Қарауыл Қалақ батыр

 

Алаш жұрты, жанашыр жақындарым,
Тапталмауға білесің хақың барын.
Ұлт үшін ұрандатып ұрыс салған,
Қайда сенің кешегі батырларың?!
Міржақып Дулатұлы.

 

Қазақ халқының сан ғасырлар армандап, қол жеткізген Ұлы бақыты – қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасында, Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың байсалды басшылығымен, осынау тарих үшін қас-қағым аз ғана жылдар ішінде қазақ деген халықтың, қазақ атты мемлекеттің аты дүние жүзіне паш етіліп, жер жаһанға жетті.
Осылайша тебірене толғанғанда, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуіміз, сөз жоқ, биылғы маңызы ерекше зор айшықты оқиғалардың бірі болды. Осы ұлы дүбірге үн қосқан көптеген ғалымдарымыз, тарихшыларымыз, ақын-жазушыларымыз, аузы дуалы қарияларымыз, кең-байтақ киелі жерімізді, Отанымызды сақтап қалудағы Ұлы Даланың даңқты перзенттерінің өшпес рухын тербетіп, елдігімізді зерделеп, тұғырлы туындылары мен зерттеулерін алға тартты. Қазақ халқының көне шежірелерінде аттары аталған, ел қорғаған қаһарман тұлғалардың ұмыт болуға айналған есімдері қайтадан жаңғырып, құлағымызға сіңісті бола бастады. Солардың бірі Есім, Жәңгір хандар тұсында өмір сүрген Қарауыл тайпасының Қылды тармағынан шыққан Қалақ батыр Күнсарыұлы.
Ойымызды осы жерден сәл түйіндеп, аз да болса ескі тарихқа үңілсек, сөйтіп, қазақ жеріне мысық табандап енген Ресей отаршыларының көптеген экспедиция жетекшілерінің жазбаларын кейін қоя тұрып, сонау АҚШ-тың «Генетика» журналының 1999 жылғы 64-нөмірінде жарияланған әйгілі Аризона университетінің профессоры Т.Каферед және басқа да ғалымдардың пікірлерін келтірсек: «Африкада пайда болған адамдар алғашында Алтайға барды, сол жерден жан-жаққа тарады», – дейді. Олай болса, Алтайдан ағылған адамзат көші қотанда қоралас жатқан бүгінгі қазақ даласына табан тіреуі меніңше, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Міне, Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі екі мыңға тарта жылдың ішінде қазақтың ұлан-байтақ сахарасында бір-бірін алмастырып өмір сүрген 22 түркі мемлекетінің астарлы ақиқаты осында жатқан да шығар…
Қазіргі ғалымдарымыз, бұрыннан да Қазақ хандығының қалыптасуын ХV ғасырдың екінші жартысындағы Дешті Қыпшақ даласында болған оқиғалармен байланыстырады. Мұнда өзбек ұлысының ыдырап, бөлінуі, кейбір бөліктерінің көршілес Моғолстан мемлекетіне көшуі туралы сөз болады. Бұл жөнінде Мұхаммед-Хайдар Дулати: «Ол кезде Дешті Қыпшаққа Әбілқайыр хан билік жүргізді. Жәнібек пен Керей сұлтандар одан бөлініп, Моғолстанға кетті. Сол кезде Моғолстан ханы Есен-Бұға оларды қабылдап, Моғолстанның батыс аймағынан Шу және Қозыбасы деген жерлерді берді», – деп жазды. Бұл оқиғаның маңызы зор болып, М.-Х.Дулатидің дәлелдеуі бойынша, Жәнібек пен Керей сұлтандар 1465 жылы Қазақ хандығын құрды.
Біз қазақ деген ежелгі Ұлы Даланың сайыпқыран ер ұландарымыз. Біз дархан да дана халықпыз. Биылғы қазақ хандығының 550 жылдығын  тойлау 2016 жылы Қазақстан
Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне ұласып, бойымызда ой-сана, Отанға деген сүйіспеншілігіміз артып, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік бола береріне бек сенімдіміз.

ІІ
Қазақ хандығының қай кезеңін алсақ та, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезі аса көп емес. Жерімізге көз тігіп,  анталаған
жаулары да аз болмаған, қанымызға сіңген алауыздық та аз кесірін тигізбеген. Дегенмен, ел бастаған көреген кемеңгерлердің,  қиыннан қиыстырып, жол да, сөз де тапқан аузы дуалы билер мен шешендердің, қол бастаған баһадүр батырлардың арқасында ұлтымызды да, мемлекеттілігімізді де сақтай білдік.
«Адам бар жерде тарих бар» дейді халық даналығы. Сол қазақ халқының сан ғасырлық қилы тарихының ажырамас бір бөлігі жоғарыда аталған Қалақ батыр десем, артық айтпаған болармын. Әрине, батыр есімі уақыт табымен көмескіленіп, ұрпақ жадынан ұмытыла түскені  өкінішті-ақ. Бірақ, «ештен кеш жақсы» демекші, батыр бабаны тағы бір еске түсірейікші.
Сонымен, қазақ халқының мәйекті өзегі болған Арғын елін шежірешілер «үш жұрт Тарақтыны қосып, ірі-ірі төрт топқа топтас-тырады. Қазақтың көне сөзінде Арғын бабамыздың екінші әйелі Момын анадан туған ортаншы ұлы Қарасопыдан «Қарақай» ұранды Қарауыл елі тарайды. Атап айтсақ, Қарасопы – Қарақай – Қарауыл – Миқы баба – Амандық батыр – Мәшек би. Қолда бар шежіре түзілімдерінің басым көпшілігінде Мәшектен туған Ақкісі, Қарт, Бөлекейден сегіз ата Қарауылды таратады. Осы Бөлекей бабадан – Құлымбет пен Түнғатар. Соңғысының ұрпағы бір себептерге байланысты «Қылды Қарауыл» атанған. Бұл бұтақты осы Түнғатардың тоғыз ұлынан қалған төрт ата құрайды. Күнсары, Күлсары, Күрсары, Арыстан. Бұлардың ішіндегі ірісі де, ұйыған қатықтай іргесі сөгілмей, бір жерде орнығып отырғаны да Күнсары балалары. Шежіре деректеріне қарағанда, Қалақ батыр Күнсары бабамыздың бел баласы болып табылады. Мұның кіндігінен Малбақты балуан, одан – Тарағай, Мұсақұл, Жайылған болып,  ұрпағы жарасымды жалғасып жатыр.
Қолымызда Қалақ батырдың нақтылы туған, қайтқан жылдары туралы дерек жоқ. Ерінбеген адам мұрағаттарды қазбалап қараса, мүмкін, жанамалап болса да бірдеңе табылар деп үміттенеміз. Ал, өзіміз сексенді серік еткен қария болғандықтан, бұл мәселе төңірегінде  тек жорамал-далбар ғана жасайтындай халдеміз. Дегенмен, аузымызды қу шөппен сүртпей, өткенге көз жіберіп көрелік. Он тоғызыншы ғасырдың соңында орыс мемлекеті отарлау саясатын жалғастырып, көп қаржы бөліп, қазақ жеріне қыруар экспедиция ұйымдастырды. Біздің солтүстік өлкеге келген сондай бір топты статист Федор Щербина басқарады. 1898 жылы Көкшетау уезінде болған сапарында Ф.Щербина Атығай руының көнекөз шежіре қарттарынан Еңсегей бойлы ер Есім ханның тұсында (1598-1628 ж.ж.) ата-анасынан жетім қалған Атығай 15 жаста, Бағыс 12 жас-та болған деген деректі жазып алған. Егер осыны негізге алсақ, онда Әбдікей молданың шежіресі бойынша Бағыс Қарасопымен бірге туысатын Сарысопының алтыншы ұрпағы, ал, Қалақ батыр Қарасопыдан тараған тоғызыншы буын. Сонда бір ғасырға үш ұрпақ (әрі кетсе төрт) келеді деп алсақ, Қалақ бабамыз XVII ғасырдың бас кезінде дүниеге келген деп нық сеніммен айтуға болады. Бұл пікірімізді «Батыр әйгілі Орбұлақ шайқасының бел ортасында жүрді» деген ауыздан-ауызға айтылып келген ескіден қалған есті сөз  де растай түседі.    
1643 жылдың көктемінде Батыр қонтәжі бүкіл қалмаққа жар салып, қырғыз бен қазақты шабуға 50 мың қол жинайды. Жауға қарсы аттанған қазақ ханы Салқам Жәңгір Орбұлақ шатқалына енген қалмақ әскерін пілтелі мылтығы құрулы тұрған қазақтың 600 жауынгерімен жер жастандырады. Қалың қалмақтың 10 мың жауынгері бірден тіл тартпай кетті дейді тарихи деректер. Қоршауды бұзып шыққан кезде Жәңгірге көмекке 20 мың қолмен Самарқанның билеушісі Жалаңтөс баһадүр да жетеді. Араға он жыл салып, 1652 жылы ғана қара қалмақ есін жиып, қазақтағы ескі кекті қайтаруды ойлайды. Бірақ, бұл басқа әңгіме.
Жалпы, қалмақ жауынгер халық, тиышсыз ел, қазақты ата жауы деп санаған. Сондықтан болар, «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, Жәңгір хан да жан-жақта тыңшы ұстаған, маңайындағы елдердегі хал-ахуалды үнемі жіті бақылап отырған. Қалмақтың қазақты ерте көктемде шабатын әдеті бар. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсы. Жайлауға шығып, ел басы бірікпей тұрып, есеңгіретіп соққы беруді дағды қылған қалмақтың тап сол көктемде жолы болмады. Даланың қары енді сөгіле бастағанда Салқам Жәңгірдің тапсырмасымен қасында тоғыз жігіті бар Қалақ батыр айсыз қараңғы түнде ел шетінен елеусіз қалмақ жаққа жол жүріп кетеді. Бірнеше күн жүріп, ақыры, амалын тауып, ойраттың ордасына жақын жүрген әйдік мыңбасы батырды ұрлап алып келген. Батырға шексіз риза болған Жәңгір ханның дуалы аузынан шыққан сөзден кейін бабамыздың қарулас серіктері «Қалақтың темір тоғызы» атаныпты.
Тақымына салған қылбұраудың азабына шыдай алмаған тұтқын өзіне мәлім бар шындықты жайып салады. Сөйтсе, тықыр таянып қалған екен, ойланып-толғануға уақыт жоқ. Не де болса, жаудың бетін ел шетіне кіргізбей қайтару керек. Содан барып, Қалақ батыр қолға түсірген  тұтқыннан алынған мәліметтерді, келер-кетер жолдарын, айла-шарғыларын сараптай келе, хан Жәңгір өзінен 20 есеге жуық көп қалмаққа көшпелі халықтар пайдалана бермейтін тосын тактика қолданған. Әрісі не болғанын жоғарыда айтып кеттік. Сондағы ойсырай жеңілген ойраттықтардың бір бөлігі Еділді жағалап, Ресей іргесіне топталады. Осы күнгі Еділ бойындағы қалмақтар солар.
Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл іркіліс жасап, Қазақ халқының басына қара бұлт оралтқан «жоңғар», қалмақтар кім екеніне тоқтала кетейік. 1206 жылы Моңғолияда жасақталған Шыңғыс хан әскерінің сол қанатын құраған «жоңғар» (моңғол тілінде сол қанат деген сөз), «ойрат одағы» деп те аталған, соңынан мемлекетке айналған жауынгер, қыл байрақты, құрым тоқымды қалмақтар. Қытайларға да жиі шабуыл жасап мазасыз болған соң, біздің бағымызға қарай құмырсқадай қара қытай бұларды жұтып қойған.
Алла пешенемізге жазған ұлан-ғайыр Ұлы Даламызды ешкім сауғаға берген емес. Қазақ батырларының арқасында бойтұмардай сақталып қалған. Ақын Ғафу Қайырбековтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп айтқанындай, ескі тарихты өшірмей, ежелгі даналар сөзін бізге жеткізген абыз да кәрі  құлақ қариялардан қалған әңгіменің там-тұм жұрнағын жаңғырту бұдан былай  біздің парызымыз деп білемін.
Енді Қалақ батырға оралсақ, кейбір аңыз бойынша ірі денелі күш иесі екен. Бір жақ бетінде қыл өскен қара мең, арқасында жалы бар өте сұсты адам болса керек. Сонысына қарамастан, аса салмақты, жылы жүректі, қамқор, әділ болған. Алыс сапарлардан екі-үш айлап оралғанда, 4-5 жетім баланы ала келіп, бұлар баяғыда жаугершілік уақытта кетіп қалған туыстарымның ұрпақтары деп ба-уырына басқан. Соның бірі – атақты Тілеу батыр. Одан кейін әкелген Қуандық, Жолымбет, Итемген, Күшік, бәрі де кейін табанды, жаугершілікте өжет, елге танымал ерлер болған деседі. Жалпы, Қалақтың арғы атасы Түнқатар (шын аты Тұрағұл) да аңыз бойынша орасан батыр, арқасында жалы бар алып адам болыпты. Ұрпақтары Малбақты, Мұсақұл, Тарағай, Жайылғандар түгелдей батыр бал-уан, бұлардан кейінгі Әз, Бөгенбай, Арлан, Шамайлар да елін, жерін сүйген ержүрек ерлер екен. Тарихымыздан белгілі, бұлар Кенесары хан қосынында болған батырлар. Енді осы аттары аталған ерлердің бертін өмір сүрген ұрпақтары  Дәу Сыздық, Салық, Құсайын, Зейникендер республикамызға есімдері мәлім балуан, қара күш иелері. Осы ортадан шыққан азаматтардан қазір де құралақан емеспіз, генералдар Марат Нағманов, Бауыржан Әбжанов еліміздің мақтанышы, келешек жастарымыздың үлгі тұтар тұлғалары.
 
ІІІ
Көкшетау қаласында он жылдан бері Мейрам Сақышев деген азамат тұрады. Зерделі, зейінді жігіт көрінеді. Кезінде біраз қызметтің де басын қайырған, бірер кітабы да жарық көрген екен. Бұрын тек қана сәлеміміз түзу болса, соңғы жылдары жақсы араласып кеттік. Жас айырмашылығына қарамай, екеумізді жақындастырған тақырып – тарих, дұрысы, шежіре болар.
Бір кездескенде Мейрам ініміздің: «Ұлы атам Сақыш пірәдар айтып отырушы еді. Қалақ батыр жаз жайлауда Есіл бойында, осы күнгі Атбасар, Сандықтау аудандары аралығындағы Керегетас деген жерде туған. Ал, зираты Көкшетаудың солтүстігінде, облыс орталығынан онша қашық емес. Айғыржал деген жерде Қалақ тауы бар, сол төбенің басына жерленген. Ертеде, 30-жылдары кәмпеске кезінде елден безіп, Бұлаев, Омбы жаққа дейін барып қайттық. Сонда жолай батыр бабаның зиратына соғып, зиярат еттік, жанына біраз кісілер жерленген екен. Маңайдағы елден «Қалақ тауы» қайда деп сұрағанда, ешкім мардымды жауап бере алмады, тек қана бір ақсақал «Ол бүгінгі Ақтөбе ғой» – деп дұрыс жөн сілтеп жіберді», – деп бір сырдың тиегін ағытқаны бар еді. Осы дерек маза бермей, мені жолға шығарды…
Үстіміздегі жылдың 6 қазан күні Көкшетау қаласында тұратын белгілі азаматтарымыздың бірі Қайырбек Есмағұлов екеуіміз, қасымызға Ақмола облыстық мәдениет басқармасы жанындағы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» мемлекеттік мекемесінің инспекторы Рауан Ержановты алып, Зеренді ауданына қарасты Күсеп ауылдық округінің кеңсесі алдына келіп тоқтадық. Округ әкімі Сағынтай Кенжеғозин тосып отыр екен, жылы шыраймен қарсы алып, өзінің ұлтжанды, іскер азамат екенін көрсетті.
Келген шаруамызға орай, Күсептен сегіз шақырым қашықтықтағы
Жамбыл ауылының молласы Сансызбай Мусинді ертіп, жеті шақырым жердегі Айғыржал қыстағынан Қайырбек Бейсенбаев деген жігітке жол бастатып, 10 шақырымдай тұрған  Ақтөбе адырының басына шықтық.
Неткен көркем көрініс, оңтүстік-шығыс беткейде іргесінде тұрғандай мұнартып сұлу Көкше көз тартады, одан берірек ағараңдаған Ортақ ауылының үйлері көрінеді. Осы сәтте әңгімеге араласқан Сансызбай молла «Анау жалтырап жатқан Шөкім соры, осы төбенің солтүстік жақ беткейінен бертінге дейін суы саумалай ақ бұлақ сарқырап ағып жатты», – деп қалды. Шөкім деген атақты бай, осы Сансызбайлардың арғы атасы екен.
Төбе басынан там-тұмдап төрт бұрышты ескі зираттардың белгісі білінеді. Оңтүстікке қарай  обаның орны жатыр. Моллекең жан-жағын барлай түсіп, ертедегі ақсақалдардан естіген, көрген-түйгеніне жүгініп барып,  осы жатқан оба сол батырдың зираты деген қорытындыға келді.  Біз де төбе басын біраз зерделей келе, батыр рухына құран бағыштап, енді кетуге ыңғайланғанда  дөң басына ентелеп шыққан қара «Джип» көлігінен түскен бір азамат «кешігіңкіреп қалдым» деп сыпайы сәлем берді. Осы өңірге белгілі заңгер, Азат стансасында адвокат болып қызмет атқаратын Кәрібай Құсайынов деген азамат екен.
Сөйтіп, қашан көз көріп, көңіл көншігенше күмәнданып келген біз де бір шындыққа көзіміз жеткендей енді кетуге ыңғайлана бергенімізде, ел ағасы Сағынтай ініміз «аға, көңіліңіз орныққан кейіптесіз, бұл бізге де жақсы болды, елге келіп, есігімізді ашпай кеткеніңіз қазақ атымызға  жараспас, өздеріңізге арнаған бір тоқтымыздың еті пісіп тұр еді» – деп өтініш білдірді. Мен көлік иесі Қайырбекке қарадым. Ол жағдайды бірден түсініп, «ас аттаған ар аттағанмен тең»  деген бар ғой,  айтқандарыңыз болсын» деді.
Еліміз, жеріміз қандай кең болса, пейіліміз де сондай кең халықпыз ғой, өзімізше көрген-білгенімізді сол үйде одан әрі талқылап, жүріп кеттік. Егер осы мақаламыз мерзімдік баспасөз бетінде жарық көре қалса, оқырман тарапынан да  батыр жайында үн қосып, тарихи-танымдық ескерткіш орнату туралы да өз ойын білдірер азаматтар табылып қалар  деген үміттеміз.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері, Еңбекшілдер ауданының  құрметті азаматы.

  Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар