Елім деп соққан жүрегі

Осыдан отыз жыл бұрын Ақан орта мектебінен дәріс алып, 28 оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқанымыз әлі есімде. Біз осы ауылдан он жылдықты бітіріп шыққан үшінші түлек болатынбыз. Бізге дейінгі аға-апаларымыз Ақан ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітіріп, облыс орталығы Көкшетау қаласындағы мектеп-интернатта жатып немесе қаладағы №3 қазақ мектебіне барып, пәтерде тұрып, он жылдықты сыртта оқитын еді.

Ал, біздің бағымызға қарай 1981 жылы Ақан ауылы «Сарыөзек мамандандырылған шаруашылық бірлестігі» деген атпен үлкен кеңшар құрылды. Сол кездері ауылға келген мамандардың барлығының дерлік бала-шағасы орыс тілді болатын. Біздің ауылда оған дейін 10-12 пән кабинеті бар, бір қабатты мектеп болған. Бізді ең алғаш білім нәрімен сусындатқан мектептің қазіргі күні тек жұрты ғана қалды. Сол мектепте оқып, білім алып, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет жасап жүрген аға-апаларымыз, қатарластарымыз көп-ақ. Біз мектеп қабырғасына барғанда сол мектептің директоры Балапай Дүйсенұлы бастаған ұлағатты ұстаздарымыз қызмет еткен еді. Ол уақытта ата-аналар ұстаздың аузынан шыққан әрбір сөзді қадірлейтін. Ал, оқушылар мұғалімнің алдынан кесе көлденең өтпейтін. Мұғалім ол кезде үлкен тұлға еді ғой! Ауыл тұрғындарын қатты қуантқан ең үлкен жаңалық жаңадан іргетасы қаланған екі қабатты мектептің құрылысы аяқталуы болды. Білім ошағы 1984-1985 оқу жылынан бастап пайдалануға берілгені еді. Осы жаңа мектептің тұңғыш қарлығаштары болып біздер оқу бітірдік.
Ұстаз – ұлы есім. Қашанда әрбір жан дүние есігін ашқанда, алғаш анасын көріп, жанына жалау етеді. Тәй-тәй басып, бесіктен бері қарағанда, мектепке аяңдап қадам басады. Бесіктен берілген тәрбие, мектепте берілген білім  ешқашан ұмытылмайды және жадыңда мәңгі сақталады. Ұстазың қандай болса, өзің де сондай жанның күйіне енесің. Сол секілді көкірегіңе көрікті ой салатын,  санаңда сабырлы сый қалатындай білім нәрін дарытқан дара тұлға, үлгілі ұстаз, ардақты әке, адал жар – Батырхан Ақжігітұлы. Балғын бүлдіршіндерді тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, тағылымды талғамымен тәрбиелеген Батырхан ағай өзі туған ауылына жанын салып, жәрдем етті. Ауылы үшін, қызмет еткен мектебі үшін жанұшыра жүгіріп, аянбай адал тер төккен ұстаз бүгінде пайғамбар жастың төрінде. Жас ұрпақтың қамы үшін жүгіріп, туған елдің түтінін өшірмей, сол өлкедегі тұрғындардың басын қосып, қиын-қыстау кезеңдерден алып шыққан жанға мақтау да, мадақтау да көптік етпейді. Әділдікпен, адалдықпен өрілген ағайдың өміріне бойлап, ерен еңбектерін айтқымыз келіп отыр. Сол бір, тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап елдің берекесі қашып, көптеген ауыл тұрғындары қалаға, қалаға жақын маңдарға қоныстанып елден көше бастады. Айрандай ұйып отырған ауылдың осы күні тоз-тозы әлдеқашан шығып кетер ме еді, қайтер еді?!
Елден үдере көшкендердің қатарына қосылып, солармен бірге бойымда күш-қуатым тұрғанда, жайлы жер тауып орнығып алайын, бала-шағамның ертеңгі күніне жағдай жасайын деп ойлаған болса, Батырхан ағамыз дәл бүгінгідей күй кешпес пе еді? Жоқ, біздің асыл ағамыз олай жасамады. Ол «көппен көрген ұлы той», – деп өзінің ауылда қалған ауылдастарының жанында, қиын күндерді солардың қасында бірге жүріп өткерді. Біздің бала кезімізде ауылда қатты боран соқса, жарық өшіп берекемізді алатын кезең, тоқсаныншы жылдары боран соқпаса да, 24 сағаттың тең жартысынан артық уақыты жарықсыз болғаны ауылда тұрғандардың есінде болар. Міне, осындай шақта екі қабатты мектепті ұстап тұру да екінің бірінің қолынан келе бермес еді. Біздің ұстазымыз өзінің қарамағындағы әріптестерімен бірге қиындықты жеңе білді. Ауылдың мүлде құрып кетпеуіне бірден-бір ықпал еткен тұлғалардың бірі – Батырхан Ақжігітұлы. Себебі, сол ауыл мектебінің туын жықпай, қандай қиыншылық болса да төзіп, табандылық таныта отырып, қарамағындағы мұғалімдерінің ешқайсысын жұмыстан шығармай, бәріне сағатты тең бөліп беріп, елдегі жағдайды қалыпты ұстауға септігін тигізді. Мектептің ауыр халін, мұғалімдердің жалақысыз жүрген күндерінде мойытпай, сабырлы сөздерімен, салиқалы ісімен демеу болып отырды. Білек сыбана мектептің кем-кетігін жамап, барша ауыл тұрғындарына ақылын айтып, ауылдың өркендеуіне ықпалын тигізді.  Қазір ол күндердің бірі де болмағандай күй кешудеміз. Сол кездегі қиыншылықтар,  кейін келе ұстазымыздың денсаулығына өзінің үлкен әсерін тигізді. Бірақ елдің батасы, үлкендердің шын тілеуі, бала-шағасының көз жасы, өзінің тәрбиелеген шәкірттерінің ыстық ықыласы ағамызға күш-қуат беріп, оған бұл қиындықты да жеңуге көмектесті. Ақан  ауылының бар азаматы осындай елі үшін еңбек еткен азаматқа қарыздар екендерін ұмытпаса екен деймін.
Ауыл-аймақтан алғыс алған азамат бұл күнде ардақты әке, қымбатты ата атанып отыр. Ауыл тұрғындарының барлығына үлгі болатындай тағы бір адами қасиеті Батырхан ағамыз бен Риза апайымыз өздерінің ұл-қыздарына қоса, аналарынан жастай айырылған ағаларының қос бірдей қызын бауырларына алып тәрбиелеуінің өзі үлкен ерлікке пара-пар. Олар апалы-сіңлі Раушан мен Райханды оқытып, қатарларынан қалдырмай жоғары білім алуларына өздерінің көп күш-жігерлерін жұмсады. Соның арқасында олар осы күні білікті ұстаз атанып еңбек етуде.  Жұбайы Риза Баубекқызы да ұстаздық жолын ұлықтаған жан.  Мұғалімдер отбасында тәрбиеленген ағайдың балалары ұстаздық жолмен қатар өнер саласында да орнын тапты. Әсіресе, Нұргүл Батырханқызы  Қазақстанның белді телеарналарында қызмет істеп, кино саласында да бағын сынап келеді. Үлкен ұлы Нұрлан облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында білікті маман болса, егіз ұлдарының бірі Асхат осы күні өнердің көрігін қыздыруда, Азамат әке жолын жалғастырып Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет етуде.  
Әрқашан жақындарына шуағын шашып,  адал ниетін білдіріп жүретін Батырхан ағай мен Риза апай  8 немере тәрбиелеп отырған бақытты ата-әже.
Пейілі пәк, жүрегі «халқым» деп соққан жанашыр тұлға  Батырхан Ақжігітұлының еңбектегі жеңісі мен табандылығы, туған топырағын қадірлей білуі жас ұрпақ үшін әдемі өнеге.  

Ғалым ТӨЛЕГЕНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар