Мерейлі мерекеге ыстық ықылас

 Облыс әкімі Сергей Кулагин Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай, облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – қазынам, байлығым!» атты мерекелік шараға қатысып, жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады, сондай-ақ, еңбегімен көзге түскен бір топ ақмолалықтарға мемлекеттік наградаларды салтанатты жағдайда табыс етті.

Әр халықтың, әр мемлекеттің тағдырында жанға жақын, әркез асыға күтетін ерекше күн болатыны рас. Біздің еліміз үшін ең ұлық мереке Тәуелсіздік күні. Бұл күн – қасиетті Отанымыз, туған жеріміз Қазақстан егемен ел атанып, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойына аңсаған армандарының орындалған күні. Бүгінгі күні елімізде бейбітшілік, үйімізде молшылық, ырыс-ынтымақ, сәбилердің жүзінде шат-шадыман күлкі.
Мінеки, ең ардақты мерекені атап өту үшін облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайына жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Сахнаға Көк Туымыз көтеріл-генде ағайынның жүздері жайнаса,  Тәуелсіз елдің Әнұраны шырқалғанда кеудедегі патриоттық рух одан да бетер асқақтай түскенін байқамау мүмкін емес еді. Тіпті, Әнұранды айта бастағанда залда қуаныштан көздеріне жас алған қариялар да болды. Бұны жерлестеріміздің Тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабаларымызға, елдік мерекеге деген құрметі, ыстық ықыласы деп білеміз.
Одан әрі облыс әкімі Сергей Кулагин өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның егемендік жылдары қол жеткізген жетістіктерін баяндай бастағанда жиналған қауым одан да бетер марқайып қалды. Шынында да, Тәуелсіздікті жария еткенімізге биыл жиырма төрт жыл уақыт өтсе, соның әр кезеңі тарихи сәттерге толы. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әуелі Мемлекеттік рәміздерімізді, шекарамызды бекітсек, одан кейін де халықтың әл-ауқатын арттыруға, Қазақстанды әлемдік аренада әйгілейтін талай істер атқарылды. Осы жылдар аралығында мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, төл өнеріміз қайта жаңғырды. Елбасының «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында біздің облыстан да талай түлек шетелде оқып білім алуда. Агроөнеркәсіп, медицина саласындағы толағай табыс-тарымыз да аз емес.
Өңір басшысы Сергей Кулагин сонау тоқсаныншы жылдары жаңа мемлекет құрудың бастауында тұрып, қиыншылықтарға қарамастан, елді көркейтуге бар күштерін салған ақмолалық ардагерлерге шынайы алғысын жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбегі сіңген азаматтарға Елбасының Жарлығына сәйкес мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Мұндай қошеметке ие болғандардың қатарында аудан әкімдері, серіктестік басшылары, ардақты аналар, қарапайым еңбеккерлер де бар. Ұлық мерекеге арналған концерт шымылдығы домбыраның сазды үнімен ашылып, жергілікті өнер иелерінің орындауындағы әсем ән мен мың бұрылған биге ұласты. Жиналған қауым патриоттық мазмұндағы әндермен сусындап, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар