Бюджет жобасы пысықталды

Бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті қырық үшінші сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, сөз сөйледі.

Депутат Елена Мащинскаяның төрайымдылығымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті қырық үшінші сессиясына облыс әкімінің орынбасарлары, әр деңгейдегі мәслихаттар хатшылары, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша   облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров баяндама жасады. Онда 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы туралы мәселе қаралды. Оның айтуынша,  2016 жылғы бюджет кірісі 82 миллиард  51 миллион 537 мың теңге, ал, 2017-2018 жылдарға сәйкесінше 90 936 341 мың және  92 534 583 мың теңгеге болжанып отыр. Баяндамашы экономикалық қиындықтар салдарынан қаражат жетіспеушілігінің орын алуы мүмкін екендігіне депутаттар назарын аударды. Бұдан шығудың жолы – бюджет қаржысын үнемді жұмсау және артық шығындарды қысқарту.
Ал, екінші мәселе бойынша облыстық  дене  шынықтыру және  спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина облыстағы дене шынықтыру мен спортты дамытудың жағдайы жөнінде баяндама жасады. Ол  өткен кезеңде атқарылған іс-шараларды тілге тиек ете келе,  спорттық әлеуетті пайдаланудың жай-жапсарын депутаттар талқысына салды. Бір жағынан жұмсалған қаражатқа сай өңірде спорттық көрсеткіштерді  де жақсарту қажет. Одан әрі  облыстық мәслихаттың  өткен жылдардағы бюджет жобалары  жөніндегі шешімдеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу және алдағы жылдарда Ақмола облысы аумақтарын дамыту бағдарламасын бекіту жөнінде мәселелер депутаттық сағатта кеңінен талқыланғандықтан, депутаттар шешім қабылдау үшін дауыс берді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов «Қазақстан Республикасындағы жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы»  Заңның және  облыстық мәслихаттың  2009 жылғы  16 қазандағы  шешімімен бекітілген ережеге сәйкес Мәжіліс депутаты Владислав Борисович Косаревке «Ақмола облысының Құрметті азаматы» атағын беру жөнінде ұсыныс жасады. Депутаттар бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.
Облыстық әкімдік жанындағы әртүрлі комиссиялар құрамын  бекітіп, облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгертулер енгізді. Сессия-да қаралған барлық мәселелер бойынша арнайы шешімдер шығарылып, қаулы қабылданды.
Өңір басшысы Сергей Кулагин сөз алып, бюджетті нақтылаудағы мәселелерге байланысты өз ойын білдірді. Бюджет қаржысын жұмсау аса күрделі жағдайда жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. Жаңа экономикалық өзгерістерге байланысты алдағы күндерді болжау қиын екенін де айтты. Соған қарамастан, бюджеттің негізгі қаржы көзі өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға  жұмсалатынын  атап көрсете келе, Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, бір топ халық қалаулыларына  Қазақстан Республикасы Сенаты мен  «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамоталарын салтанатты жағдайда табыс етті.

Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар