АҚЫНДЫҚ ХАҚЫНДА

Біздің бала кезімізде еңсегей бойлы соқыр Сары деген бір ағамыз болды. Азан шақырып қойған аты Жексенбі екен. Жасында екі көзі қызылшадан кетіп, соқыр болып қалыпты. Өзі жан біткеннің қарулысы еді. Қандай ауыр жұмыс болсын, әп-сәтте еңсеріп тастайтын. Құйма құлақ зеректігі және бар. Көркем сөз,  келісті әңгіме, сұлу өлең, төкпе жыр атаулының бәрін бір естігенде қағып алып, керек кезінде зарлатып та, дауысын көтеріп, жігерлі екпінмен желдірте әнге салып та айтып беретін.

Айтқаны қара сөзбен тігісін жатқыза суырып салған жай әңгіме болсын, ұзақ жыр болсын, өз жанынан шығарғандай қылып топандай төгілдіріп, ешқандай кедір-бұдыры білінбей кететін тау суындай тасқындатып жіберетін. Сонысына қарай соқыр Сарыны тыңдаған адамдар оны ақын деп есептейтін. Мұндай сөзді ақын адам ғана айта алады деп санайтын. Ол кезде бала болсам да Сарыны ақын деп білгендердің бірі өзім едім. Орта мектептің әлде жетінші, әлде сегізінші сыныбында оқитынмын. Шатпақтап  өлең шығарып та жіберетін әуестігім болушы еді. Сол әдетім жай таптырмай, түрткілей берген соң өзімше қоразданып бір ауыз  өлең айта қойғаным әлі есімде. Ол өлеңнің жадымда сақталған нобайы мынадай еді:
Бойымды өлең қысып, ойды кернеп,
Отырмын күйіп-жанып, денем терлеп.
Хош көрсе Сары ағам сол жайымды,
Болар-ау, мен үшін бір ғанибет.
Осылай деп қойып қалдым. Деуін десем де өз-өзімнен қысылып отырмын. Сары ағам «мынауың өлең емес, нағыз бос сандырақ» екен десе, не істемекпін. Алайда, Сары ағам олай деген жоқ. Әлгі шумақты сол айтылған қалпында көкірегіне қондырып жаттап ала қойыпты. Қайтадан бір айтып шықты да, –  соңында «бір ғанибет» деген сөз бар екен,  – деді ойлы пішінмен.  – Бұрын мен естімеген сөз, мен кездестірмеген жаңа сөз. Сен сияқты баланың оны өзі ұғып, айтуы қиын сөз.  Жарайсың, сөзді түсініп, сөз қадірін біледі екенсің.
Сары ағам осылай деді. Менің «бір ғанибет» деген сөзіме байланысты ұзақ ойланып отырып, көп-көп әңгіме айтты. «Тегінде ол арабтан шыққан сөз болуы мүмкін. Олжа, нәпақа дегенге келе ме, қалай!» – деп барып бір тоқтады. Өлеңімде келтірген сөздердің мән-мағынасын өзім де білмеуші едім. Сондықтан, Сары ағамның мына қисынды ойына ештеңе айта алмай отырып қалдым.
Арада көп жыл өтті. Алыс бір облыста қызмет істеуші едім. Еңбек демалысын алып, өз ауылыма барған бір сапарымда Сары ағайымды іздеп, әдейілеп, үйіне соқтым. Мүлде қартайып қалған екен. Бірақ санасы сергек, сөз тыңдап, сөз айтуы баяғы қалпында. Сәлем берейін деп арнайы келгенімді айттым. Ойланып біраз отырды да:
– Мынауың бір ғанибет болды ғой,  – деді  қауқылдап. – Дәмге қарап, сыбағаңды жеп кет,  – деді әр сөзін екпін түсіре бұйыра сөйлеп.
– Мына  айтқаныңыз  бір ғанибет болды ғой, мақұл, мақұл! – дедім мен де елпілдей қалып.
Сары аға күліп жіберді. Сонан соң:
– Орнымен айтылған сөз ұмытылмайды екен-ау. «Бір ғанибетті» екеуміз де ұмытпай жүр екенбіз. Сөз құдіреті деген осы шығар! – деді өзімен-өзі сырласқандай созыла шыққан бәсең үнмен.
Сөзге үндей алмай отырып қалып едім. Ойыма «ақын» деген бір сөз оралып, құлағымды, тіпті бүкіл сана-сезімімді баурап алғандай  болды. Мына отырған Сары ағам шындап келгенде ақын емес қой. Ол ұйқас қуып, буын санап, өлеңнің төрт жолын түгендеп жүрген жоқ. Бірақ, сөздің сырын ұғып, салмағын шамалай білген сара көңіл жан екеніне кім таласар. Ақындықтың өзі де осындай сара көңіл дана жандардан шығады емес пе?!
Ендеше, сондай жандардың бәрін ақындар санатына қосу керек деп  топшылаймын. Сөзге жан бітіріп, өлеңге өлмес өмір берген өнер иесі кім десе, оның аты ақын деп, ақын құдіреті деп білген жөн.
Қазақтың тілі шығып, есі кірген кішкентай баласынан ел үлкені атанған абыз ақсақалдарына дейін  есімін ұмытпай кұрметтеп келе жатқан атақты Сәбең – кәдімгі Сәбит Мұқановты кім білмейді?! Сол Сәбеңмен 1953 жылы оқу іздеп Алматыға келгеннен бастап жақсы таныс, тіпті аралас-құралас болған едім. Ол туралы мен ұлы жазушының туғанына 100 жыл толуына орай, «Жұлдыз» журналының 2000 жылғы он екінші нөмірінде «Ұлы Сәбеңмен ұмытылмас кездесулер» (48-64 беттер) деген көлемді естелігімде толық жазған болатынмын. Сәбеңнің үйінде де жиі болып, ақ тілеулі Мәриям анамыздың қолынан талай рет дәм татқаным ешқашан ұмытылмақ емес.
Үйіне барған адамды Сәбең жарықтықтың үлкен-кіші демей төріне оздырып, ақ қөңілден шыққан неше түрлі қызық хикаяттарға қарық қылатынын бүкіл қазақ біледі десек, артық емес шығар. Мына бір сөзді  үйіне барып әңгімелесіп отырғанда кенеттен шешіліп сыр шерткен кезінде Сәбеңнің өз аузынан естіген едім.
Не себептен екені есімде қалмапты, сол жолы Сәбеңнің сөз төркіні ақын туралы әңгімеге қарай ойысқан еді. «Ол кезде көрші республикаларға барып қазақ әдебиеті мен мәдениетінің күндері дейтін атаулы іс-шараларды жиі өткізіп тұратынбыз, – деп бастады Сәбең әңгімесін. – Мұхтар екеуіміз бастаған ресми делегация мүшелері Қырғызстанда болып, сондай күндерімізді өткізіп келе жатқанбыз. Жалпы санымыз жиырма шамалы адам. Қырғыз ССР-інің астанасы Фрунзеден бізді Қырғызстанның бір топ жоғары мәртебелі өкілдері шығарып салды. Қаладан біраз ұзап шыққан соң  бір алаңқайға ат басын тіредік. Жаз айы. Қырғыз бауырлар аттанарлыққа бізге қонақасы бермек екен. Арнап алып шыққан қойы да бар. Бас тартылып, екі-үш жерге табақ жасалды. Қырғыз бауырларымыз да көңілденіп, мәре-сәре болған. Біз де олардың мына мәрттігіне сүйсіне қуанулымыз. Әңгімеміз жарасып, арғы-бергі тарихтан сыр қозғаймыз.
Қырғыз ағайындардың ішінде жасы отыздан енді ғана асқан бір жігіт көбірек көзге түсіп, сөз тізгінін жиі-жиі өз қолына ала бергенін байқадық. Мәжілісімізді де сол басқарып жүрді. Аты Социал екен. Қоштасар сәтте әлгі Социалымыз алыстан аталы сөз қозғай келіп, кенеттен  Мұхтар екеуімізге қарата:
– Мына отырған қазақ ағайындардың ішіндегі жасы да, жолы да үлкені өздеріңіз екенсіздер, – деді тебірене сөйлеп.
– Біздің қазақ пен қырғыздың ақын халық екеніне бүгінде ешкім таласа алмайды. Айтыңыздаршы, сонда қазақ пен қырғыздың қайсысы нағыз ақын деп білесіздер?
Бұған не деуге болады? Қапелімде Мұхтар екеуіміз де аяғы аспаннан салбырап  түскендей мына сұраққа жауап бере алмай қалдық. Бірақ, Мұхаң терең еді ғой, шіркін!  Аздап бөгеліп барып сөз тауып кетті.
– Біздің жақта Өтеген деген бір ауылнай ағамыз болды баяғыда, – деп бастады сөзін. – Сол ағамыз бірде ауылнайдың мөрі мен ісқағаздарын салып жүретін оқшантайын жоғалтып алып, үйіне қатты қапаланып келсе керек. Соны байқаған інісі қалжындап:
– Ассалаумағалейкүм, ауылнайым! – дейді. Бұл сөзді естіп тұрған ауылнай ағамыздың қарындасы да жай отырмай:
– Қорқып жүр жоғалтып ап оқшантайын, – деп сөз қосады.
Қарындасының өзіне сәл-пәл жаны аши сөйлегеніне іштей риза болған ағасы:
– Сотыңа да, отыңа өзім барам, неге керек құр бекер сарыуайым? – деп тоқтау айтады.
Бұл үйде сол кезде жасы тоқсанға жуықтап әбден қартайған соң, жүре  алмай жатып қалған кейуана бар екен. Балаларының әлгі айтқандарының бәрін естіп жатқан қарт ана риза болып:
– Бәрекелді, балалар, нәйім-нәйім! – деп пәтуа айтқан екен дейді.
– Сонда, бір шаңырақтағы төрт жанның төртеуі бір-бір тармақ сөз қосып, табан аузында бір шумақ өлеңді суырып салған қазақ ақын болмай, кім ақын болады? Осының төрелігін өзің айт, Социал қарағым, – деді Мұхтар әлгі сұрақты қойған жігіттің өзіне салмақ сала сөйлеп.
Жігіт үндей алмай қалды.
Қазақтың бас ақыны атанған данышпан Абай «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңін жазғанға дейін өзін ақынмын деп есептемегені туралы әңгіме бар еді ғой. Бір жолы 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдығын алып санап көрсек, Абай дәл осы шығармасына дейін 60-қа жуық өлең жазған екен. Және қандай өлеңдер десеңізші! Тек Абай қаламы ғана туғыза алатын теңіздей терең ой, сұлу сомдалған сырлы сөз дегендерің тұнып тұр-ау, тұнып тұр! Өлең сөздің соншалықты шырқау шыңына көтеріліп, жасы қырықты орталағанға дейін өзін ақынмын деп танымау тек Абай сияқты ақыл-ойдың алыбынан ғана табылар асқақ қасиет болғаны ғой. Шынында да Абай – шың, дара туып, әлі күнге дара тұрған шың атаулының шырқау биігі. Биікті биік қана таниды. Абайды тану үшін өзің де сол биіктердің биігіне көтерілуің керек. Соған жету үшін адамда ең алдымен «бойда қайрат, ойда көз» болуы тиіс. Бұл, әсіресе, ақынға керек қасиет.  Адам болып туған соң адам сияқты болып өту де екінің бірінің өресі жетпес қасиет. Өз халқын жанындай жақсы көре тұрып, жалпы қазаққа тән осалдық атаулыларды көңіл көзімен қиядан көре білген асқар таудай алып тұлға – Абай дана «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!» – деп терең күрсіне сөз толғап, «Жігерлен, сілкін, қайраттан, беркін» деп насихат бергенде ешкім дүр сілкініп оянбағанын біліп: «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң айтпа сөз» деп түңіліп еді-ау. Бірақ, ол заман да өтті. Дүние жаңарып, заман жақсарды. Ақын жүрегі аңсап, Абай арман еткен күн туды. Абай сөз арнап, үлгі бермек болған жастардың, жақсы-жайсаңдардың күні туды. Жақсы мен жайсаң жүрген жер жарқырай жайнап, жүрер жолы нұрланып тұрады. Абай жақсылықты солардан күтті. Жақсы мен жайсаң өз еліне, қазақ атты халқына тек жақсылық әкеледі, ел бірлігін нығайтып, береке дарытады деп сеніп өтті.
Берекелі болса ел,
Жағасы  жайлау ол бір көл.
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Абай осылай деп ой қорытты. Асып-таспа, берекеңді қашырма, – деп кетті. Қашпаған береке  – байлықтың, барлықтың  белгісі. Байлық болса, барлық болса, қарын тоқ. Қарны тоқтың көңілі алаңсыз.  Алаңсыз көңілдің аты әрқашан ерттеулі, талаптың тұлпарын мінген арқалы ақын сияқты қанаты әрқашан қомдаулы. Талаптың тұлпарын мінген  ақын айтарын айтпай қоймайды. Қанатын қомдаған құс ұшпай тұрмайды. Ақын көңілдің, ақын өмірдің қанаты ешқашан талмасын, ақын қанаты әрқашан қомдаулы болсын! – дейік.

Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар