ӨЛЕҢМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР

Халқымыздың игі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз.
Бауыржан Момышұлы.

Ақмола өңірінде Бикен Сембайқызы Хамитжанованы білмейтін адам кемде-кем шығар. Жас кезінен ақынжандылығымен көзге түскен қазақ қызы жыр әлеміне мектептің 7-ші сыныбында оқып жүргенінде-ақ қадам басқан екен.
«Бұлақ көрсең – көзін аш» демекші, ақындық өнерде қанатының қатаюына ауыл мұғалімі Қабыкен Мұқышев себепкер болыпты.
– Сабағын үйретіп жатқан ұстаз менің ойға шомып, өлең жазып жатқанымды аңғарғасын, сыпайы ғана кәне, шығармаңды көрейінші  деп қасыма келді.  Мен сасқалақтап қап, қағазымды жымия қарап тұрған ағайымның қолына ұстата салдым. Өлең соғыстың зардабын шеккен аналар мен балаларға арналған еді. Мұғаліміміз оны дауыс-тап, мәнерлеп оқып шықты. Ұнатқаны сол, аудандық  газетке тез апарып беруімді тапсырды. Сонда жарияланған өлеңім үшін үлкендерден көп мақтау естумен қатар, өлең жазу бақытын да  алғаш түйсініп едім, – дейді апай осы жайында.
Көңілді асқақтатқан осы бір сәт ұмытылмастай  ойында қалды. Бұдан соң қауырсын қаламын самал жел тербегендей сарғылт тартқан дәптер беттеріне өлең сөздерін одан әрі  өрнектеп түсіре берді.
Ақын апамыздың кіндік қаны тамған жері Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Ерназар ауылы. Әкесі Сембай ел азаматтарымен бірге Ұлы Отан соғысына аттанып, сол жақта мәңгілікке қалып қойды. Өкініші көп кезең перзентінің көзінен жас ағызып, көңілінен  «Сағыныш» деген мұңды өлең сөздерін өрбітті.
Сағындым-ау мен сені,
Балалық шағым өткен жер.
«Кішкентайым, қызым» деп,
Әлпештеп әкем өпкен жер.
Мінгізіп мені мойнына,
Бақытқа белден бөккен жер.
Ел қорғауға соғысқа,
Аттанып әкем кеткен жер.
Майданда мерт боп әкешім,
Жетімдіктің хабары,
Жеделдете жеткен жер…
Кейін нағашысы 1946 жылы Бикенді көршілес жатқан Қорғалжын ауданының Сулыкөл ауылына көшіріп алады. Сондықтан, ол мектепті толықтай осы өңірде аяқтап шыққан.
– Оқудан гөрі күніміз жұмыспен өтетін, – дейді балалық шағы соғыс ауыртпалығымен тұспа-тұс келген Бикен Сембайқызы.
Ерте көрдім өмірдің бұралаңын,
Әлі есімде өлең-жыр құрағаным.
Туған ауыл, әке мен бауырды ойлап,
Титтей қыздың кім білер жылағанын.
– Елдегі аталарымыз малға, егінге  қараса, апа-әжелеріміз де ауыр жұмыстардан қолы бір босамайтын. Арамшөп жұлу, масақ теру – буыны қатпаған балалардың міндеті еді. Маяланған шөпті қыста қардан аршып, шаналап мал қораға жеткізуді ауылдың қыз-келіншектері ерлерден кем атқармайтын. Мұның бәрі сол сұрапыл соғыста ұлы Жеңіске жетуге мүмкіндік бергені ақиқат. Дана халқымыз: «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған ғой. Соны біздің аға буын өкілдері асқан жігермен, төзімділікпен атқара білді, бізді де соған қайыспастай етіп баули түсті.
Соғыстың сыздаған жарасы жазыла бастаған тұста ежелгі айтыс өнері елге қайта ат басын бұрды. Жарық  көрген бірсыпыра өлеңдерінің арқасында ауыл-аймаққа «ақын қыз» ретінде танылып қалған Қорғалжынның жас өнерпазына мектепті бітірер жылы ауданда өтетін айтысқа қатысуға ұсыныс түседі.
Тың өлкесінің орталығы атанған Ақмола облысының өн бойына қан жүгірткен еңбек адамдарына жігер беру мақсатында мәдени жұмыстар кеңінен құлаш жайған кез еді ол. Сол тұста қазақ халқының көне өнері қайра жанданып, Бикеннің де облыс орталығына, сондай-ақ әсем астанамыз Алматыға жиі шақыртыла бастағанын ел үлкендері жақсы біледі.
Қазақтың заңғар жазушылары Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов ұйымдастырған республикалық ақындар айтысы барлық өңірлердегі өнерпаздарға жаңаша бір серпін берді. Көне қазақ өнерінің басты тақырыбына сол кездері тың өлкесінде қолға алынған іргелі істер арқау болды. Егінжайдағы, мал шаруашылығы мен ірі өндіріс орындарындағы жетістіктер мен  кемшін тұстар айтыс ақындарының қырағы көздерінен тыс қалмады. Қазақстан Орталық партия комитетінің талап-тілегі де соған сай болатын.
Бикен Сембайқызы Хамитжанова Ақмола облысында айтыс додасына шыққан 16 ақынның ішіндегі ең жасы болса да, өнер сайысында ешкімге есесін жіберген кісі емес. Жасы үлкендер қатарында ереймендік ақындар Бекболат Меркемелиденов, Хасен Төрегелдин, Аманжол Әлжанов пен Әкпар Жүсіпов жүрсе, олардан кейінгі буында атбасарлық Үкімет Сүйінжанов, Мүттәллап Әмрин, қорғалжындық Серік Орынбаев, Қалимұса Өтегенұлы мен Бикен Сембайқызы көзге түсіп жүрді.
Сол тұста айтыстың көрігін қыздырған ақындардың шығармалары радиодан жиі беріліп, облыстық, аудандық газеттерде үзбей жарияланып тұрды. Осы арада Жаңадала ауданының атынан айтысқан Әкпар Жүсіпов пен Қорғалжыннан шыққан Бикен Сембайқызының арасындағы айтыстан сәл үзінді келтіре кетсек деп отырмыз.
Бикен:
Ағызған сұлу жырдың дариясын,
Шырқаған ғашықтықтың ариясын.
Көтерген достық туын кең даламда,
Кім білмес Қорғалжынның Мариясын.
Ал, енді айтысып қал, қапы қалма,
Тезірек домбыраңды қолыңа ал да.
Мықтыдай дес бермеспін көкпардағы,
Осал қыз ер жігітті шақырар ма!
Әкпар:
Нұраны таласым жоқ  ана десең,
Есілді қателестің  бала көрсең.
Арқаның Есіл ару еркесі ғой,
Қадалып көзің тоймас қарай берсең.
Нұрада көпірің қарыс жарым,
Қайықта алғаш рет танысқанмын.
Өтерде зәрең кетіп, ұмытылмас,
Бауырыма ағатайлап жабысқаның.
Әрине, сол тұстағы айтыскерлерге бірсыпыра шектеулер қойылғанын да естен шығаруға болмайды. Еркін тақырыпқа партия белсенділері  үзілді-кесілді тыйым салатын. Соған қарамастан, бұл ұлттық мәдени шара жұрттың зор қошеметіне ие болды. Ақынға құрмет көрсету, көтермелеу ісі бұрынғыдай салтымызға қайта енді. Дархан көңіл қазақ азаматтары айтыста еркін көсілген жүйріктерге қолдан келген барлық құрметтерін көрсете білді.
– Қиял құсы қанша самғаса да, шынайы өмір өз дегеніне көндірмей қоймайды, – дейді өткенді ой елегінен өткізген бір сәтінде тағы да Бикен апа. – Өнердің бел ортасында жүрген кезімде өмірлік жарым Жақсыкелді Хамитжановты кездестірдім. Өзім арман еткен жоғары оқуды да сырттай бітіріп алуға уақыт таптым.
Жауқазын жастықтың ұмытылмас шақтары көп қой. Бикен Сембайқызының шабытынан туған өлеңдері аз емес. Соның алғашқы тыңдаушысы әрі сыншысы өмірлік серігі болған Жақсыкелді Хамитжанов ағамыз еді. 2014 жылдың қараша айында ақын апаның «Кеудемдегі кең қазынам – өлеңім» атты өлеңдер жинағы баспадан шықты. Осы кітабында:
Пай-пай шіркін, қандай ғажап, айдын
                                        шалқар көлдері!
Бір-бірімен қанаттасқан, көлдер  
                                            құрған өрнегі.
Масаттана, маңғаздана жан-жағына
                                                     қарап тұр,
Ортасында Оқжетпесі – «Отағасы
                                                     төрдегі».
Талай ақын, талай жыршы таңдай қаға
                                                      жырлаған,
Аздау соғып жатқандай бір тебіренсем
                                                  шын бағаң.
Гүлдің гүлі, көктің нілі – Көкшетауым
                                                      болмаса,
Бір нәрсесі жетпегендей болар еді
                                                   бұл ғалам.
Емен-терек, жасыл шырша, қайың
                                         менен қарағай,
Жасанып бір тойда жүрген үлкен-кіші
                                                       баладай.
Ортасына тұра қалып, жан-жағыңа
                                                   көз салып,
Жүре бергің келеді-ау бір қарттығыңа
                                                    қарамай, –
деп келетін сұлу Көкше өңіріне де арнаған өлеңдері аз емес.
Өлкелік партия комитетінің жолдамасымен Жақсыкелді аға Қорғалжынның ірі қой тресін 7 жыл бойы басқарып, осы ауыр саланың өркендеуіне көп күш-жігерін жұмсайды. Жұмысы алға басқан соң ол Атбасар ауданының артта қалған «Колутон» совхозына ауыстырылады. Бірер жылда астық өндірісі бойынша жылдық жоспарды екі еседен артық орындаған басшы азамат бұдан соң көршілес Маринов аудандық атқару комитетінің төрағалығына тағайындалады. Бұл елде жас жұбайлар 11 жылға жуық тұрыпты.
Жақсыкелді спортты жас күнінен өзіне ерекше серік еткен жан.  Алматыда институт қабырғасында жүріп ол күрестен талай сайыстарда жеңіс тұғырына көтерілген екен. Спорт шебері атағына да сол студенттік шағында ие болады.
Өзі өмірден ерте озса да, артында қалған балалары әкенің арман отын өшірген жоқ. Балғабай, Думан мен Саян Хамитжановтардың бастауымен 1997 жылдан бері сегіз жыл қатарынан Астанада дзю-до күресі бойынша, халықаралық жарыстың өткенін, оған 21 мемлекеттің балуандары қатысқанын да көзіміз көрді.
Сонау ерте заманда қажылыққа жаяу барған ұлы аталары Хамитжан бір ғасырға жуық өмір сүріпті. Асыл дініміз – исламға осылай ұйыған иманды атаның бүгінгі ұрпақтары да бұл сауапты істен шет қалмай, туған топырағы Қорғалжынның Сабынды ауылында қарилер даярлайтын медресе мен әкелері Жақсыкелдінің атындағы жаңа мешіт үйін салды. Қорғалжын ауданының кіреберіс жолында тұрған осы сәулетті ғимараттар елдің мақтанышына айналған. Осыдан 3-4 жыл бұрын ашылған Алла үйінің тұсаукесер рәсіміне сол кездегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсәттар қажының қатысуы да үлкен оқиға болғаны есте. Ал, біз өз өмірін өлеңмен өрнектеген Бикен апайға оралсақ, қос шекті қазақтың қасиетті домбырасы әлі де ол кісінің қолынан түскен емес. Бүгінгі бақытты қарттығын, тәуелсіз ел мұратын жырға қосып, тебіренуден бір жалықпайды.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар