Ерейментауда жаңа кірпіш зауыты іске қосылды

 Кеше жұмыс сапарымен Ерейментау ауданында болған облыс әкімі Сергей Кулагин өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып,  жаңа кірпіш зауытының ашылу салтанатына қатысты және аудан активінде  Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді белгілеп, пысықтады.

  Ерейментау ауданында әлеуеті жоғары саласының бірі мал шаруашылығы деуге әбден болады. Осы орайда, облыс әкімі алдымен «Кеңөткел НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, мал шаруашылығын дамыту барысымен танысты. Серіктестік басшысы Серік Биімжановтың айтуынша, бүгінгі күні шаруашылықта 400 бас ірі қара, 300 бас жылқы, 600-ден астам қой бар. Сонымен қатар, серіктестік әртараптандыру шеңберінде мал азығы егілетін алқаптарды кеңейтуде. 1200 гектар егістікке жарамды жердің 300 гектарына біржылдық және көпжылдық екпе шөп егіледі. Өткен жылы серіктестік асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық мәртебесін алды.
– Асыл тұқымды мал басын көбейту үшін биыл өз қаражатымызға қазақтың асыл тұқымды 4 бас бұқасын сатып алдық. 2017 жылы мал басын 500-ге жеткізу жоспарда бар, – дейді серіктестік басшысы.
Мал еті негізінен «Ірі қара мал етін экспорттау туралы келісім» шеңберінде «Астана Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Сабынды» және Макинск ет комбинаттарына өткізілуде. Сонымен қатар, серіктестік халықтың әл-ауқатын көтеруге де игі ықпалын тигізіп отыр. Осы мақсатта Кеңөткел ауылында жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер салынып, күн батареясын пайдалану арқылы электр жүйесі тартылды, оған қоса, сумен қамтамасыз ету үшін ұңғыма қазылды. Серіктестік жыл сайын ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына және ауданның спорт саласының дамуына демеушілік жасауда.
Ерейментау ауданы негізінен мал өсіруге өте қолайлы аймақ. Мұнда бір кездері жылқы, қара мал, қой, оған қоса түйе өсіріліп, шұбат дайындалған. Төрт түлігі төсінде өрген «Кеңөткел НС» серіктестігінің алған бағыты мен ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосудағы игі істеріне оң бағасын берген облыс әкімінің сапары Новомарковка ауылында жалғасты.
Осындағы Балабек Жахин атындағы орта мектепке 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол үшін республикалық бюджеттен 7,6 миллион теңге қаражат бөлінген. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төбе шатыры ауыстырылған. Ал, 2015 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 300 мың теңгеге жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізілген. Қазіргі кезде білім ордасында 283 оқушы оқыса, 31 бала мектепке дейінгі мекемеде тәрбие алуда. Оқушылардың 117-сі ыстық тамақпен қамтылған, оның 46-сы тегін тамақтанады.
Әйткенмен, соңғы жылдары білім сапасы көңіл көншітпейді. Мектеп бойынша білім сапасы небары 39,9 пайызды құрап отыр. Ал, ұлттық бірыңғай тестілеуге келетін болсақ, 2013 жылы – 72,9 пайыз, 2014 жылы – 75,9 пайыз болса, 2015 жылы – 67,8 пайызға дейін төмендеген.
Облыс әкімі білім сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, медициналық мамандықтар бойынша жоғары оқу орнына түсетін түлектерге облыс әкімінің гранты бөлінетінін хабарлады.
Ал, осындағы дәрігерлік амбулаторияның материалдық-техникалық базасы оншалықты мықты болмаса да Новомарковка ауылы және Ақмырза селолық округі тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетіп келеді. Мекемеде барлығы 11 адам жұмыс істейді.
Осы күні облыс әкімі Сергей Кулагин Ерейментау кірпіш зауытын  іске қосу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Қонақтардың арасында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен жаңа зауыттың құрылтайшысы, «Он олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Марат Нәбиев те болды. Аталған зауыттың құны 2,1 миллиард теңгені құрайды. Қытайлық қондырғымен жабдықталған Ерейментау кірпіш зауытында жылына 50 миллион, тәулігіне 136,9 мың дана керамикалық кірпіш шығару көзделген.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында осындай алып кәсіпорынның ашылуы біз үшін үлкен қуаныш. Облыс аумағындағы кірпіш шығаратын екінші ірі зауыттың ашылуы жергілікті адамдарды жұмыспен қамтып, салық түсімін арттырып қана қоймай өңірде құрылыс саласын дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деп атап өтті облыс әкімі өз сөзінде.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Олег Шикаренконың сөзіне қарағанда, кәсіпорын 220 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Биылғы жылдың соңына дейін құны 285 миллион теңгенің 3,7 миллион дана кірпішін шығару жоспарланған. 2016 жылы – 24 миллион, 2017 жылы – 35 миллион данаға жеткізу жоспарланып отыр. Өнім негізінен Қазақстан және Ресей нарығына шығарылады, – дейді Олег Шикаренко.
Облыс әкімі Сергей Кулагин Ерейментау қаласындағы «Диас» балабақшасы мен «Ерейментау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорны және балалар шығармашылық үйінде де болды. 2006 жылдан бері кәсіпорын ауданды ауыз сумен қамтамасыз етуде. Мұнда 16 арнайы техника бар. Оның үстіне аудандағы жолды тазалау, сумен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді де өз күшімен атқарады.
Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың есебінде айтылғандай, ауданда біршама ілгері басушылық та, проблемалар да бар. Оның ішінде Сарыадыр көмір кенішінің өнімдеріне сұраныс азайып кеткендіктен, өнеркәсіп өнімдерін шығару көлемі өткен жылға қарағанда едәуір кеміген.
– Біз алдағы уақытта Көкшетау қаласында салынатын жылу электр орталығына осы Сарыадыр көмірін пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл әрине, бір жағынан жүздеген жұмыс орны болса, енді бір жағынан ақша өзімізде қалады, – деді жиында Сергей
Кулагин, –  ауданда 70 мың гектар шамасын-дағы алқапқа дәнді дақылдар себіледі. Бұл өңірдің топырақ құнарлығы мен ауа райын ескерсек, осы да жеткілікті. Ал, енді мал шаруашылығына келетін болсақ, мүмкіндік бар. Мәселен, мал өнімдері Қорғалжын немесе Бұланды аудандарындағы ет комбинаты арқылы экспортқа шығарылады. Сонда, Ерейментау қаласы қайда? Мұнда неге ет комбинатын ашпасқа?
Елордадан 150 шақырым ғана қашықтықта орналасқан аудан шаруашылықтары үшін ет пен сүтті қайда сатамыз деген сұрақ мүлдем туындамауы керек. Бүгінгі таңда Астана базарларына апарылатын малдың дені бес-алты қарасымен күнелтіп отырғандардың үлесінде екендігі жасырын емес. Ал, енді соларға шөп сатуға келгенде бір тоннасы 10 мың теңгеге дейін көтеріледі екен. Сыртқа қаншаға болсын сата берсін, тек әлгі айтқан үйінде барларға арзан сатқанымыз дұрыс.
Облыс әкімі баса назар аударған тағы бір мәселе, бос тұрған ғимараттардың кәдеге жаратылмауы. Осы орайда, облыс әкімі бұл ғимараттардың бәрін жөндеуден өткізуді тапсырды. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы дағдарыстан бірлесе жұмыс істеу арқылы ғана шығуға болатынын ескертті.
Жиын соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматтары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Аслан ОСПАНОВ

Ерейментау ауданы.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар