Өңір дамуына тың леп

Студенттік өмір – қайталанбас шақ!  Студент болған әрбір жан сол қызығы мен шыжығы мол кездерді тебіренбей еске ала алмасы анық.  Жатақхана, жаңа достар, дәрістер, бәрі үсті-үстіне үйіліп,  тосын оқиғаларымен өзіне еліктіреді. Әрине, студент деген атқа ие болу бақыты бұйыру үшін көп еңбектену қажет. Білім нәрімен сусындаған жандар ғана ізгі арманына жететіні мәлім.  Мемлекет  көзі ашық, көкірегі ояу, озық ойлы, білімді оқушылардың арманын жан-жақты қолдап, қолпаштайды. Мемлекеттік «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» «Серпін-2050» әлеуметтік  жобалары мамандар тапшылығын оңтайлы шешуге бағытталған. Тек сол ынталы жастар болашақта  қажеттілікке қарай еңбек етсе, құба-құп болар еді.

Дүрсілдеген поезд жүрісі. Еркебұланның жүрегі кеудесіне сыймайтындай бұрынғыдан бетер лүпілдеп кетті. Арман қуып, оқу іздеп, басқа қалаға бет алып келеді. Жанында өзіне серік болар дос-тары да баршылық. Тек үйден жыраққа кетіп бара жатқаны көңіліне қаяу түсіреді. Ата-ананың үкілеген үміті ғана алға жетелеуде. Межелеген уақытта поезд Көкшетау қаласының теміржол вокзалына келіп тоқтады. Студенттер автобусқа мініп, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне бара жатыр. Барлығы айналасына қарап, қаланың көшелері мен ғимараттарына көз салуда. Бірі белгісіздіктен жүрексінсе, бірі жаңа өмірдің парағын ашуға асығуда. Міне, мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы бойынша  оқуға келген Еркебұлан Әлімжанов сол кездегі ішкі тебіренісін осылай сипаттап берді.
Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының тумасы. Туған ауылымен қимастықпен қоштасса да,  сал-серілер еліне келіп білім нәрімен сусындап жатқанына еш өкінген жоқ. Себебі, өзі де  домбыра шертіп, ән айтады. Достары да көп. Жатақханада барлығы жерге, руға бөлінбей тату-тәтті тұрады. Бір-біріне көмектесіп, білмегенін үйретіп ең жарқын кезеңнің дәмін бірге татуда. Алғашқыда топтың ішінде көпшілігі орысша сөйлегеніне үйрене алмай жүріпті. Кейіннен барлығы бір-бірімен араласып, қазақша шүйіркелесе бастады. Ол мектепте оқып жүргенінде өзінен бір көйлек ерте тоздырған достарынан аталмыш білім ошағы туралы көп естіген болып шықты. Содан «Серпін» бағдарламасына қатысып, қалаған оқу орнына түсу оның арманы еді. Бүгінде университет қабырғасында тарих факультетінде білім алып жатыр. Еліміздің тарихының білгірі болып, қиын да жауапты мамандықтың бірі ұстаз атанбақшы. Тек сабақ үдерісіне бойлап қоймай, оқу орнының қоғамдық өмірінде шама-шарқы жеткенше белсенді болуға тырысуда. Ол «Шаңырақ» ұлт-аспаптар оркестрі мен «Серпер» жастар клубының мүшесі, көптеген байқаулардың жүлдегері. Әуелде ата-анасы баласын шалғай облысқа жіберуге жүрексінсе де, кейін оның әр жеңісіне бірге қуанатын болды.
Үстіміздегі жылы білім ошағында Еркебұлан сияқты  375 бойжеткен мен бозбала тегін білім алуда. Жалпы алғанда, 526 студент қатарластарынан қалмай білім алып жүр.  «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» «Серпін-2050» әлеуметтік  жобасы жастарға  тегін әрі сапалы білім беріп, оқуды тәмамдаған соң тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Серпіндіктер жатақханамен толық қамтамасыз етілген. Оқу орнының әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымовтың айтуынша, бағдарлама негізінде келген студенттердің оқуға деген құштарлығы жоғары. Ұлттық бірыңғай тестілеуде алған орташа балл 80-нен асып жығылады. Серпіндіктер университетте өтетін түрлі мәдени шаралар, жастардың жиі бас қосуы арқылы  ортаға тез үйренісіп жатыр. Барлығы шетінен өнерге, спортқа да жақын. Республикалық, облыстық байқаулардан шет қалмай, жүлделі орындарға ие болып келеді. Олар «Жауқазын» студенттер театры, пікірталас клубтарына қатысып, өздері «Серпін» көңілді тапқырлар клубын ұйымдастырыпты. Осылайша, мерекелік кештерде жиналғандарға жақсы көңіл-күй сыйлап, әзілдерімен күлкіге қарқ қылып жүрген жайлары бар.
Жоба студенттерін бір арнаға тоғыстыру үшін білім ошағында «Серпін» штабы құрылған. Серпіндіктердің жұмысын оңтайландырып, мерекелік концерттер, қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысады. Бұл мақсатта оларға жеке кабинет бөлініп, жұмысқа қажетті барлық құрал-жабдықтар қойылған. Өз араларында бас сардарды сайлап та үлгеріпті. Оның жетекшісі Керімбек Бексұлтан өзге облыстағы студенттермен тығыз қарым-қатынас орнатып, атқарылып жатқан жұмыстарға зер салады. Осы штабтың мүшесі Күләш Нысанбек филология факультетінің екінші курс студенті, бетке ұстар студенттердің бірі. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларына қатысып, бірнеше мәрте  жүлделі болған ақын қыз. Мәселен, Астана қаласында өткен Мұқағали Мақатаев оқуларында бірінші орынды иеленіп, университет мерейін үстем етті. Өзі сайыстарға қатысып қана қоймай, өзге жастарды түрлі додаларға дайындайтын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда,  ұйымдастырушылық қасиеті жақсы. Әсіресе, студенттермен бірлесе жетімдер және қарттар үйіне жиі қол ұшын беріп отырады. Қарттар үйіне барып концерт қойып береді. Ал, қазіргі уақытта  олар тірек-қимыл жүйесі бұзылған мүгедек балаларға арналған әлеуметтік-медициналық мекемесінің жүз баласына өз қолдарымен көкірекше тігіп жатыр. Оқу орнындағы «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының 1 курс студенттері тәрбие бөлімінің бас маманы Жасұлан
Жаужанов серпіндіктердің осы бастамаларын әркез қолдауға дайын. Оның айтуынша, студенттердің қариялар мен жарымжан балаларға көмектесуге құлшыныстары жоғары. Қоғамдық өмірге араласу бір бөлек, оқуда алғырлық таныту мәселесі тағы бар екені сөзсіз. Осы орайда,  жобаның  маңызды тұсынан алшақтамаған жөн. Бұл  мамандар тапшылығы. Мәселенің өзектілігі жылдан-жылға артуда. Мамандардың пайымдауынша, алдағы жылдарда индустриялы-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айрықша байқалады. Сол себепті, жоба арқылы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп,  жергілікті оқу  орындарында   қажет мамандықтар бойынша білім беріп, сол жерде  жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешу көзделіп отыр.  Десек те, міндетті түрде сол аймақта қалу қажет деген мәселе қарастырылмаған екен. Яғни,  түлектердің өз еркінде. Серпіндіктердің болашақ жоспарын білейік деген мақсатпен сөзге тартқанымызда, «әлі белгісіз, уақыт көрсетеді» деп қысқа қайырды. Жобаның іске асып жатқанына екі жылдың жүзі болды.  Әйтеуір, екі жылдан соң серпіннің түлектері түлеп ұшқан кезде жобаның нәтижелері белгілі болады.

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар