Ел құрметіне лайық тұлға

Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, сәкентанушы Тұрсынбек  Кәкішев ағамызбен  бірнеше рет кездесіп, зиялы сөздерін тыңдап, дастарқандас та болып едім.

1986 жылдың қыркүйек айы, егін жинау  науқанының қызу жүріп жатқан кезі. Сілеті аудандық  партия комитетінің  бірінші хатшысы Сапарбек Құнанбаев  мені кабинетіне шақырып алып,  «Сәкен жүрген жолдармен» деген тақырыппен  Тұрсынбек Кәкішев пен ақын Мұзафар Әлімбаев Ереймен арқылы  бізге келіп, Атбасарға өтеді.  Осында бір-екі  күн болады.  Соны пайдаланып, халықпен кездесулер өткізуіміз керек. Мен ол кісілермен тұрақты  түрде бірге бола алмаймын, өзің білесің, астық ору науқаны ғой.  Сондықтан, бұл кісілердің жанында  өзің боласың» – деді.
Аудан басында біраз халықты жинап, кездесу өткіздік.  Кездесуде Тұрсынбек Кәкішұлы  Сәкен Сейфуллин туралы зерттеулерін айтса,  ақын Мұзафар Әлімбаев  соңғы жылдары  шығарған  өлеңдерін оқыды, ал, жергілікті  жазушы Мәди Хасенов «Нартәуекел», «Қайсар», тағы басқа да өз  шығармаларына шолу жасады.
Келесі күні «Қарабұлақ» кеңшарына  жол тарттық. Мұнда мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, Қақсал бөлімшесіне бардық.  Бөлімше басшысы Қайдар, Уәли, Нұрлығаян, тағы басқа ақсақалдарды бір үйге жинап, дастарқан басында еліміздегі 1930-1945 жылдардағы жағдай  туралы әңгіме болды. Ашаршылықты басынан кешкендері, сталиндік зұлматты көзімен көріп, соғыстың  ауыр жылдарына тап болғандары туралы сұрақ-жауап ретінде  ақсақалдармен ашық әңгімелесіп отырды.  Сонда байқағаным, Тұрсекең  қойын дәптеріне  бәрін жазып алып отырды. Ертеңінде  Атбасарға жүріп кетті. Сөздің реті келгенде айта кетейін,  кейін Алматыда Мұзағаңның үйінде болғанымда ол кісі айтты: «Атбасарда Қасым Тәукеновтың үйінде  болғанымызда өте сирек кездесетін кітаптарды көрдік. Ондай кітаптар Алматының орталық кітапханаларында жоқ.  Қасым Аппасұлының  көп нәрсені білетіндігіне, ол ілім-білімді құнды кітаптарды  жинастырып, солардан алатындығына көзім жетті».
Осыдан кейін  біраз жыл өткен соң жерлес бір қарындасымыз, Ақкөл ауданының  тумасы жазушы-шежіреші Жайық Кәгенұлы Бектұровтың  еңбектерін зерттеп, кандидаттық диссертация қорғамақшы болды.  Сол ғылыми кеңеске Тұрсынбек ағамыз қатысып, Жайық жерлесі туралы көп ой толғап, тың мағлұматтар берді.  Жәкеңнің бастан кешкен  қиыншылықтарын  айта келіп,  шығармаларының  құндылығын,  олардың  шындыққа  негізделгенін баса атап көрсетіп, әлі сол кезде  ешкім айта алмаған Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, тағы басқа арыстарымыз туралы халыққа  жеткізгеніне, Жайық Кәгенұлының  шығармаларын терең зерттесе, докторлық диссертация қорғауға болатындығына тоқталды.
Жайық пен Тұрсынбек ағаларымыз  бір өңірдің тумалары. Олардың туған жерлері  бір-бірінен 50-60 шақырымдай.  Меніңше, бұл кісілерді байланыстырған бірнеше жағдай. Ол Жайық Кәгенұлының  Сәкенмен  қатарлас еңбек етуі,  ол кісі көрген азапты  Жәкең де  басынан кешіргендігі,  онымен қоса жерлестігі болар. Сол  кезде Жайық Бектұровты туған өңірінің халқына жақынырақ таныстырып, есімін мәңгі ел есінде қалдыру  мәселелерімен айналысып жүрген кезім. Осы мәселелерді қолдауы қажет екендігі туралы  Тұрсекеңмен хабарластым. Ол кісі қуанып,  «мен толық қолдаймын, қажет болса көмегімді беремін, жақсы шаруамен айналысып жатыр екенсің, ісіңе сәттілік тілеймін», – деді.  Содан Тұрсынбек Кәкішев, ақын,  мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов, әдебиетші ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, белгілі журналист-жазушы Амантай Кәкен және мен қол қойып, облыс әкіміне хат жаздық.  Соның нәтижесінде бұл күнде Ақкөл қаласында  Жайық Бектұров атындағы көше бар, енді бір үлкен мектепке аты беріле ме деген үміттеміз.
Біздің өңірде зиялы, халқының жарық жұлдызы болып жүрген аға-апаларымыз  онша көп емес.  Сол барымызды қадірлеп,  жастарға үлгі етіп, еңбектерімен таныстырып, тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізсек, ұтарымыз көп болар еді. Осындай дара тұлғаларымыздың  бірі, тіпті, бірегейі – Тұрсынбек Кәкішев. Ол кісіні Ақкөл ауданының тумасы деп те айта аламыз.  Олай дейтінім, ол кезде Алтынды (Даниловка) біздің ауданға қараған. Қазір Бұланды ауданының жері. Тұрсекеңнің туған ауылы ұзақ жылдар Даниловка аталып келді.  Кейінгі жылдары ғана Алтынды есімін алды. Данил дегеннің  кім екенін ешкім білмейді. Кеңес дәуірінде ме, одан ертеде ме, әйтеуір, келімсектер өздері қойып алды.  Ал, Алтынды деген  аттың да ол елге онша қатысы жоқ сияқты. Ертеде алтын руднигі болды-ау деймін.  Оны бүгінгі ұрпақтар білмейтін де шығар. Қазір алтын шығып  жатқан жоқ.  Еліміз бо-йынша  байқап отырсақ,  кейбір елді мекендерге  белгілі жерлестерінің атын қойып жатыр. Сол Алтынды ауылына  ірі әдебиеттанушы ғалым, бүкіл елдің мақтанышы, соңында өте жарқын із қалдырған Тұрсынбек Кәкішевтің  есімін беріп, мүсінін орнатса артық болмас еді деп ойлаймын.  Бұланды ауданының  орталығы Макинск қаласының бір орталық көшесін Тұрсынбек Кәкішұлының атымен атаса, ол кісінің аруағының алдында орындалған бір парыз осы болар еді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар