Бағдарлама көмегі

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының өкілдері «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында қолдауға ие болған Көкшетау қаласының бірқатар кәсіпорындарына кезекті  баспасөз турын ұйымдастырды.

Бұл жолы  біз облыс орталығындағы «Тау-Кон», «Айжар» серіктестіктері мен Орал Смағұлов, Виталий Савенко тәрізді жеке кәсіпкерлердің кәсіпорындарын аралап көріп, аталмыш бағдарламаның арқасында кәсіпкерлер өз бизнестерін ұлғайтқандарының және жаңа жұмыс орындарын ашқандарының куәсі болдық. Мәселен, Краснояр селосындағы Талғат Ысқақов басқаратын «Айжар» серіктестігінің шұжық өнімдерін шығаратын цехы жұмысын биылғы жылдың сәуір айынан бастапты. Серіктестік технологы Салтанат Орынбекованың айтуынша, кәсіпорын мемлекеттік бағдарлама арқылы   «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан несие алып, Ресей мен Беларусьта жасалған 18,5 миллион теңгенің қондырғыларын сатып алған. Бүгінгі таңда цехта сапалы шұжық өнімдерінің 15 түрі шығарылады. Арасында сүрленген шұжықтар да бар. Тәулігіне 100 келі өнім өндіріліп, облыс орталығының сауда орындары мен жақын елді мекендерде сатылады. Келешекте айжарлықтар жылқы еті өнімдерін шығаруды көздеп отыр. Мұнда 5 адам жұмыс істейді. Олардың еңбекақысы 50 және 80 мың теңгені құрайды.
Жеке кәсіпкер  Орал Смағұлов Жайлау шағын ауданының маңындағы «Достық» дүкені аумағында нан-тоқаш өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде 26,5 миллион теңге несие алды. Несиенің 14 пайыздық ставкасының тең жартысы мемлекеттің мойнында. Өндіріс меңгерушісі Элмира Жапарова өз сөзінде несие қаржысына наубайхана ғимараты жөнделгенін, нан-тоқаш өнімдерін шығаратын қондырғылар сатып алынғанын атап өтті. Мұнда ақ нан мен тоқаштың бес түрі шығарылады. Кәсіпорында Ботагөз Сағитова, Жаңыл Амантаева , Александра Цацук сияқты 15 адам жұмыс істеп, күніне 1500 нан пісіреді. Нан өнімдері облыс орталығының дүкендерінде сатылуда. Келешекте жеке кәсіпкер кәсіпорнын кеңейтуді жоспарлап отыр. Марат Сәрсенов басқаратын «Ескі ет комбинаты» шағын ауданында орналасқан «ТауКон» серіктестігі ұннан жасалған кондитерлік өнім өндірумен айналысады. Мұнда печеньенің 27 түрі жасалып шығарылады. Кәсіпорынның бас технологы Татьяна Петрованың айтуынша, мұнда Баян Әміренова, Самал Шаяхметова, Аққу Рақышева сияқты 27 адам жұмыс істеп, тәулігіне 900 келі өнім өндіріледі. Ең төмен еңбекақы 60 мың теңгені құрайды. Өткен жылы серіктестік 20 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесіне Италияда жасалған жаңа қондырғылар сатып алыпты. Жаңа технологиямен өндірілген өнім Ақмола облысы мен Қарағанды, Қостанай, Астана және Петропавл қалаларында сатылады.
Баспасөз туры соңында «Автоқалашық» шағын ауданындағы жеке кәсіпкер Виталий Савенконың техникалық қызмет көрсету станциясында болдық. Ол бізбен әңгімесінде ұлы Тараспен бірге жұмыс істейтінін, «Даму» қорынан алған жеңілдетілген несие есебінен автосервис ғимаратын жөндегенін айтты. Станция үшін өзге кәсіпорындармен бәсекелесуге мүмкіндік беретін диагностикалық және реттегіш қондырғы сатып алыпты. Бүгінгі таңда кәсіпорынның көлік жөндейтін 6 бекеті, екі көлік жуатын орны жұмыс істейді. Мұндағы 9 адам әртүрлі қызмет көрсетіп, күніне 15 көлік жөндейді.  Сондай-ақ, жеке кәсіпкердің үш дүкенінде қосалқы бөлшектер сатылады.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар