Атқарылғаны басым

Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітов Ақмола Медиа орталығында өткен брифингте өңірдің алған асулары мен  алдағы жоспарларын баяндап берді.

Аудан әкімі өз сөзін ауыл шаруашылығы саласынан бастады. Өңірде осы сала өндірілген өнім көлемі бойынша көш бастап тұр.  Мәселен,  ағымдағы жылдың 11 айында 16462,3 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Оның дені егін шаруашылығына тиесілі.  Биылғы жылы аудан диқандары егістік алқаптың әр гектарынан 10,8 центнерден өнім алып, барлығы 337,7 мың тонна астық жинады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама аз. Дегенмен, ауа райы қолайсыз жыл үшін тым жаман емес.
Сонымен қатар,  ауданда мал шаруашылығы саласында да ілгері басушылық бар. Қазірдің өзінде ауданда ірі қара саны 26,9 мың басқа жеткен. Аудан Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға үлес қосып отыр. Жыл басынан бері 1545 тонна ет пен 4255 тонна сүт өндірілген.
Аудан әкімінің сөзінен ұққанымыздай өңірде етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта 2010 жылдан бастап 2013 жылға дейін ауданға етті бағыттағы 1,4 мың бас шетелдік ірі қара сатылып алынған. Ауданда мал бордақылаумен айналысатын 3 репродуктор болса,  соның бірі 3 мың бас ірі қара мал семіртуге арналған «СХП «Колутон – 04» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Сонымен қатар,  аудан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Сыбаға» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысуда.  Мәселен, бір ғана «Сыбаға» бағдарламасы арқылы ағымдағы жылдың ішінде құны 62,5 миллион теңгеге 8 несие беріліп, оған 299 бас ірі қара сатып алған. Өңірде өнеркәсіп саласы мен шағын және орта бизнес те даму үстінде. Осы орайда,  11 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 3357,1 миллион теңгені құраған. «AzamKC» серіктестігі жалпы сомасы 48,5 миллион теңгеге облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін екі астық кептіргіш әзірлеп өткізді. Тағы екеуін орнатуда.  
Ал, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына келетін болсақ,  үстіміздегі жылы «Комхоз» коммуналдық кәсіпорнының жарғылық капиталын толтыру үшін  25,6 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның 4,9 миллион теңгесіне автоцистерна, 10,7 миллион теңгесіне қоқыс тасымалдайтын көлік және 10 миллион теңгесіне 3 су ысытатын қазандық сатып алынды.  Аудандық бюджет қаражатынан 7,6 миллион теңгеге Астрахан ауылының көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда бұл бағытта атқарылған шаруа жетерлік. Дегенмен, аудан әкімі Талғат Ерсейітов өз сөзінде өңірде қылмыстың өршіп тұрғанын да айтып қалды.
–Ауданда 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін барлығы 295 қылмыс тіркелді.  Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,6 пайыз. Оның ішінде ұрлық өршіп тұр, – деп атап өтті аудан әкімі.
Сондай-ақ, өңірде  Елбасы Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылыпты.
– Өңірде Мемлекет басшысының ел халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында айтылған міндеттерді насихаттап түсіндіру бо-йынша ауқымды жұмыс басталды. Осы мақсатта жұмыс жоспары және аудандық ақпараттық-насихаттау тобының құрамы жасақталды,– деп қорытындылады өз сөзін басшы.
Брифинг барысында  журналистер аудан әкімінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы-на қатысты өзге де сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар