргізді, түсіп қалған шумақтарды қосты, өлеңнің ішкі логикалық тұтастығын, байланысын орнына келтіріп, реттеді. Сонымен, оқырмандарға Боранбай атамыздың шығарма өлеңін толық түрінде ұсынуды жөн көрдік. Біріншіден, бұл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай сұранып тұрған дүние секілді. Екіншіден, бұған халық шығармашылығының қилы заман тудырған бір қыры деп те, сол ауыр кезеңдегі елдің, майдангерлердің көңіл-күйін, рухын білдіретін құжаты іспеттес деп те қарауға болатын сияқты. Өлеңдегі Жаңабай – Борекеңнің туған інісі (ол да соғысқа қатысып, аман-есен елге оралған), басқа аты аталғандардың бәрі – майданға аттанған ауылдастары, дос-жарандары.
Әрине, өлең авторы өз заманының, өзі тәрбиесін көріп өскен саяси жүйенің адамы болғандықтан, шығарманың кей тұсынан сол кездің лебі есіп тұрады. Қазіргі замандастың құлағына бұл тосындау естілгенімен, ол үшін авторды жазғырудың еш қисыны жоқ екені өзінен-өзі түсінікті деп ойлаймыз. Сонымен, енді өлең-хаттың өзіне келейік:
 «Азырақ сөз жазайын алып қалам,
Уайыммен ала қайғы көңіл алаң.
Іштегі қайғы-шерді тарқатайын
Қисындап тізбектеуге келсе шамам.
Азырақ мен жазайын іштің зарын,
Уақиға бастан кешкен істің бәрін.
Замандас, аз әңгіме мен айтайын
Тыңдасаң құлақ салып жас пен кәрің.
Жасады жиырма төрт жыл Совет елі,
Батыс пен шығысты алған байтақ жері.
Көп ұлтты бір кісідей теңдікте ұстап,
Бастаған Сталиндей кемеңгері.
Әлемге бейбіт жатқан заман туды,
Білімнің бұлағымен бетін жуды.
Мәдениет байлықпенен бірдей өсіп,
Біз тіктік алтындаған қызыл туды.
Талайды қызықтырды біздің байлық,
Немістер шарт жасауды көрді лайық.
Он жылдық Гитлердің уәде-шарты
Болды ғой мерзімі оның он-ақ айлық.
Гитлер жоспар құрды аламыз деп,
Советтің байтақ жерін шабамыз деп.
Мәскеуден ат үстінен тамақ ішіп,
Күн бата Дальный Восток барамыз деп.
Осындай бекітіпті қатты план,
Қан ішкіш қаруланған бұл сұр жылан.
Айнала шекараға жел жағынан
Жүз жетпіс дивизия шепті құрған.
Июньнің жиырма екісі таңға жуық
Сол түні неміс кірді белді буып.
Халықты бейбіт жатқан баса-көктеп,
Үйінен жас-кәріні шықты қуып.
Хабарсыз мына неміс бізге шапты,
Бұл соғыс ешкімге де емес бапты.
Дәндеген ұсақ елден құтырған ит
«Жеңетін оңай елді» және тапты.
Ондаған ұсақ елді басып алған,
Өзіне оларды да қосып алған.
Ақ Фин мен Румыния құзғындарын
Айтақтап екі шеттен және салған.
Июльдің он сегізі набор болды,
Сол түні сағат бесте хабар болды.
Алтын күн шапағымен амандасып,
Таң ата Көкшетауға тарттық жолды.
Наборға жиырма екі жігіт лекті,
Дұшпаннан аламыз деп енді кекті.
Қош айтып, қол ұстасып бақұлдасып,
Батысқа тәуекел деп сапар шекті.
Аман бол жолыққанша, Жаңабайым,
Келмей тұр сен кеткен соң менің жайым.
Жан бауырым, жалғыз бауырым, сен келгенше,
Ағаңа енді түсті сары уайым.
Апырмай, мына заман осылай ма,
Жау иттің беті қайтып тосылар ма?
Жан бауырым, қатар жолға сапар шектік
Басымыз қосылатын күн болар ма?
Жарандар, тыңдаңыздар мына кепті,
Өз ісі құдіреттің бәрі епті.
Бөпілдек, Қазез, Жүзжан, Сейітжандар
Айырылып жігіттерден бөлек кетті.
Мұғыжан, Есжан, Қасым құрдастарым,
Бірге өскен бала жастан мұңдастарым.
Кәдіржан, Шәріп, Мақы, Қожахмет,
Тілеймін аман болсын бір бастарың.
Серікбай, Әйкен, Әбу қарақтарым,
Шуланып мекен болды барақтарың.
Қалжырап, сағыныштан зарыққанда
Ел жақтан хат келед деп алақтадым.
Рамазан, Кенже менен Дәрібайым,
Келмей тұр сендер кетіп менің жайым.
Кешіңдер, жаман айтпай, жақсы болмас,
Бәріңе ұрсушы едім әрідайым.
Қайырбек, Алшынбай мен өзгелерің,
Кім білер қандай істің кез келерін.
Артында барша халық тілеп отыр
Жеңіспен есен-аман тез келерін.
Қосылды екі жігіт Көкшетаудан,
Білімі биік екен асқар таудан.
Кәрімжан, Шаймұраттай жан достарым
Кек алар уақыт жетті енді жаудан.
Ойнадық  Қызылжардың қаласында,
Ағаштың жарға біткен саясында.
Туғанын, елі-жұртын сағынбайтын
Жан бар ма адамзаттың баласында.
Көндік қой мойнымызға салғаннан соң,
Әскерге қызметке алғаннан соң.
Көңілім ойламасқа шыдатпайды
Екі үйім иесіз боп қалғаннан соң.
Сұрасаң осы күні біздің халді,
Қиямыз Отан үшін қасық қанды.
Мехнат, көрген бейнет ештеңе етпес
Бір Алла, қалдыра гөр шыбын жанды!».
Иә, қазіргідей бейбіт күндерде Отан үшін шейіт болғандардың өздерін, олардың ерліктерін ғана емес, сонымен қатар, рухани қадір-қасиеттерін, өнерге толы қырларын да еске алу бүгінгі ұрпақтың парызы болса керек.

 

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛҰЛЫ,
журналист-жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар