Өшпес өмір өрнегі

Бүгін белгілі журналист Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаевтың өмірден озғанына қырық күн. Аяулы есімін тағы бір тебірене еске алып,  Жаратқаннан жақсылық тілейміз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың келіп-келіп осымен тынары жанымызды ауыртып,  көңілімізге мұң ұялатады.

Сұм ажалмен санаспайтын кім бар?!.  Дәкеңдей азамат туралы да енді өткен шақпен сөйлеуге көндігіп келеміз. Ойымызға жұмыстағы өткен-кеткен бір қызық қылығы түсіп, соны ауызға ала бастасақ та,  тұрған бойы, жүріс-тұрысы көз алдымыздан сырғыған емес.  Жүрек шым еткендей, өз-өзімізден біртүрлі болатынымыз бар.
Бұл әрине, абзал азаматты сұм ажалға қимағанымыз, мына жер бетінен әлі де бір қылаң беріп қалатындай елең-алаң күй кешетініміз.  Жай күннің өзінде редакцияға бір соқпай кетсе, қарайлап, тосып жүретін жасы үлкен ағалардан бұлай біржолата көз жазуың шынымен қиын екен. Енді бізге жоқ екенін білсең де,  шектен  тыс бір ырық соған бой бергісі келмейді.
Ең әуелгі қасиеті өз жұмысына тиянақтылығы, журналист атты  қиын мамандықтың ыстық-суығына шын берілгендігі еді. Тиіп-қашу дегенді білмейтін. Кеңсеге ерте келіп, кеш кететін де өзі. Таңертең қабылдау бөлмесінің есігін ашайын деп кілтіңді ала берсең, әлден қағаз «кеміріп», іште отырады. Газетке әкімдіктен түсетін қаулы-қарарға  дейін шашау шығармай, бір қолдан оқып, мынау бүгінгі, мынау ертеңгі нөмірге деп тап-тұйнақтай жоспарлап қою, баспаханамен қажетті бір шұғыл шаруаларды тез шешіп тастау ол үшін түк емес еді.  Үйінен жаяу аяңдап келіп, сенбі күні ертемен газеттің жаңа санын да еш ауырсынбай, кей  жеткізетін жеріне жеткізіп кету тағы мойнында. Бұл да бір есептен ірілігі, газет жұмысында ұсақ-түйек ештеңенің жоқ екенін әріден терең түйсінуі еді.     
Жастайынан секретариатта істеп, әбден ысылғаны, сонау «Көкшетау правдасынан»
бастап үлкен мектептен өтіп, осы жұмысты бес саусағындай меңгере түскені мен мұндалап тұратын. Жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып жүргенінде бәріміз бірлесіп баспаханаға тапсырылатын дайын беттерді соңғы сүзгіден өткіземіз. Көзіндегісіне қоса, үстелінде тағы бір көзілдірік. Алма-кезек бірін алып, бірін киіп, кейде екеуін бір-біріне қосарлап, бар ынта-шынтасымен тақырып,  аннотация біткеннің әр әріпін тапжылмай оқиды да отырады. Сондағы бар ойы – беттен қате жіберіп алмау. Бұл да өз міндетіне адалдықтың, жанашырлықтың баға жетпес үлгісі! Бүгінгі көбіміз  үйренер,  ұқсап бағар үлгі.
Міне, ойлап отырсам, Дәкең мен үшін редакция дейтін қара шаңырақты осындай қасиеттерімен ізгілендіре түскен азамат екен. Бір тілінің қуақылығының өзі күнделікті жұмыста көңіл ауанын оңға бұруға қаншама сеп еді. Қайдан келе  беретінін кім білсін, күтпеген жерден ешкімге зияны жоқ қазақы қалжыңының бірін   қойып қалады. Шыдай алмай, ду күлеміз де, бойымызға тың қуат алып  жүре береміз.
Осының бәрін енді өзі жоқ өткен шақпен баяндау түйсік шіркінге  оңай тиерлік шаруа емес. Әрине, бүгін бар, ертең жоқ бұл алдамшы дүниеде бәріміз де пендеміз. Сүрініп барып тік тұрамыз, қате басып, азабын тартамыз.  Дауылды күнгі қайықтай тағдыр олай бір, былай бір  қақпақылдап өз дегенімен алып кетеді. Сынайды, сындырады. Шыңдайды, шынықтырады. Ойландырады, ұқтырады. Өкінтеді, өксітеді. Осы жайлардың біразы Дәуренбек ағамыздың да басынан өтті. Әсіресе, қапыда сүйікті ұлы Асыланынан айырылып, аһ ұрып  қалу… Мына өмірден  түңіліп, бәз кешу… Мұның бәрін сол тұста сүйеу болған  қаламдас досы әрі өзі қызмет істеген газет басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты  Жабал Ерғалиевтай біреуіміз де жеріне жеткізе айта алмаймыз. («Сен мен үшін қымбат едің», «Арқа ажары», 3 қараша, 2015 жыл, №133).
Бірақ, біз әркімнің  жақсылығын көре білуге, соны тірілерге жеткізе білуге тиіспіз. Ол біздің парызымыз, өлгендер, өткендер  алдындағы қарызымыз! Бұл дүниеде адамгершілігі асқақ, момын да адал,  қазақ баспасөзінде бір кісідей еңбегі бар Дәуренбек Шөрентаев туралы біз сөйлесек, осы тұрғыдан сөйлеп отырмыз. Адал болмаса, кешегі кеңес заманының 70-інші жылдары көшеден тауып алған 600 сомды «мен ақша тауып алдым» деп  милицияға өзі апарып берер ме еді.
Бір күні дәмі таусылып, кете барса,  сол ақшасы да, байлығы да жоқ журналист ағайынның артында не қалмақ?  Шама-шарқынша көз майын тауысып жазған-сызғандары. Тірісінде басы артық ештеңеге  қызықпай, Алланың өз бергенін қанағат тұтып, ел қатарлы қарапайым ғана елеусіз ғұмыр кешкен Дәуренбек Шөрентаевтың да соңында қалдырғаны енді сол азды-көпті  мұрасы. Бұл оның өмірдегі  бары да, бағы да, артықшылығы да.
Сондықтан, біз де күні кеше ғана бірге жүріп, бірге ойнап-күлген, бір-бірімізді жақын тартып, бірге  еңбек еткен қаламдас әріптестері ретінде қырқына дейін осы бір дүниелерін кітап етіп шығарайық деп шештік. Ағамызға деген ақ көңіл, ақ ниетімізден бұл және біздің қолымыздан келді!  Өзінің көзі тірісінде де «бір кітабыңыз шығатындай уақыт болды ғой» деп қамшылайтынбыз. Бірақ, қанына сіңген сол қарапайым мінезімен онымызды  елемей жүре беретін.
Енді соның реті көзі жұмылғаннан кейін келіп отыр.  Олай ойлап, былай ойлап, бұл кітапты «Өмір өрнегі» деп атадық.  Бар саналы ғұмырының 41 жылын тапжылмай қазақ баспасөзіне арнаған асыл  азаматтың  осы кітапта жалғасып жатқан қалам ізі шынында да,  бар өмірінің өрнегі мен  мәні емес  пе еді. Ендеше, бұл жинақ та  біздің жанымызды бір сәт болсын, Дәуренбек Шөрентаевтың
нақ өзіндей жылы шуаққа бөлей түсеріне шүбә жоқ. Иә, аяулы жанның тура сол ешкімге жаттығы жоқ ақ самал
ақ көңіліндей!..

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар