Әлеуметтік қолдауға баса көңіл бөлінген

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтылған жаңа міндеттерді жүзеге асыру бағытында әр мемлекеттік орган өзіне қатысты шараларды қолға алуда. Әлеуметтік сала мекемелерінің  де алдағы уақытта  өз жұмыстарында  қандай мәселелерге  басымдық берулері керектігі  маңызды құжатта нақты атап көрсетілген.

Жаһанда болып жатқан жайттар, әсіресе, дағдарыс лебі біздің елдің экономикасына да айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Одан ешбір мемлекет қашып құтыла алмайды. Алайда, мемлекеттің қарапайым халық алдындағы жауапкершілігі, әлеуметтік міндеттері сол күйі сақталып қала береді. Елбасымыз осыны жете түсінгендіктен мүдделі органдарға жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қойды. Жолдауда айтылғандай, мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі халықтың аз қамтылған санатын  қолдауға және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етуге арналуы тиіс. «Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде көрсетілетін болады. Еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болады»  – делінген стратегиялық құжатта.   
Осы орайда, біз елімізде біраз жыл қатарынан сәтті жүзеге асырылып келе жатқан, оның үстіне тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда үлесі мол «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жандандыра түсуді көздеп отырмыз. Нарықта қалыптасқан жағдайға байланысты бұл жоспарымыз бірнеше бағытты қамтитын болады. Алдымен, жұмыссыздық көп тіркелген елді мекендерден жұмысшылары аз аймақтарға халықты көшіру арқылы еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру қажет. Бағдарлама әрі қарай жалғасып, «Өрлеу» жобасы аясында жаңа тұрпаттағы мекен-жайлық әлеуметтік көмек қолданысқа енгізілетін болғандықтан мемлекеттен қосымша қаржы бөлінеді.
Жаңа экономикалық талаптарға байланысты аталған бағдарлама бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жұмыспен қамту саясатының негізгі мақсаты – ірі кәсіпорындарда жұмыс орындарының жаппай қысқартылуын болдырмау болып табылады. Бұл жұмысшыларының саны 250 адамнан кем емес еңбек ұжымдарына қатысты. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, еңбекақыны уақытша мерзімге мемлекеттен субсидиялауды ұсынамыз. Көбінесе, өндірісте еңбек етіп жүрген қызметкерлерге субсидия шығыны  мөлшерінің үштен екісі алты ай бойы немесе одан көп уақытқа төленетін болады.
Екіншіден, азаматтарды оқыту және қайта даярлау бағдарламалары тек жұмыс берушілерге қажетті тәжірибелік дағды бойынша жүргізілуі керек. Осы орайда, жұмыс берушілер өздерінің қарамағындағы еңбеккерлерді мемлекеттен бөлінетін гранттар есебінен қайта даярлауға немесе біліктілікті арттыру курстарына жібере  алады. Грант мөлшерінің сексен пайызын қайтарымсыз түрде мемлекет жапса, қалған жиырма пайызын жұмыс беруші өзі төлеуге міндетті.
Жастарды кәсіби даярлау ісі де көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауда өте жақсы айтып өтті. Шынында да, қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен техниканың күні туған заман. Сондықтан, жастар жұмысшы мамандықтарды меңгергені жөн. 18 бен 24 жас аралығындағы жұмысшы жастарға да қосымша  кәсіптік білім артықтық етпейді. Олар оқуда жүрген кезде еңбекақылары сақталмаса да, әлеуметтік демалыс алуларына болады.
Әлемдік дағдарыс кезеңінде елімізді экономикалық құлдыраудан сақтап қалуға 2009-2010 жылдардағы дағдарысқа қарсы бағдарламасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының тигізер пайдасы мол болмақ. Өйткені, бағдарлама іске қосылған алғашқы жылдардан-ақ қаншама жұмыссыздар еңбекке тартылып, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына үлестерін қосты. Сол себепті, жоғарыда айтып өткенімдей өмірлік тәжірибені ескере отырып «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жандандыра түспекпіз. Биылғы жылы бірінші бағыт бойынша 833 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген 33 инфрақұрылымдық жоба іске қосылды. Дәрігерлік амбулатория құрылысы бойынша  үш жоба жыл соңына дейін аяқталады, ал, қалған төртеуінің құрылысы келесі жылы бітпекші.
Сонымен қатар, екінші бағыт аясында 287 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курс-тарынан өтті. Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының деректеріне сәйкес, жыл аяғына дейін 295  адам 712,0 миллион теңге көлемінде шағын несие алатын болады. Соның ішінде 488,9 миллион теңге  республикалық бюджеттен келіп түссе, қалғаны мерзімінен бұрын төленген
несиелер есебінен берілмекші. Ал, үшінші бағыт бойынша да жұмыстар жалғасуда. Мәселен, 24 адам кәсіптік оқытуға жіберілді. Барлығы 705 қатысушының ішінен әзірше 614 адам кәсіптік оқуларын аяқтап үлгерді.
Жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасуында жастар іс-тәжірибесі бағдарламасының рөлі зор. Үстіміздегі жылы жобаға университет бітірген 401 түлек қатысып, нәтижесінде олардың жартысынан астамы тұрақты жұмыс орындарына орналасты.  
Өткен жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарымен қатар, біздің өңірде де халықтың аз қамтылған санатын әлеуметтік қолдауға арналған  «Өрлеу» пилоттық жобасы жүзеге асырылып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Бұл қолданылған шаралардың негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын жақсарту екенін түсіну қиын емес.
Қорыта айта кетсек, елімізде халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейі қашанда бірінші кезекте тұратыны биылғы Жолдауда тағы бір мәрте дәлелдене түсті. Біздің ендігі міндетіміз – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, осынау қысталаң шақта бірлігімізді танытып, мықты мемлекеттік аппарат екенімізді көрсете білу. Барлық әріптестерімді Жолдауды қолдауға, ондағы міндеттерді өміршең етуге шақырамын.  
Дина АХМЕТЖАНОВА,
облыстық жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарламаларды
үйлестіру басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар