Алланың сөзін жатқа айтты

Жақия қажы атындағы  Көкшетау қалалық мешітінде қала бойынша бірінші мешітаралық  Құран Кәрімді  мәнерлеп және жатқа оқудан  жарыс болып өтті. Бұған облыс орталығындағы  барлық мешіт шәкірттері қатысты.

Шара Құран оқумен бастау алды.  «Науан хазірет» орталық мешітінің шәкірті Әбдірахман Алланың уахи сөзін өзінің әуезді үнімен оқып, баршаны тәнті етті.
Бір ғасырлық тарихы бар ескі мешіттегі игі шараға арнайы қатысқан ҚМДБ-ының  Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Қыдырмин Алланың үйінде жамағат Құран үйреніп, жаттауға жиналса, періштелер  қорғап, тыныштық   орнайтыны жайлы айтылған Пайғамбар (с.ғ.с.)  хадисінің астарына үңіліп, тағылымды әңгіме қозғады. Жасөспірім балалардың  Құран сөзіне сүйіспеншіліктері артып,  қарилық қабілетті меңгеруге талпынуы  жақсылықтың нышаны болса керек. Облыс имамының тілек сөзінен кейін Құран жаттаушылар жарысы да басталып кетті.
Алдымен жарыс қатысушылары қоржындағы реттік сандары жазылған асықтарды таңдап, өздерінің  шығу кезектерін анықтап алды. Бұл байқауға  «Насихат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Алшынбаев әділ қазылық етсе, ал, мешіттердің имам-наибтары да саралау жұмысына белсене қатысты.
Байқау қатысушылары қасиетті Құранның  «Ясин» сүресінің бір бетін мәнерлеп және екі сүрені жатқа оқу арқылы өзара жарысқа түсті. Кәләм сөздерді мүдірмей жатқа айтқандардың қарасы да аз болмады. Көптің алдына алғаш шыққандықтан ба, білгенін ұмытып,  сүрінгендер де табылды. Ең бастысы, қатысушылардың ынта-ықыласы  жоғары екені қуантты бізді.
«Жүзден жүйрік озған» бұл жарыс-та  Ғалым мешітінің шәкірті Асылбек Сүндет бас жүлдені  иеленді. Ал, қалған екі орынға  Ержан Мұқанбетов (Ықылас мешіті) және Нұрлан Есенбаев (Науан хазірет мешіті)  лайық деп табылды.
Осы шараның өтуіне ұйытқы болған Жақия қажы мешітінің бас имамы Серік Халықов жарыс жеңімпаздары мен барлық қатысушыларды қомақты ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапаттады. Ал, мешіттер арасында көп шәкірттер дайындағаны үшін «Науан хазірет» атындағы Көкшетау орталық мешітіне де арнайы мақтау қағазын табыс етті.
Ол мұндай жақсы имани шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Бір жағынан жас ұрпағымызды Алланың сөзін жүрегіне түйіп өсіруге талпындырсақ, екіншіден, мешіттер арасындағы «жақсылықта жарысатын» (аят сөз)  шараларда  Алланы ұлықтау жарасым табатын болады.
– Жаратушы Иеміздің барша адамзатқа уахи еткен сөздерін жатқа айтып, мәнерлеп оқыған жастарды көріп,  қуанып тұрмын. Бүгінгідей теріс ағымдардың жастарды жетегіне әкетіп жатқанының бір сыры да осында жатыр. Себебі, жастардың дені ата-бабадан келе жатқан мұсылмандық жолымыздан адасып қалды. Ал, мешіттерде сауат ашып, Құран сөзіне уызынан жарыған балғын имани жолдан ауытқымақ емес,– дейді белгілі шығыс жекпе-жегінен спорт шебері, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Оралхан Қызбикенов.
Біз де Алланың сөздері  ұлықталатын мұндай шаралардың  алдағы уақытта  жалғасатынына  сенімдіміз.  Сөз соңында  Құранды жатқа айтушылар жарысына демеушілік көрсеткен кәсіпкер азаматтарға да ақ алғысымызды жолдаймыз.

Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар