Халал өнімдер шығаруда

 Аграрлық саланы дамыту, инновациялық әртараптандыру жолын ұстанып, ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдеу, өнім шығаруда жаңа құрал-жабдықтар мен озық технологияларды пайдалану бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің алдында тұрған басты міндеттер болып табылады.

Астана қаласының іргесінде орналасқан Сабынды ауылындағы ет және ет өнімдерін өндірумен айналысатын «Астана Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міне, осы үрдістен шыға білуде.

 Іргесі 2008 жылы қаланған кәсіпорын 2010 жылы Индустрияландыру картасы бойынша Астана қаласының азық-түлік белдеуін құруға қатысып, құны 1 миллиард теңгенің ет комбинатын іске қосқан болатын. Ет комбинаты толығымен соңғы инновациялық неміс технологиясымен жабдықталған. Осының арқасында кәсіпорын нарығы кеңейіп, өндірілетін өнім саны да едәуір өсіп отыр.
Бүгіндері кәсіпорын жылына 5000 тоннаға жуық өнім шығарады. Оның ішінде салқындатылған, мұздатылған, жартылай фабрикатталған, шұжық, қазы, қақталған қойдың құйрығы тәрізді ет өнімдерінің 100-ге жуық түрі өндірілуде. Ет комбинатының тағы бір басты ерекшелігі, ол халал өнім-   дерін шығаруында.
– Біз өнімнің сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, халал өнімдерін шығарамыз. Сондықтан, бізде шошқа өнімдері мүлдем өндірілмейді. Төрт түлікті бауыздамас бұрын арнайы жазылған дауыс бойынша дұға оқылып, басы құбылаға қаратылып барып, құрбандыққа шалынады. Қызметшілер үшін арнайы намазхана да бар, – дейді ет комбинатының директоры Серікбол Жүнісов.
Санитарлық талаптар қатаң сақталатын ет комбинатының өніміне елімізде де, шетелде де сұраныс жоғары. Отандық өнім «Қазақстанда жасалған» сауда белгісімен Ресейдің Омбы, Новосібір, Челябі және Екатеринбург қалаларына экспортқа шығарылуда. Тіпті, «Бакара» сауда маркасымен шығарылатын «Астана Агропродукт» серіктестігінің ет және шұжық өнімдері Ресей астанасы Мәскеуде де үлкен сұранысқа ие. Былтырғы жылдан бастап мәскеуліктерге де тұрақты жеткізіліп тұрады. Зауытта қасапшыдан бастап, жіліктеуші, инженер-технолог мамандар, ет тартушылар сияқты барлық қызметкерлерді қоса алғанда 200-ге жуық адам еңбек етуде. Олардың дені жергілікті тұрғындар.

 

Аслан ОСПАНОВ

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар