Санамызды өзгертті

Тәуелсіздік алған жылдары жиырма бес жаста едім. Еңбек жолымды Тимофеевка селосында қатардағы құрылысшы болудан бастадым. Содан бері елімнің дамуына үлесімді қосудамын.

2001 жылға дейін құрылыс саласында еңбек еттім. Кейін «Ақмолагазқұрылысмонтаж» серіктестігінде прораб, учаске басшысы, директордың орынбасары қызметін атқардым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Кеңөткел ауылынан 200 шаңырақ тұрмыстың тауқыметімен өзге елді мекендерге қоныс аударды. 2012 жылы «Кеңөткел-НС» серіктестігін құрып, Кеңөткел ауылына қайта жан бітіруді қолға алдым. Біз негізінен асыл тұқымды мал және егіншілік шаруашылығымен айналысамыз. Биылғы жылы  600 гектар алқаптағы бидай мен арпаны, 100 гектардағы көп жылдық шөпті шашпай-төкпей жинап алдық. Мал бағу үшін барлық жағдай жасадық. Ветеринарлық және зоотехникалық қызметтермен қамтамасыз еттік.
Экономикалық дағдарыс бұған дейін өзім жұмыс істеген құрылыс саласына кері әсерін тигізді. Менің негізгі мамандығым құрылыс инженері. Әлеуметтік саланың ғимараттарын тұрғызуда біраз тәжірибе жинақтадым. Бұл бұрынғы ауылдың үйлерін қайтадан салуға септігін тигізіп жүр. Соңғы жылдары біздің компания Астанадағы денсаулық сақтау саласының бірқатар нысандарын салды. Мал шаруашылығымен де айналысуды жақсы көргендіктен, осы саланы дамытуға үлесімді қосқым келді. Көптеген әдебиеттермен танысып, тәжірибелі фермерлердің кеңесін тыңдағаннан кейін асыл тұқымды ірі қара мал бағуды жөн көрдім. Асыл тұқымды мал тез салмақ қосады. Қазір біздің фермада салмағы 500-ден 800 келіге дейін тартатын ірі қара мал бар.
Биылғы жылдың қаңтарынан бастап асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие болдық. Малдың алғашқы легі Солтүстік Қазақстан облысының «Алабота» асыл тұқымды шаруашылығынан әкелінді. Мал қораларын салдық.  Бұзаулайтын сиырлар үшін арнайы орын жасалды. Қазір шаруашылықта бұзауларды есептемегенде 330 бас ірі қара бағылады. Өткен күзде экспортқа 20 тонна ет шығардық. Алдағы уақытта асыл тұқымды бұқа өсіруді қолға алмақшымыз. Әзірше табынға жыл сайын 50 бас сиыр қосудамыз. Өкінішке орай, мал санын 500-ден асыра алмай отырмыз. Өйткені, жайылым жер тар. Әзірше, бұзауларды өсіріп, ауданның шаруашылықтарына сатудамыз. Табынды Қоныспай Амагелдинов бағады. Оған тұрғын үй сатып алуға көмектестік. Қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасын өсіреміз. Мал шаруашылығы институтының ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Ірі қара мал етін экспорттау аясында «Астана Агропродукт» серіктестігіне 71 ірі қара өткіздік.
«Гиссар» тұқымдас қой өсірумен де айналысамыз. Ет бағытындағы бұл қойдың салмағы 100 келіге, алты айлық қозысының салмағы 60 келіге дейін жетеді. Оның үстіне егіз қоздайды.  Қой қырқу үшін қосымша жұмыс күші тартылады. Қазір  қозыларды есептемегенде 500-ге жуық қой бағылады. Жаз айларында қолдағы мал үшін екі қора салдық. Қойды Алексей Ярмоленко бағады. Ол бізде үшінші жыл жұмыс істейді. Малшылардың жатақханасында тұрады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Жөндеуден өткен үйлерде төрт отбасы тұрады. Әр үй мен өндірістік бөлмелерге сусорғыштар орнаттық. Жарық жел мен күннің қуаты арқылы беріледі. Қуат жинайтын аккумуляторлар арнайы бөлмеде тұр.  Үйдің маңында 20 және 500 тонналық көкөніс қоймаларын қалпына келтірдік. Мұнда жергілікті кәсіпкер Александр Микша көкөніс сақтайды. Өз басым жылқыны жақсы көремін. Бәйгеге тұлпарларымды қосамын. Ұлттық спорт түрлерін де ұнатамын. Ақмырза ауылының көкпаршылар командасына демеушілік жасадық. Жалпы, біз мал шаруашылығы саласында экспортқа сапалы ет өнімдерін көптеп шығаруды көздеп отырмыз. Жұмысымыз өрге домаласа, Кеңөткел ауылына да жан бітері сөзсіз. Елімізді түлеткен, санамызды өзгерткен Тәуелсіздігім, мәңгі жасай бер, – дегім келеді.

Серік БИІМЖАНОВ,
«Кеңөткел-НС» серіктестігінің басшысы,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар