Мүмкіндіктерді толық пайдалану қажет

 Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Аршалы ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты, аудан активіне қатысып, Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы  Жолдауынан туындайтын басты міндеттерді белгіледі.

  Астананың іргесіндегі Аршалы ауданын қай саладан алсаң да, әлеуеті жоғары. Егін ексең де, мал бақсаң да ұтылмайтының анық. Ауданда әлеуметтік саланың ішінде білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен,  өткен оқу жылында Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектебінің түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден орташа 56,5 пайызбен аудан бо-йынша алдыңғы лектен көрінді. Өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі осы білім ордасы мен мектеп жанынан ашылған орталықта болып,  педагогикалық ұжым және 11 сынып оқушыларымен кездесті, бүлдіршіндерді бала бақшамен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Сондай-ақ, осы ауылдағы «Капитал Натур Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өнімдерін өңдеу цехының жұмысымен танысты.
Одан әрі облыс әкімінің сапары Арнасай ауылында жалғасты. Онда Вячеславка орта мектебінің «Жасыл» экономикалар және тәжірибенің халықтық академиясының оқыту орталығында болды. Бүгіндері аталған білім ордасы «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесіне орай өзгелерге үлгі болатын бірқатар игі істерді қолға алыпты.
Мектеп директоры Татьяна Немцанның айтуына қарағанда, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалиция-сы» ЗТБ, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі, G-GLOBAL Халықаралық хатшылығы, «Ақбота» қоғамдық қоры және «Тұрақты даму» жер қорымен тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Сондықтан,  аталған білім ордасында осындай игі істердің қолға алынуы тегін емес. Мектеп оқушылары бірінші сыныптан бастап, отансүйгіштікпен қатар, табиғатқа деген өзгеше сүйіспеншілікпен тәрбиеленуде. Олар қоршаған ортаға зиянсыз энергия көзін пайдалануды сөз жүзінде ғана емес, шынайы істерімен дәлелдеуде. Айталық, мектеп ауласындағы шағын жер телімінде оқушылардың өздері баптайтын жылыжайлар орналасқан. Онда түрлі көкөніс өнімдері өсіріледі. Бақты күтіп-баптау үшін озық технологиялар пайдаланылады. Мәселен, суды жылыту үшін күн батереяларын және йодты жарықтандыру, сондай-ақ, жылыту мақсатында пиролиздік пешті қолданады. Бүгінгі күні балалар тамшылатып суару әдісін және су себуге арналған жаңбырлатқыш саптамаларды қолданысқа енгізіп отыр.
Осы орайда, облыс әкімі оқушыларды тәрбиелеуде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келе жатқан аталған білім ордасының жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта қолдау білдіретінін атап өтті.
Сонымен қатар,  өңірге сапар барысында облыс әкімі Михайлов ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.  Оның ішінде ауылдағы дәрігерлік амбулатория, орта мектеп және мәдениет үйі бар. Жалпы,  ауылдағы әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұрғанымен,  мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында әлі де атқарылар жұмыстар жетерлік.  Бұл жөнінде облыс басшысы округ әкімі Салық Байбашқаровқа жұмысты ширатуға тапсырма берді.
Аудан орталығында 16 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылысына назар аударды. Аталған үйдің құрылысына бюджеттен 300 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі кезде үйдің құрылысы толық аяқталуға жақын.
Облыс әкімі қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген аршалылықтардың арасында Евгения Заяц есімді әйел де болды. Ол облыс басшысынан арбаға таңылған күйеуінің мүгедектерге арналған арбасының болмауынан біраз қиындық көріп отырғанын айтып, көмек сұрады.
Аймақ басшысы мұның өмірлік маңызы зор екенін ескере келе, Евгенияның күйеуіне өзінің жеке демеушілік көмегі ретінде қалтасынан 60 мың теңге алып берді. Сонымен қатар, ол облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжановаға осы мәселені жауапкершілікке алып, тез арада шешу жөнінде нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ,  облыс әкімі өзінің жеке қабылдауына әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері бойынша келген өзге де аршалылықтардың сауалдарына құлақ түріп, нақты жауап қайтарды. Ал, аудан активімен өткен кездесуге келетін болсақ, Астананың іргесіндегі ауданның мүмкіндігі зор болғанымен өнеркәсіп және қайта өңдеу саласында ауыз толтырып айтарлықтай қол жеткізген жетістіктері аз болып отырған жайы бар. Тіпті, соңғы кездері жаңадан ашылған ірі өндіріс орындары жоқтың қасы.
– Аудан Астананың іргесінде орналасқан. Бұл сіздерге үлкен мүмкіндік береді. Іс жүзінде мен оны көріп отырған жоқпын. Көрші Целиноград ауданында кәсіпорындар мен өндіріс орындары көптеп ашылып,  шағын және орта бизнес кеңінен даму үстінде. Ал,  сіздерге неге солай істемеске? Неге осыны ескеріп,  бар мүмкіндікті пайдаланбасқа?  Ауданда не көп,  кен орындары көп.  Жаңағы аудан аумағынан Астанаға топырақ тасушылар көп. Олардың жұмысын ешкім бақылап немесе бірде-біреуі бюджетке салық төлеп отырған жоқ, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
– Біздің мақсатымыз Елорданың іргесіндегі аудандағы зор мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жаңа кәсіпорындарды ашуымыз керек және олардың жұмысына тың серпін беріп,  шағын және орта бизнесті дамытуымыз қажет. Аудандағы әлеуметтік нысандарды назардан тыс қалдырмай, оларды қалыпқа келтіру мәселесін жан-жақты ойластыру бас-ты міндет. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсейік. Бұл жұмыстың негізгі көрсеткіші болмақ, – дей келе облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ еңбек озаттарын Құрмет грамоталарымен марапаттады.

 

Аслан ОСПАНОВ

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар