Баспана – басты қуаныш

 Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетаудағы «Сарыарқа» шағын ауданында жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйден баспаналы болған бір топ көкшетаулықтарға жаңа пәтердің кілтін тапсырып, қоныс тойымен құттықтады және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде жаңа жатақхананың пайдалануға берілу салтанатына қатысты.

  Соңғы жылдары елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы облыс аумағында байыптылықпен жүзеге асырылып, көптеген тұрғындар баспаналы болып, қуанышқа кенелуде. Әсіресе,  Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында пәтер кілтін тапсыру дәстүрге айналған.  Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып отыр

Оған Көкшетаудың іргесінде жаңадан салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауданында 45 пәтерлі тұрғын үйдің пайдалануға берілуі айқын дәлел.
Салтанатты шараға облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтады. Аталған үй мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып отыр.  Бұл үйден пәтер алғандардың дені жас және көп балалы отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері және үй кезегінде тұрғандар.
–Бүгін қуанышымда шек жоқ.  Елбасымыздың салиқалы саясаты мен еліміздің Тәуелсіздігінің арқасында баспаналы болдым. Осы қуанышқа жеткізген «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының берері мол деп есептеймін, – деп ағынан жарылды жаңа пәтердің иесі Гүлбану Доскенова.
Осы күнгі қуаныш Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде де жалғасын тапты.  Мұнда университет жанынан 150 орындық жатақхана пайдалануға берілді.  Университет ректоры Мәди Елубаевтың айтуынша,  5 қабатты ғимаратты салу үшін 500 миллион теңге қаржы жұмсалған.  Сонымен қатар,  облыс әкімі Көкшетауда жаңадан салынған Восточный базарының жұмысына да назар аударды. Мұнда көтерме-бөлшек сауда, азық-түлік,  тұрмыстық химия, автокөлік бөлшектері және құрылыс материалдарын сатып алуға болады. Ол үшін барлық жағдай жасалынып, ыңғайлы етіліп салынған. Сондай-ақ,  200 көлікке арналған автотұрағы да бар. Базар басшысы Паний Яндиевтің айтуына қарағанда алдағы уақытта ай сайын аудандардағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен ұйымдастырылатын азық-түлік жәрмеңкесін тұрақты түрде осында өткізу жоспарланған екен.  Осы орайда,  облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін барлық жағдай жасауды, сондай-ақ,  жалдау ақысының жоғары болмауы маңызды екенін атап өтті.
Осы күні облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында салынып жатқан мұз қалашығы да назардан тыс қалмады.  Мұндағы құрылыс жұмыстарын аралап көрген облыс әкімі мұздан жасалынған әрбір мүсін мен құрылыстың аса бір ұқыптылықпен көз тартатындай етіп жасауды тапсырды.
–Мереке күндері келген адамдар оның лебін сезіп тұруы тиіс. Сондықтан,  барлық жұмыстар аса ұқыптылықпен жүргізілуі қажет, – деді облыс әкімі..

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар