Жат ағымдардың жетегінде кетпесін

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалы-ғымен өткен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысында өңірімізде жат ағымдарға қарсы қолға алынған жұмыстар пысықталды.

Алдымен, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы іс-қимылы жайлы облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраеваның баяндамасы тыңдалды. Осы төңіректе нақты тоқтала кетсек, облысымызда дін істері саласында «Сана», «Насихат» кеңес беру-оңалту орталықтары, «Ғасыр» аймақтық ғылыми-сараптамалық орталығы мен «Зерделі ұрпақ» қоғамдық бірлестігі  секілді төрт үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс  аясында тұрғындар арасында ақпараттық-насихат шараларын жүргізеді. Үстіміздегі жылы ауылдық жерлердегі имамдардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында жер-жерлерде оқыту семинарлары ұйымдастырылғанын баяндамашы өз сөзінде атап өтті. Биыл облыстық бюджеттен осы шараларға 9 миллион теңге қаржы бөлінген екен.
Осы орайда, тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері насихат шараларын жандандыра түсу қажеттігін аңғартады. Себебі, сауал қойылған азаматтардың жартысына жуығы елімізде діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның барынан хабарсыз болып шықты. Бір қуантарлығы, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде облыста дәстүрлі  емес дін өкілдерінің саны біршама азайған.
Дегенмен, өңір тұрғындарының, әсіресе жат ағымдарға тез еліктегіш келетін жастардың діни сауаттылықтарын көтеруде теолог мамандарының тапшылығы әлі күнге дейін өзекті мәселе күйінде қалуда. Биыл осы проблеманың бетін бері қарату үшін облыс әкімінің жыл сайын бөлетін гранттар тізіміне өзгерістер енгізіліп, дәрігер және теолог мамандықтарына басымдық берілді.
Кеңес отырысында Есіл және Шортанды аудандары әкімдерінің орынбасарлары Сәуле Ағымбаева мен Ерлан Мұхамедин сөз алып, аталған бағытта өз аудандарында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Барлық баяндамашыларды тыңдай келе, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қазіргі таңда көптеген сұрақтарды қоғамдық кеңестің көмегімен шешуге болатынын айтып,  осы бағыттағы жұмысты жетілдіру жөнінде тиісті тапсырмалар берді.    
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар