Бұл салада әлі жұмыс көп

Облысымызда 1,5 мыңнан астам көше атаулары бүгінгі тәуелсіздік талабына сай келмейді. Олар негізінен, Кривая, Кирпичная сияқты еш мән-мағынасы жоқ көшелер.

Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың жетекшілігімен өткен мәжілісте Ақмола облысында бұл жағынан әлі де көп жұмыс істеуге тура келетіндігі баса атап көрсетілген болатын. Өткен уақыт ішінде облыстық ономастика комиссиясы елді мекен, көше атауларын қазақшалауда белгілі бір жұмыстар атқармады емес, атқарды. Жоғарғы жаққа жіберілген бұл ұсыныстардың республикалық ономастика комиссиясының жуырда өткен  отырысында мақұлданғаны туралы да жақсы хабар құлаққа жетіп жатыр. Солтүстік өңірде кезінде солақай саясатпен орын алған осы  олқылықтарды айтып, жеткізіп, жолданған ұсыныстардың сәтті шешімін табуына осы республикалық комиссияның мүшесі, Парламент Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиевтің де белсене атсалысып келе жатқанын атап өткен жөн.
Ел, жер атауларын уақыт талабына сай жаңалауға, осы істің неғұрлым белсендірек жүргізілуіне Үкімет тарапынан бұл мәселеге жарияланған мараторийдың да  қолбайлау болып тұрғаны жасырын емес. Соның өзінде биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай, бұл мараторий қан майдан мен бейбіт өмірде ерлік пен еңбектің үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің толық кавалерлері, қатарынан бірнеше орденнің иелеріне таралмағаны осы орайда біраз жақсы істерге дәнекер болды.
Бұл мүмкіндікті әсіресе, Атбасар, Ерейментау, Қорғалжын сияқты аудандар тиімді пайдаланса, қалған аудандық, қалалық әкімдіктер өкінішке орай, олай істей алмады.  Жергілікті жерлердегі ономастикалық комиссиялардың жұмысы дұрыс жолға қойылып, оларда еліне, жеріне шынымен жандары ашитын адамдар отырмайынша, жағдай осылай қала берері тағы айдан анық.  Сондықтан, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы Нұрлан Нұркеновтың жетекшілігімен өткен осы комиссияның кезекті отырысында бұл маңызды мәселелер тағы бір мәрте сөз болып, алдағы уақытта баса назар аударар тұстар жете ескеріле түсті.  Комиссия мүшелері бұл жолы Ерейментау ауданынан келіп  түскен  екі ұсынысты қарады. Оның бірінде Олжабай батыр атындағы ауылдың Сергей Киров көшесіне Ұлы Отан соғысының ардагері, сол бір сұрапыл жылдары құпия бөлімде қызмет атқарып, күрделі тапсырманы орындауда көрсеткен ерлігі үшін «Александр Невский» орденімен марапатталған Өміржан Кенбаевтың есімін беру сұралған. Ал, екіншісінде Ерейментау қаласындағы №2 орта мектеп-лицейіне тағы бір соғыс және еңбек ардагері, қан майданда ерен ерлігімен көзге түскен ұлағатты ұстаз Насыр Смағұловтың атын беру сұралады.
Осы  мәселелер бойынша хабарлама жасаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин бұл шараларға жұмсалатын шығынды туған-туыстарының өздері көтергелі отырғандығын айта келе, қос ұсыныс та дауысқа қойылып, оң шешімін тапты.
Жаңа жылдан кейін елді мекен, көше атауларына жарияланған мараторий күн тәртібінен түседі деп күтілуде. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың айтуынша, жергілікті жерлердегі комиссиялар, облыстық комиссия болсын, бұл бағытта белсенділік танытып, шешімін  күткен  мәселелердің неғұрлым оң шешілуіне шынайы бет бұрулары керек. Бұл – бір жағынан уақыт талабы болса, екінші жағынан өткен тарих алдындағы азаматтық парызымыз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар