Сәт сапар, қайырымдылық керуені!

 

Өткен жексенбі күні облыс орталығындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында жетім және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған жаңажылдық мереке-думан өткізілді.

 

Театр іші сыңғырлай күлген, қуана дабырласқан балалардың шат-шадыман үніне толы. Осы бір адамгершілікке негізделген, ізетті ізгілікпен көркейген әдемі шараны өткізу туралы әуел баста театрдың шығармашылық ұжымы бастама көтерген екен. Кейбір көңілдердегі қырау қатқан қабақты жібітіп, жүректің әлдебір нәзік талшықтарын тербететін бастаманы басшылар да құп алған.
–Жаңа жылды әр бала ерекше тосатындығы ежелден белгілі,–дейді Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының директоры Марал Жақыпова,–шығармашылық ұжымның ниеті қуантарлық. Өйткені, бұл ең алдымен өнер адамдарының бойындағы мейірімділік пен қайырымдылықты аңғартады. Жетім және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары жаңажылдық мәдени шараға қатысып, сыйлыққа ие болса, жандары жадырап, бір жасап қалмай ма? Кім білсін, күні ертең өздері де азамат болып ер жеткенде өзгелерге қамқорлық танытар. Алдын ала межеленген жоспар бойынша Сандықтаудағы балалар үйінің тәрбиеленушілері де қатысуы керек еді. Бірақ, жолдың жайсыздығынан жете алмады.
Шараны ұйымдастырушылар тарту-таралғыларын алып, өздері бармақ. Бүгінгі шараға 60 бала қатысып отыр. Театр кәсіподақ ұйымының қаражатына тәтті-дәмді сыйлықтар алып, Аяз ата өнер көрсеткен балаларға беріп жатыр. Балалардың қуанышында шек жоқ. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, бір жасап қалды.
Мерекелік шара ең алдымен Э.Гофманның «Щелкунчик» деп аталатын шығармасының желісі бойынша дайындалған ертегісімен басталды. Өміршең шығарма. Сонау 1892 жылы алғаш рет Санкт-Петербургтің театрында қойылған. Содан бері санталай театр сахнасында балаларға қуаныш сыйлап келеді. Жақсылық пен жамандықтың, қамқор көңіл мен іштарлықтың айқасы. Қойылым барысында театр актерлерінің залдағы кішкентай көрермендермен байланысқа түсуі, әртүрлі қызғылықты сұрақтар қоюы ұтымды шықты. Бала көңілге бір табан жақын, балауса танымды өзіне баурай түсетін мазмұны терең, мағынасы мол шығарма. Әрқилы психологиялық тартыстар арқылы ширығып, мұнан соң не болар екен дегендей алға жетелей түседі. Көңілді тұсы да, жақсылыққа қауіп төнер қатерлі сәті де, жас көрерменнің көңілін қобалжытар штрихтары да мол шығарма табысты өтті.
Ертегі аяқталысымен жаңажылдық шырша жанындағы думан басталды. Әлгі әзірде көрген ертегі кейіпкерлері балалардың арасында жүр. Думанды қалың топ ертегі әлеміне еніп кеткендей. Бал күлкілі балғын шақта сиқырлы ертегінің ішінде жүргендей. Өнерлі балалар да аз емес екен. Түгелге жуық тақпақ айтып, ән салды, би биледі. Театр ұжымы дайындаған жаңажылдық сыйлықтан құралақан қайтқан ешкім жоқ. Аяз атаның лепесі, іс-қимылы қамқорлыққа зәру баланың кекілінен сипап тұрғандай.
Қазақ драма театры көтерген бастаманы облыстық іскер әйелдер ассоциациясы мен саясаткер әйелдер клубының мүшелері де қолдап әкеткен. Бүгінгісі алғашқы беташары іспетті. Екі ұжым бірігіп, бір арнада тоғысқан ізгі ниетпен тамаша думан өткізді. Сөз арасында «Қайырымдылық керуені» деп аталатын осы акция жаңа жылдан соң облыс аудандарын араламақ. Аудандардағы қамқорлыққа зәру балаларға ертегідегі қарлығаштың қанатына су құйып, өрт сөндіргені тәрізді нәзік болса да өрелі, аз болса да көптей көретін жанашырлық шарасын өткізбек. Ал, жанашырлыққа зәру бала аз ба?
–Ең алдымен аудандардағы бөлімшелеріміз арқылы шалғайдағы шағын елді мекендердің балалары не нәрсеге зәру екендігін біліп алуымыз керек. Киім-кешек, спорттық жабдықтар және басқалары. Бәлкім, жалқыдан гөрі жалпы көбірек пайдаланатын жабдықтар әперетін болармыз,–дейді Ақмола облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина, – қайырымдылық керуеніне Ақмола облысы бойынша саясаткер әйелдер клубының төрайымы Елена Мащинская бастаған бір топ қайырымды жандар қатыспақ.
Алғашқы шара табысты өтті. Табысы – жыл мерекесін асыға тосқан қамкөңіл балалардың бір жадырап, шынайы қуануы.     

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар