Зәрені алудан «жарыс» басталады…

Жасыл шыршаны Тәуелсіздік күні өтпей тұрып орнатып қойған біздің елімізде улап-шулап, алақайлап қарсы алатын мереке – ол әрине, Жаңа жыл.

Бұл кезде аспанға ататын, жаратын, тұтататын қытайдың ойыншықтарының құдайы беріп қалады. Мына жерде гүрс-гүрс, ана жерде гүрс-гүрс. Табан астыңда да қатты дүмпу.
– Ойымда түк жоқ, күтпеген жерден тап жанымда тарс еткен қатты дыбыстан жүрегім қозғалып, бәлнес жағалап жүргенім мынау, – деп еді былтыр Жаңа жылдан кейін  емхананың дәлізінде ақылап-уһілеп, әзер отырған  бір мосқал әйел адам. Биылға  аман жетті ме екен өзі?!.
Жылда осылай. Қысқы каникулда іші пысқан бала біткен көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларында, асфальт жолдарда осындай ойыншықтарды тарс-тұрс жарып, жұрттың зәре-құтын алумен әлек. Бұл көріністің өзі кешке қарай, түн қараңғылығы түсе тіпті өршіп кетеді. Балаларға немене, бәрібір. Ойын керек. Біреуін шошытамын-ау, біреуінің жүйкесіне тиемін-ау деп ойлап жатқан олар жоқ. Қызық көріп, жара түскеніне мәз.
«Ойыннан от шығады» демекші, мұның өзі кейбіреуі-нің өміріне қауіп төндіретіні, не жұрттың мазасын алатыны қайсысының қаперіне кіріп  жатыр дейсіз? Араларында бұзақылары болып, әдейі жаныңа жарса, іс тіпті қиын. Жә, Қытайдан ағылған неше түрлінің бәрі бастапқы жылдары мұның барлығы таңсық болды делік. Енді қауіп-қатерін көз көріп, көңіл әбден түйсінді ғой. Олай болса, неге тоқтатпаймыз?!
Жыл сайын Жаңа жылмен бірге келетін көшедегі осындай «атыс-шабысты» құқық қорғау органдары, мектеп басшылары, ата-аналар, бір сөзбен айтқанда қалың көпшілік болып тыятын уақыт жеткен сияқты. Тұтынушылардың құқын қорғайтын мекемелер сауда орындарында мұндай ойыншықтарды сатқызбаса, әке-шешелері балаларына ақылын айтып, оларды алғызбаса, мұндай ауа жаюшылық ептеп сабасына түсер еді. Алайда, әркім өз бетімен түйе айдаған мына заманда бұған дәрмен қайда дейсің тағы да…
Алда Жаңа жыл кеші. Бүкіл қаңтар бойы тағы да гүрс-гүрс, тарс-тұрс. Далада жүріп те, үйде отырып та құлағыңда дамыл жоқ. Әйтеуір, аяқ астында жарылып, денсаулығы дімкәс біреу тағы да жүрегін ұстамасын, не көзге тимесін  деңіз…
Қ.КӘКЕНОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар