Қажыр-қайратпен алынған асулар

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров:

Әр жыл соңында облыстың экономика саласындағы даму қорытындысын безбендеп, бағамдау, жыл ішінде әр салада қисапсыз қажыр-қайратты жұмсап, ерік-жігерді жұмылдырудың арқасында атқарылған алуан істі сараптау өте маңызды. Өйткені, ол әр саладағы соны жетістікке, толымды табысқа айқын баға беріп, олқы түсіп жатқан жерлеріміздің себеп-салдарын анықтап, болашақты бағамдау үшін қажет.

 

–Құрметті Бауыржан Бағдатұлы, алдымен өткен жылдың қорытындысын шығара отырып, өңірдегі әр саладағы табысымыз бен шыққан биігіміз туралы айтып өтсеңіз?
–Алдымен, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын биылғы Жолдауы туралы айтқаным жөн болар. Ел ішіндегі ілкімді іс, соны серпіліс осы Жолдаудан бастау алады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі нығайтатын тетіктер Жолдауда басымдық берілген бағыттар бойынша көрініс таппақ.    
Ал, өткен жылғы экономиканың әрқилы саласындағы қол жеткен табыс туралы айтатұғын болсақ, өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 106,8 пайызға өсті. Бұл шын мәнінде ауыз толтырып айтуға әбден лайықты табыс деуге болады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, республика бойынша екінші орындамыз.  
Экономикалық даму көрсеткіштері туралы газет оқырмандарына баяндаған кезде амалсыздан цифр тіліне жүгінуге тура келеді. Онсыз экономиканың қаншалықты өскендігін немесе кемшін тұстарын көз алдыңызға елестете алмас едіңіз. Өткен бес жыл ішінде облыста өнеркәсіп өнімдерін өңдеу саласы 1,5 есеге өсті. Оның ішінде химия өнеркәсібі – 3,1, құрылыс индустриясы – 1,5, машина құрылысы – 1,2 және металлургия саласы – 1,7 есе өскен. Бұл дегеніңіз, осы салалардағы істің көзін тапқан білгірлікті, ойға алған жоспарды жүзеге асыру бағытында жұмсалған қажыр-қайратты білдіреді.
Жалпы, еліміз бойынша жүзеге асып жатқан табысты шаруаға, түпкі нәтижеге қосып отырған облысымыздың үлесі аз емес. Атап айтатын болсақ, бізде подшипник 100 пайыз, жүк автокөліктерін құрастыру 40 пайыз, алтын 22 пайыз, құрылыс кірпіші 20,5 пайыз және 10 пайыз ұн өндіріледі. Өткен бес жыл ішінде аса ірі индустриалды нысандар құрылып, қатарға қосылды. Олардың арасынан «Алтынтау Көкшетау», «Алғашқы жел электр станциясы», «Енки», «Регион Строй», «Қазгер құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Казатомпром», «Арыстан» ұжымдарын айта кетуге болады. Индустрияландыру картасының жобалары қомақты үлес қосуда. Өнеркәсіп өнімдерін өндірудің жалпы үлес салмағының 29 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал, өңдеу өнеркәсібіндегі үлес 38 пайызды құрайды. Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде бүгінгі күні 60 инвестициялық жоба жүзеге асырылса, оның 17 кәсіпорны өз өнімдерін экспортқа шығаруды межелеп отыр. 25 жоба бойынша жоғары сапалы өнімдер шығарылуда. Ең маңыздысы жаңадан алты мың жұмыс орны ашылды.
Облыста қазіргі күні шағын және орта бизнес саласында 50 мыңнан астам нысандар жұмыс істеуде. Бұл еңбекке жарамды халықтың 30 пайызын құрайды деген сөз.
–Енді бір ауық ауыл шаруашылығы туралы сөз сабақтасаңыз?
–Ауыл шаруашылығы өнімдерінің елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпалы мол екендігі түсінікті. Өткен жылғы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған ұшан-теңіз жұмыстың қорытындысын жинақтап айтатұғын болсақ, нақты көлем көрсеткіші 101,7 пайызды құрады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, табиғаттың әртүрлі сынақтарына қажыр-қайраттарын қарсы қойып, төтеп берген, еңбек майданында айтарлықтай жеңіске жеткен облыс диқандары 4,6 миллион тонна астық жинады. Астық алқаптарындағы гектар берекесі 11,2 центнерден айналды. Сондай-ақ, мал шаруашылығында да көрсеткіштері көз қуантып, көңіл тоғайтатын толымды мысалдар аз емес. Соңғы жылдары мал басы көбейіп келеді. Ет өнімдерін өндіру – 9,2, сүт – 3,1, жұмыртқа – 33,3 пайызға өсті. Өнім түрлерінің молаюы Астана қаласы маңындағы азық-түлік белдеуінің берекесін арттыра түсті. Өткен 11 ай ішінде Астанадағы сауда сөрелеріне жеткізілетін ет өнімдерінің көлемі – 14,4, сүт – 30, жұмыртқа – 6,4 пайызға өсті. Алдағы жылы Астана тұрғындарын сүт өнімдерімен қамтамасыз ету көлемін – 48, ет өнімдерін – 52 пайызға көбейту межеленіп отыр. Ал, ұн, жұмыртқа және картоппен жүз пайыз қамтамасыз етілмекші.
–Ал, өзге салалар бойынша қандай жетістіктер бар?
– Басқа салаларда да бірқатар табыстың бар екендігі айдан анық. Айталық, құрылыс саласындағы қарқын атап айтарлықтай жақсы. Бұл орайдағы жоспар 111,1 пайызға орындалды. 235,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл дегеніңіз өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 36,5 пайызға көп деген сөз.
Білім беру саласында – 17, денсаулық сақтау саласында – 14 жоба жүзеге асырылуда. Жаңадан 11,5 мың жұмыс орындары ашылды. Оның 5,9 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Орташа еңбекақы 5,4 пайызға өсті.
Қол жеткізген табыстарды сараптай отырып, аймақтың алдағы жылы даму барысын біршама дәл межелеуге болады. Елбасының Жолдауында айтылғанындай дағдарысқа қарсы бес бағытта қарқынды, тыңғылықты жұмыс істеуді межелей отырып, бюджет саясатын сауатты қалыптастырудамыз.  
Облыста бюджет шығындарын барынша азайту арқылы жылу беру маусымына тиянақты дайындалуға мүмкіндік туғызылды. Әлеуметтік саладағы басым бағыттар мен тұрғын үй мәселесін шешуде оң сипат молаюда.
–Енді бірер ауыз сөзбен жаңа жылда межеленіп отырған асқаралы міндет биігі жайлы ой толғап көрсек?
–Алдағы жылы металлургия, химия өндірісі, машина құрылысы және басқа да салалардағы өнім көрсеткішін молайту межеленіп отыр. Мал шаруашылығы саласында асыл тұқымды мал басын көбейту, мал бордақылау алаңдарындағы жүктемені арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыру мәселелері тұр. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру облыс экономикасын нығайта түсетіндігі сөзсіз.
Сөзімнің соңында облысымыздың барлық тұрғындарын жаңа Жолдаудағы қойылып отырған міндет үдесінен шығып, берекеміз бен бірлігімізді нығайту жолында еселі еңбек етуге шақырамын. Әрқайсымыздың нақты іс-қимылымыздың нәтижесінде ортақ байлық еселене түсетіндігі даусыз. Жаңа жылда жаңаша жұмыс істеп, ел мерейін тасыта беруге жазсын.  
–Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
арнаулы тілшіміз  Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *