Аяқ киім шығара бастадық

Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді пысықтады және жаңа аяқ киім цехының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

  Облыс әкімі алдымен Талапкер ауылдық округіне қарасты №96 разъездегі балабақшада болды.  Жақында сол маңда жаңадан салынып жатқан орта мектептің қазандығы жарылып, төтенше жағдай орын алған болатын. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Аудан әкімдігінің жедел іс-қимылының арқасында резервтегі электр бу қазандығы іске қосылып, 140-қа жуық бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан балабақша қажетті жылумен қамтамасыз етілді.
Жағдайды өз көзімен көрген облыс әкімі аудан басшылығына жылу қазандығының жарылу себебін анықтауды тапсырды. Сонымен қатар, «сақалды» құрылысқа айналған жаңа орта мектептің жайын да сұрап білді. Аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің айтуынша, қазіргі кезде тапсырыс беруші мен мердігер компания соттасып жатқан көрінеді. Соған қарамастан,  келер оқу жылына дейін қайткен күнде де мектеп құрылысын аяқтап,  пайдалануға беру міндеті жүктелді.  Ал, ісіне салғырт қараған мердігер компаниядан келтірілген 56 миллион теңгеге жуық шығынды сот арқылы қайтарып алу қажет.  
Сол күні облыс әкімі аудандағы Қажымұқан ауылында қолға алынған ешкі фермасының құрылысымен танысты. 5000 ешкіге арналған ферманы келер жылдың көктемінде іске қосу жоспарланған. Жобаны «Зеренді» асыл тұқымды мал шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Хамит Фаезов пен құрылтайшысы Ермек Лұқпанов бірлесе қолға алуда. Олар ешкі шаруашылығы қарқынды дамыған Израильге барып, сол жақтағы шаруалардың тәжірибесін көзбен көріп келген.
– Қазіргі кезде негізгі сүт цехы, сауын алаңы және сүт зауытының құрылысы қызу жүргізілуде.  Жобаның құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Шетелден 1000 бас асыл тұқымды, сүтті ешкілерді сатып әкеліп, алынған өнімді осында өңдеп, экспортқа шығармақпыз. Италия және Қытай  бізде шығарылатын сүтке әлден қызығушылық танытып отыр, – деп ағынан жарылды Хамит Фаезов.
Сонымен қатар,  облыс әкімі Фарфор ауылында салынып жатқан тау-кен компаниялары үшін эмульсиялық жарылғыш заттарды шығаратын жаңа зауыттың құрылысына назар аударды. Серіктестік директоры Сырым Тутеевтің сөзінен ұққанымыздай, бұл жоба 1,9 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Нысанды алдағы жылдың нау-
рыз айында іске қосу жоспарланған. Бұдан кейін Сергей Кулагин осындағы №10 және Максимовка ауылындағы №9 орта мектептерде болып,  педагогикалық ұжыммен және 11 сынып оқушыларымен кездесті. Өңірге жұмыс сапарының соңында Максимовка ауылында аяқ киім тігетін жаңа цехтың ашылу салтанатына қатысып, ұжым мүшелерін қуаныштарымен құттықтады.
– «Облыс аумағында кез келген кәсіпорынның ашылуы біз үшін қуаныш. Бұл бір жағынан, бюджетке түсетін салық болса,  енді бір жағынан, тұрғындарды жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Ең бастысы, біздің брендті облыстан тыс жерлерде де білетін болады, – деді облыс әкімі осы орайда.
«SAMHAT» ЖШС Ресей, Беларусь,  Түркия, АҚШ, Англия және Шығыс Еуропа елдерінің жетекші фабрикаларының технологиясы бойынша арнайы мақсаттағы аяқ киімдер шығаратын болады. Әзірге  кәсіпорын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тапсырысымен жұмыс істеуде.
– Өнімнің негізгі артықшылығы сапасында болып отыр. Аяқ киімдеріміз барлық талаптарға және Қазақстан Республикасының мемлекттік стандартына сай. Ал, кәсіпорынның қуатына келетін болсақ,  жылына 500 мың жұп аяқ киім шығара аламыз. Тапсырыс болып жатса, көлемді арттыруға болады. 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді серіктестік директорының орынбасары Асхат Исабеков.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар