Тілі басқа болса да, тілегі бір

«Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «Партияның  50 тұлғасы» жобасының қатысушысы Александр Агафоновтың пікірінше, отбасы ең алдымен еліміздің болашағы саналатын өскелең ұрпақ тәрбиесінің ошағы болуы керек. Себебі, отбасылық құндылықтар қоғамның  қазығын қатайтып, біздің жас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол ықпал етеді.

Осындай ой салар сөзімен біздің назарымызды аударған партия белсендісі  Александр Агафонов ынтымағы жарасқан интернационалды отбасының отағасысы болып табылады.
«Жанұяның мықты болғаны маңызды, өйткені, ол ұрпақтар жалғастығының бас-ты арнасы. Сен өзіңнің жалғыз еместігіңді отбасының түсіністігі бар кезде сезіне түсесің. Әр өмір соқпақтарыңда  жақын адамдарың және достарың  жаныңнан табылып жатса, бұдан асқан байлық бар ма екен?» деп атап көрсетеді ол.
Александр Агафонов 1984 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1993 жылдан бастап Сандықтау ауданының Максимовка селосында тұрып жатыр. Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін режиссер мамандығы бойынша бітірген. Ал, 2004 жылдан бері аталған елді мекеннің мәдениет үйіне жетекшілік етеді. Музыкант ретінде әртүрлі салтанатты шараларды өткізіп, қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді шебер орындайды. 2006 жылы «Нұр Отан» партиясы қатарына өтіп, өзінің саяси ұстанымын ел мүддесі мақсатына жұмсап жүр.
Зайыбы Эльнара қазақ ұлтының өкілі. Алғашқы мамандығы бухгалтер-экономист, бірақ, «Зерен» колледжін бітіргеннен кейін бала бақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді.  Александр Валентинович екеуі Даяна және Сафина есімді қыздарын тәрбиелеп отыр. Балалары өте талантты, әрі жан-жақты, ән және би өнерлерін жете меңгерген. Аудандық, облыстық және халықаралық конкурстарға да белсене қатысып жүр. Мұның да өзіндік сыры бар. Себебі, олар ынтымағы ұйысқан отбасында тәрбиеленіп, ата-анасының екі тілін де меңгеріп, аталар дәстүрін құрметтейді.
2011 жылы Агафоновтардың отбасы облыстық «Бақыт шаңырағы»  атты конкурста бас жүлдені иеленді. Александр Валентиновичтің өзі «Қазақша караоке» конкурсының жеңімпазы, халық шығармашылығы байқауларының бірнеше дүркін лауреаты болып табылады.   
Жас жанұяның үлгі-өнеге алып, өздерін ұқсатуға тырысатын адамдары да бар. Олар бір некеде 44 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан Александрдың ата-анасы Валентин Николаевич пен Светлана Борисовна Агафоновтар.
«Біздің отбасымызда бір жақсы дәстүр бар, ол әр жексенбі сайын ата-аналарымызбен бірге бас қосамыз.  Тіпті, біз оны «ата-ана күні» деп атап кеттік. Үлкен отбасының бір жерге жиналғаны сондай тартымды, қызықты әрі маңызды екен. Біздің балаларымыз осындай кештерден үлкен тәлім алып, рухани өсіп-жетіледі. Ал, жаз айларында біз бұл күнді табиғатта, жылдың суық кезеңінде ата-анамыздың жылы да, жайлы үйінде өткіземіз. Құрбан айт немес пасха, наурыз немесе жаңа жыл мерекелерін туыстарымызбен өткізуге тырысамыз» дейді біздің кейіпкеріміз.      
Александр Валентинович өзінің күнделікті қарбаласқа толы жұмыс барысында әртүрлі өнер адамдарымен кездесіп жатады. Сондай сәттерді еске алған ол: «Мен уақытқа бас иемін. Қандай іс істесем де, уақыт жетпей жатады. Өзімнің сүйікті ісіме барынша көңіл бөлгім келеді. Тіпті, қанша еңбектенсем де, шаршағанды сезбеймін, өйткені, менің жанымда өзімнің  ұйымшыл ұжымым болады. Жергілікті мәдениет үйіне көп бүлдіршіндер келеді. Бізде  би ұжымдары, вокальды топтар, балалар хорлары, эстрада және халық әнінің орындаушылары бар» деп толғана сөйлейді.
Демеушілердің көмегі арқасында мәдениет үйіне жаңа музыкалық және жарық беру қондырғылар сатып алынған. Алдағы уақытта «Партияның 50 тұлғасы» жобасының қатысушысы Александр Агафонов ауыл тұрғындары үшін шағын кинотеатрды ашуды мақсат етеді. Бұл қызығы да көп, қиындығы да жоқ емес өмір өткелінде қол жеткенге  тоқмейілсуге болмайды. Уақыт ырғағымен алға басып, өскелең ұрпақты қолдап, оларға дұрыс бағдар көрсетіп, өз туған Отанын сүюге тәрбиелеу керек деген ұлағатты сөзді де айтып қалды ол.
Елін, жерін сүйетін адамдар осындай болуы керек шығар. Біздің арамызда Александр Агафонов сияқты өмірге құштар адамдар өте көп. Өмір де солардан тұратын болар.   
Б.ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар